Балалар демалысы
Өткен аптада зерлі Зеренді төріндегі «Парус» демалыс аймағы базасында жаңа спорттық кешеннің есігі айқара ашылды. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жәркешов, Парламент Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, Қорғаныс және Денсаулық сақтау вице министрлері келіп арнайы қатысты.
Лента қию рәсімінен соң жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы ведомствалар, сондай-ақ, мемлекеттік және жекеменшік сауықтыру орталықтарының басшылары дөңгелек үстел басында бас қосып, балалар туризмінің айналасындағы қордаланған мәселелерді талқылады.
Сонау кеңес заманында пайдалануға берілген «Парус» демалыс аймағы 70 жылдан астам уақыт бойы балалар мен жасөспірімдер демалысын ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда демалыс орны балаларды сауықтыру ісіне баса назар аударған. Осы мақсатты толыққанды жүзеге асыру үшін лагерь базасында спорттық кешен ашу жоспарланыпты. Заманауи үлгімен жабдықталған кешеннің салынуына бюджет қаражатынан тыс жергілікті кәсіпкерлердің қолдауы зор ықпалын тигізген.
Кешен үш қабаттан тұрады. Алғашқы қабатында сауықтыру бассейні, екінші қабатта тамақтану және банкет залдары орналасқан. Ал, үшінші қабатында үстел теннисі, баскетбол, волейбол ойнайтын спорт залы орын теуіпті. Бір ерекшелігі сол, спорт залының едені толықтай сапалы ағаштан қиылып салынған екен. Ол ойын алаңындағы шуды мейлінше төмендетуге әсер ететін көрінеді. Кешеннің ішкі толық көрінісін шара қатысушыларына балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы республикалық қауымдастығының төрағасы, белгілі кәсіпкер Қайрат Сұлтанов таныстырып өтті.
– Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту бүгінгі таңда еліміз үшін аса маңызды салалардың бірі. Сондықтан, біз осы қосымша спорт кешенін ашуды көптен жоспарлаған едік. Жаңа нысан еліміздің жас ұрпағының салауатты өмір салтын ұстануына ықпалын тигізеді деген сеніміміз мол, – деп атап өтті Қайрат Абайдоллаұлы.
Кешенді толықтай аралап көрген министрлік өкілдері оның жұмысына сәттілік тілеп, нысанға жоғары бағасын берді.
– Зеренді ауданы ежелден тарихи-мәдени нысандарға бай аймақ. Бұл ашылған жаңа кешен де осы қатарды толықтырып отыр. «Парустың» мағынасы «Желкен» болатын болса, «Желкенің биікте болсын, Парус!» дегім келеді. Осы жерде ұйымдастырылған балалардың демалысы олардың өмір бойы есінде қалатындай сәтті естеліктерге толы болсын деп тілейміз, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Асқар Биахметов спорт нысанының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Ал, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-патриоттық орталық бастығының орынбасары, әскери тарих музейінің бастығы Дәулет Қадыров алдағы уақытта «Парус» балалар демалыс аймағы базасында әскери-техникалық павильон ашу жоспарланғанын атап өтті. Демалыс аймағына Жеңістің 80 жылдығына орай, орталық әскери-техникалар, атап айтқанда, ауыр және жеңіл әскери көліктер, ұшақ, танк пен зеңбіректерді жеткізіп бермек. Ондағы мақсат Қарулы Күштердің имиджін арттырып, балаларға әскери-патриоттық тәрбие беріп, жастарды әскери қызметке тарту. Сонымен қатар, жасөспірімдерге болашақта Отан алдындағы борышын өтеудің маңыздылығын түсіндіру және қызықтыру болып отыр.
Ақмола өңірі – балалар туризмін дамытуға аса қолайлы өңір. Бұл биік мінберлерден талай мәрте айтылып, Президент Жолдауларында да ұдайы көтерілетінін атап өткен жөн. Дегенмен, аймақта балалар туризмі саласында түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткілді мәселелер де аз емес. Туризмнің алға басқан қадамын кері шегіндіретін қордаланған жайлар дөңгелек үстел басында мүдделі тараптармен қызу талқыға түсті.
Әсіресе, бұл салада балалар демалыс лагерьлерінің тынысын тарылтып отырған өткір жайлар жетерлік. Ресми статистикалық деректерге жүгінсек, 1992 жылы елімізде 470-тен астам лагерь бар болса, өткен жылы 185 лагерь ғана қалған. Ал, Көкше өңірінде орналасқан 64 лагерьден қазіргі күнге тек 16-сы ғана аман жеткен. Оның ішінде мемлекеттік меншікте тек тоғызы ғана жұмыс істейтін болып шықты. Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы республикалық қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов бизнестің бұл саладан кетіп, елімізде балаларды демалыспен қамтамасыз етудің шатқаяқтап жатқанына өз қынжылысын білдірді. Сондай-ақ, осы жағдайға жеткізген бірнеше маңызды нақты себептерді атады.
–Біріншіден, қазіргі таңда заңсыз түрде маусымдық жабайы лагерьлермен айналысатындар көп. Бұл тексерістер жүргізу барысында анықталып жатыр. Сондықтан, комиссиялы түрде бірыңғай лицензиялауға аса қатты назар аудару қажет. Екіншіден, заңнамалық тұрғыда да реттеуді қажет ететін бизнесті бұл саладан үркітетін өзекті мәселелер бар. Мемлекеттік лагерьлер сияқты, балалар демалысын ұйымдастыратын кәсіпкерлерге де қосымша құн салығын төлетіп қойған. Ол қалалы жерлерде жеті пайыз болса, ауылдық аймақтарда он пайызға дейін жетеді. Қойылатын талаптар аса күрделі әрі үлкен. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 38-бабына өзгерістер енгізу қажет. Тағы бір атап өтер жайт, демалыс лагерьлеріндегі ас мәзірі. Заңға сәйкес елімізде бәріне тамақ мәзіріне бірдей стандарт бекітілген. Бұл аса қолайсыз. Өйткені, мәселен Тараз, Шымкент, Алматы, Қызылорда сияқты оңтүстік аймақтарда көбінесе көкөніс, жеміс-жидек сияқты тағамдарды қолданса, солтүстік және шығыс аймақтағы өңірлерге табиғаттың суықтығына байланысты рационда ет тағамдарын көбірек пайдаланған жөн, – дейді Қайрат Сұлтанов.
Осы ретте Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірдегі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезіндегі бірқатар заңсыздықтарды атап өтті.
– Өткен жылы аймақта балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру маусымы кезінде тамақтан уланудың 20 жағдайы тіркелді. Одан өзге де санитарлық тексеріс жүргізуге кедергісін тигізетін жайттар көп. Атап айтқанда, былтырғы жылы Павлодар облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің демалысын ұйымдастырған мекемелердің бірінің жергілікті құзырлы органдардан арнайы рұқсаты болмаған. Соған қарамастан, олар өңірге балаларды жинап, автобуспен шыққан. Сөйтіп, осы аймақтағы демалыс мекемелерінің бірімен келісім-шарт жасасқан. Осы заңсыздықты болдырмау мақсатында біз көп кедергіге ұшырадық. Олар «Сіздер балаларды демалдырудың орнына әуре-сарсаңға салып қойдыңыздар» деп кінә артты. Бұл сол мезетте ведомствоның және жергілікті атқарушы биліктің бас ауыртатын мәселесіне айналып үлгерді. Сол сияқты, әсіресе, жаз айларында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын толып жатқан маусымдық ұйымдар тарапынан мәселелер көптеп шыға бастайды. Республиканың әр аймағында жұмыс істейтін осындай ұжымдардың жұмысын санитарлық қызмет қадағалай алмай қалады. Өйткені, кейбір критерийлерге байланысты ведомство олардың ішкі шаруасына араласа алмайды. Сол себепті осыған байланысты Заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр, – деді департамент басшысы дөңгелек үстелдегі сөйлеген сөзінде.
Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская аталған мәселені саралай келе, негізінен баласын жазғы демалысқа жіберуді ата-ананың өзі қадағалауға, сол ұйымның жұмысын тексеріп, тиісті құжаттарды талап етуге мүдделі екенін жеткізді. Бұл мәселені де өзіне түртіп алып, Заңға өзгеріс қажет екенін өз бақылауына алатынын мәлімдеді.
Қауымдастық төрағасы Қайрат Сұлтанов сонымен қатар, елде балалардың денсаулығын қадағалаудың да жиі назардан тыс қалып жататынын жеткізді.
–Мәселен, көршілес Ресейде балалар арасында жүргізілген скрининг 38 пайыз баланың қант диабеті дертіне шалдыққанын анықтаған. Ал, мұндай деректер бізде мүлде белгісіз. Лагерьлерге денсаулығында еш кінәраты жоқ, сап-сау деген анықтамамен әкелгенімен, іс жүзінде балалардың ата-аналар жасырып айтпаған аурулары анықталып жатады. Бұл да аса өзекті мәселеге айналып отыр, – деп толықтырды ол өз сөзін.
Бұл айтылған өзекті жайларды мұқият тыңдаған Юлия Кучинская заңға өзгерістер енгізу мәселесін өз бақылауына алатынын атап өтіп, Парламент қабырғасында көтеруге уәдесін берді.
–Расында да, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 38- бабында қазіргі таңда қолданылып жүрген киіз үйлер, замануи жабдықтар сияқты аса маңызды жайлар жоқ екен. Сондықтан, заңды қайта қарастыруды өзімнің бақылауыма аламын. Сіздердің пікірлеріңіз аса маңызды. Ортақ түйткілді мәселені шешуде осылай белсенді болғандарыңыз жөн, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Туризм және спорт вице-министрі де жоғарыда аталған мәселелерді толықтай қолдайтынын атап көрсетті.
P.S. Балалар туризмі – мектеп оқушыларын, жасөспірімдерді салауатты өмір салтына, туған өлкені танып-білуге, олардың дене тәрбиесі мен денсаулығын жақсартуға бағытталуға тиіс. Жыл сайын көркімен көз тартар көрікті Көкшені аңсап, республикамыздың әр аймағынан жас демалушылар ағылып жатады. Олардың жазғы демалысын сапалы Һәм талапқа сай ұйымдастыру сала басшылары мен өкілдерінің алдында тұрған зор жауапкершілікті іс. Жоғарыда айтылған қордаланған мәселелер де алдағы уақытта тиісті құзырлы органдардың назарында болады деген үміттеміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.