Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шаңырақ шырақшысы - АРҚА АЖАРЫ

Шаңырақ шырақшысы

Бұл кісінің есімі көпке танымал еді. Мәселе Ғазиза Мәткенқызының әйгілі Балуан Шолақ Нұрмағамбет Баймырзаұлының кіші келіні болғандығында ғана емес. Ғазиза анамыздың халық мәдениетінің өркеш төбесіндей ерен тұлғаға есті келін бола білгендігінде десек, жан дүниесі мен табиғи болмыс келісімі барынша айқындала түседі.

Бурабай аймағындағы Кіндікқарағай ауылының молдасы Мәткен-Иман-Мұхаммедтің қызы Ғазиза 1920 жылы туған. Ал, 1919 жылы Балуан Шолақтың қайтыс болғаны белгілі. Дүйім жұрт Балуан әнімен, келісті сәнімен, халықтық жанымен тербелетін. Кеңқолтық Бурабай, Қотырдың көлі, Тастыөзек, Бұланды, Көкшетау, Қызылжар өңірін дүбірлетіп жүретін серінің Кіндікқарағайға да ат басын бұрып, Мәткен шаңырағының шаттығын тасытқаны бар. Осыдан да болар, арқалы ақын алдағы күндергі әулет өрісін кеңейтуді осы шаңырақтан өрбітуді жөн көрген сияқты.

Тағдырдың жазуы десеңші, Ұлы Отан соғысының орта шенінде серінің кенже ұлы Құдайбергенмен көңіл жарастырып, батыр әулетінің болашағын тербету нәсіп етіпті Ғазиза қызға. Жұпыны ғана үйді Балуан Шолақ рухының қуатты лебі көтеріп тұрғандай. Мәткен молданың ерке қызы ғаламат сілкініс үстінде еді. Бала күнінен Арқаны былай қойып, жалпақ қазақ әуметіне молынан тараған ақын тәлімімен тәрбиеленген Ғазиза өз мойнына түскен беймәлім де бал шырын салмақтың жүгін жүрегі шымырлай сезінген.

Ауыр жылдар еді. Соғыс зардаптары. Ел еңсесін тіктей қоймаған. Ғазиза келін Құдайбергенінің етегінен ұстап талай жердің дәмін татты, кәсіп талғамай тер төкті. Қой бақты, сиыр қайырды, кірпіш құйып үй салды, қара жұмыстың талғам танымас бәрін көрді. Қалың қауымның аузына ілігіп, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. «Әкесінің аузынан түсіп қалғандай» жарымен 36 жыл әй-шәйсіз күн кешіп, 14 құрсақ көтерді. Ел-жұртқа есігі ашық, ағайын-туысқа сыйлы, дастарханы жиылмауышы еді дейді бүгінгілер. Үйдің де, түздің де тіршілігін тең ұстады дегеніңіз осы болса керек…

Бұланды төріндегі орман қойнауындағы Тастыөзектегі Шолақовтардың үлкен шаңырағы Балуан бабамыздың дерек қоймасы деуге келетіндей. Арынды ақын, сырлы серінің «Желдірме», «Аңшылық-айырық», «Көкшетау», «Кенже қоңыр», «Қос алқа», «Балуан Шолақ», «Ғалия», тағы басқа әндерінің көшірмелері мен пластинка табақшалары, сондай-ақ, құнды жәдігерлері ұқыптап сақталған. Танымал музыка зерттеушісі А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән мен күйі» атты қолға түспес кітаптары құрмет тұғырында тұр.

– Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы, әрі насихатшысы. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстап, кейін өзі де ән шығарғанын білесіздер, – дейді бізбен әңгімесінде Ғазиза Шолақ келіні. Атамыз он сегіз баланың анасы, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде қайтыс болған Қаныкей анамызды қатты сыйлаған екен. Мынаны да атай кетейін: Балуан Шолақ қасына ағайындарын ертіп, 1914 жылы жаз шыға Ұлы жүзге саяхатқа аттанады. Арғы атасының сол жақтан келген шежіре-соқпағын қуалап, ол Шу өзені бойына, Алатауға сапар шегеді. Бұл жылы біздің үйдің отағасы Құдайберген 12-де екен.

Алаштың ардақты ұлының нақты жамбасы тиген жер Қызыл кордон ауылы. 1999 жылы осы жерге балуанның немересі Шайдолда Шолақов атасына бағыштап ас беріп, азаматтармен бірге басын қарайтыпты.

Ауыл-аймақтың той-думаны, дұға-жоралғылары Ғазиза әжейсіз өтпейтін. Жады мықты әзиз ананың алдынан танымал ғалым, тарихшылардың, өнертанушылардың, ақын-жазушылардың көңіл тоғайтып шыққанын талай көргенбіз. Ел анасы, әсіресе, республикалық «Ұлы Дала» қозғалысы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нәбиевті қатты құрметтейтін. Риза көңілдің бір бұрмасы, Ғазиза әженің батасын алған белгілі кәсіпкердің қозғау салуымен Балуан Шолақтың Тастыөзектегі қорымында ескерткіш тастың қойылуында жатса керек. Сонда ғазиз ана тәубә сөзін айтып, тебірене сөйлеген.

Бұл игі бастама Көкше өңірінен тысқары жерлерде де қолдау тауып жатты. Көп ұзамай Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бөрібай Жексенбин бастап келіп, баба бейітіне биіктігі 16 метрлік мемориалдық ескерткіш орнатылғанда Ғазиза анамыздың бойына қанат бітіп, зыр жүгіре қызмет еткенін көргенбіз. Сол тойда еліміздің ардақты азаматтары Өмірбек Байгелди, Оралбай Әбдікәрімов, Ақселеу Сейдімбеков, Арғынбай Бекбосынның тебіреністі тәлім сөздеріне құлақ қандырғанбыз.

Жақсы істің жалғасын тапқанына сүйсіндік. Астана-Бурабай бағытындағы еліміздегі тұңғыш заманалық автобан бойында Көкшенің әйгілі ақын серілерімен бірге Балуан Шолақтың да көз тартарлық еңселі ескерткіші орнатылғаны көңіл өсіреді. Көп ұзамай, дәл осындай, дәлірегі 20 метрлік ескерткіш кешен Жамбыл облысының Шу қаласында да бой көтерді. Салтанатқа Ғазиза анамыз арнайы қатысып, Балуан бабамыздың ата мекенінен мерекелік медаль тағып қайтты.

Мұндай кісі әсте қара жаяу болмайды. Оның әкесі Мәткен оқыған-тоқығаны мол ірі молда, кең жауырынды балуан болғанын жерлес жазушы Естай Мырзахметовтің кітаптарынан білеміз. Ғазизаның анасы Ұмсынай 17 бала тәрбиелеп өсірген ғазиз жан еді. Ғазиза ананың біз көрген інілерінен Құрбан колхозда есепші, Ғани отыз жылдай мектеп директоры, Қадыр Жезқазғанның Қарсақпай зауытында директор қызметін атқарды. Сіңлілері Нәсипа мен Қазина Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздіктері. Бұл да дүние тұтқасынан тәлім тарқатар ойға жетелейді.

– Әкеміз қайтыс болғанда Манат, Әйбат, Хайролла, мен ес біліп қалғанбыз. Ал, Асыл, Хамидолла, Есенбай әлі кішкентай еді, – дейді бізбен әңгімесінде Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының бұрынғы әкімі Шайдолла Шолақов. – Анамыз үкіметтің берген 4 рубль жәрдемақысымен бәрімізді балағат жасына жеткізді. Ол кісінің болашағымызды ойлаған қажырлылығының арқасында мен Алматы физкультура институтын, Асыл Қарағанды кооперативтік институтын, Есенбай Целиноград машина жасау техникумының күндізгі бөлімінде білім алдық. Әйбатымыз қажы, қазіргі Кенесары ауылында коттедж үй сатып алып, өз балаларымен бірге жетімдер үйінің алты баласын асырап отыр. Бұл апамыз туралы «Қазақстан әйелдері» журналы көлемді мақала жазып, есімі «Қазақ күнтізбесіне» енгізілгені бар. Бәріміз ел қатарлы жұмыс істеп, анамызды қуантқандаймыз. Ол кісінің 24 немересі, 38 шөбересі бар. Бұлар да айтулы азаматтар санатында.

Әттең… Осының бәрін өткен шақпен айтуға мәжбүрміз. Ғазиза Мәткенқызы Шолақ келіні 2013 жылдың 3 желтоқсанында 93 жасқа қараған шағында дүние салды. Сол кездегі Бұланды ауданының әкімі, қазіргі күні Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Ермек Нұғымановпен бірге дұға батамызды жасадық.

Мәңгілік ғұмыр ұғымының мағынасы терең. Пәниге келген пенденің діт қойған тірек-тілегі де осыған сай болуында. Ендеше, ел анасының тәлім тіршілігін халық ғақлиясынан бөле жара қарау мүмкін емес. Алаштың ардақты Балуан Шолағы шаңырағының шырақшысы бола білген Ғазиза анамыздың мағыналы ғұмыры жалғаса береді.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
ҚР мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар