Осы аптада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жұмыс сапарымен барып, Шағалалы ауылындағы өзен арнасын тереңдету жұмыстарымен танысты. Содан соң осы елді мекендегі жоғары агротехникалық колледжін аралап көріп, оқытушылармен және студенттермен әңгімелесті.
Облыс әкімі сапар алдында «Smart Agmola» ғимаратындағы «KOKSHE» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кеңсесінде жиналыс өткізді. Әкім аппараты мен басқарма басшылары сондай-ақ, мекеме жетекшілері бас қосқан жиынның бір бағыты – ауыл шаруашылығы саласын дамыту әрі өркендету мәселелерін талқылау болды.
Облыс әкімі алдымен, әріптестеріне өзінің өкімімен жаңадан тағайындалған ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовты таныстырды.
–Өңірімізде ауыл шаруашылығына қатысты шешілмей келе жатқан біраз мәселелер бар. Сізді тәжірбиелі маман ретінде шақырып отырмыз. Алдағы жоспарлардың іске асуына және саладағы қиындықтарды шешуге ықпал етесіз деп сенеміз, – деді облыс әкімі таныстыру барысында.
Ақмола облысы Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуін жасауда жетекші рөл атқаратынын көпшілік қауым жақсы біледі. Сондықтан, осы сала мамандарын қолдау, кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру ешқашан өзектілігін жоймайтын мәселе болып отыр. Облыс әкімі әлі де болса аймақ өнімнің тиісті мөлшеріне жете алмай жатқанын тілге тиек етіп, осы саланы үйлестіруде салғырттық танытып отырған басшыларды сынға алды.
–Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолайлы аймақ. Біз соны пайдалануымыз керек. Ет-сүт, егіншілік өнімдерін өндіретін шаруашылықтардың жұмысын дұрыс үйлестіру – ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, бюджеттік жоспарлау басқармаларының және әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясының тікелей міндеті. Осы сала басшыларына бұл мәселені жіті бақылауына алып, аймақтардағы шаруашылықтармен бірлесіп, жұмыс істеуді қатаң түрде тапсырамын,-деді облыс әкімі.
Содан соң өңір басшысы корпорацияның өткен жылдағы жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлары бойынша басшылардың есебін тыңдап, сала мамандарына бірқатар міндеттер жүтеп, тапсырмалар берді.
–«KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірдегі бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар мен бастамаларды іске асырады. Әсіресе, тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша инвестициялық жобалар мен «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын, тұрғын үй қорын жаңғыртуда бұл корпорацияның ықпалы зор, – деп атап өтті өңір басшысы.
«KOKSHE» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы төрағасының орынбасары Еркебұлан Баяхметовтың айтуынша, қаржыландыру үш жоба бойынша жүргізіліп келеді. Мәселен, «Кең дала-2» жобасын іске асыру қуаты өткен жылы 11 миллиард теңгені құраған. Оның тек 514 миллион теңгесі ғана игеріліп, қалған қаражат бюджет қоржынына қайта қайтарылған. Биылғы жылы бұл мақсатқа 2,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ал, «Ауыл аманаты» жобасының 2023 жылғы өндірістік қуаты 1,2 милиард теңгеге жетіп, жыл бойы 92,2 миллион теңгенің игерілуі қамтамасыз етілген. Бөлінген қаржы игерілмегендіктен, бұл жобаға 2024 жылы 125 миллион теңге ғана бөлініпті.
Жоғарыдағы сандардан байқағанымыз, осы саланы дамытуға қаражат жеткілікті болғанымен, оны үйлестіру жұмыстары ақсап жатыр. Облыс әкімінің сала басшыларына қарата айтқан сын-ескертпелері де осыны дәлелдей түседі.
Негізгі көрсеткіштер бойынша есептерді тыңдай отырып, Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау ретінде жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар алған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімділік пен сапа бойынша жоғары нәтижелер көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Ол тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін аудан әкімдіктерінің аграршылармен және «KOKSHE» ӘКК-імен, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін ескертті.
Содан соң, Еркебұлан Баяхметов өз кезегінде ағымдағы жылдың қыс-көктем уағында аймақты көкөніспен және жеміс-жидекпен жеткілікті қамтамасыз ету жұмыстарын баяндады. Оның сөзінше, өткен жылы аймақтық тұрақтандыру қорына 474,9 миллион теңгеге 2486,0 тонна өнім сатып алынған. Төраға орынбасарының сөзінше, аймаққа жеткізілген 5704, 7 тонна өнім өңірдің қыс-көктем айларындағы сұранысын толығымен жаппақ.
Сонымен қатар, облыс әкіміне Көкшетаудағы тұрғын үй қорын жаңарту туралы жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ӘКК төрағасының орынбасары Әли Әлиев баяндады. Қазіргі уақытта қаладағы Уәлиханов – Гоголь, Саин – Быковский көшелерінің қиылысында орналасқан алты ескі үй сырылып, тағы екі көп қабатты үйдің іргетасы құйылып, құрылыс жұмысын бастап кетуге әзірлік жасалып жатыр.
–Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл бағдарламаны екі кезеңге бөліп, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жоспар бойынша Вернадский 11 мекенжайындағы апатты үй мәселесі ескеріліп отыр. Сонымен қатар, Абай мен Тәшенов және Әуезов-Пушкин көшелерінің қиылысындағы ескі үйлерді сыруға дайындық басталды. Бұл жерде барлығы 66 пәтер бар, қазір меншік иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Олар пәтерлерін бізге сатуға дайын, – деді Әли Әлиев жиын барысында.
Өткен жылғы алапат су тасқыны алдын ала әзірлік шараларына ерте бастан қамдану қажеттігін аңғартқан. Әсіресе, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда өзендер мен көлдердің арналарын тазарту және тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімі өткен жылдары біршама әбігерге салған Шағалалы өзені арнасындағы тереңдету және осы өзен арнасын тазарту жұмыстарының жай-күйін байқап көрді. Бұл аймақта Шағалалы өзенін көктемгі су тасқынына дайындау жұмысы қарқын алған. Өңір басшысы өзен арнасын тереңдетіп, су сақтайтын шұңқырлар қазумен шұғылданып жатқан мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, құрылыс алаңын өзі көріп қайтты. Бұл жұмысты өз мойнына алған «Qazaq Union» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік директоры Ұлан Қабдиннің айтуынша, қазір бірінші шұңқыр қазылып бітіп, екінші және үшінші шұңқырларды ұңғу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы шаруа наурыздың аяғына дейін аяқталуға тиіс.
–Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Жиырма техниканың күшімен күнделікті жоспарланған іс талапқа сай орындалуда. Бүгінде жұмыстың көбі аяқталып, азы қалды. Шұңқырлардың топырақ пен өсімдік қабаты алынды, – деді компания директоры облыс әкіміне берген жұмыс есебі кезінде.
Облыс әкімі өз кезегінде: «Шағалалы өзені облыс орталығына жақын орналасқан. Сондықтан, барлық жұмыстар сапалы және уақытында орындалуы тиіс», – дей келе, салынып жатқан бұл бөгеттердің су тасқынының алдын алуға зор ықпалы болатынын атап өтті.
Мердігер компания өкілдерімен кездесуден соң, облыс әкімі осы ауылда орналасқан жоғары агротехникалық колледжіне арнайы барып, оқу орнының бүгінгі жай-күйімен танысты. Президент бастамасымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып бекітілгенін барлығымыз білеміз. Аталмыш оқу орны жастарды оннан аса жұмысшы мамандықтарына оқытып шығарады. Мұнда студенттер агрономия, дәнекерлеу ісі, ауыл шаруашылығы механизмі, тамақтандыру ісін ұйымдастыру сияқты негізгі жұмысшы мамандықтары бойынша білім алады. 750-ге жуық болашақ маманды даярлап жатқан оқу орнында барлық жағдай жасалған. Колледж директоры Арман Оспановтың айтуынша, өткен жылы оқу орны жатақханасына 200 миллион теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткізіліпті.
Колледж қабырғасында білімін шыңдап жүрген Сергей Поломенко Айыртау ауданы Айыртау ауылында туған. Ол «ақылды үй» жобасы бойынша техникалық қауіпсіздіктер бағдарламасын жинақтаумен айналысып жатыр. Тәжірбиесін жетілдіріп, наурыз айында республикалық байқауға қатыспақшы. Облыс әкімі Сергейдің жобасына сәттілік тілеп, жатақханадағы жағдайын сұрады.
Жатақхана жылы, тұруға ыңғайлы. Тиісті жағдай жасалған. Оқуымды бітірген соң туған жеріме барып, өз мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырамын. Ауыл шаруашылығы саласына өз үлесімді қосу басты мақсатым, – дейді Сергей әкіммен әңгімелесу барысында.
Колледж оқытушысы Меруерт Елеусізова жұмысқа «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келіп, осы ауылда қызмет етіп жатқан жас маман. Аталған бағдарлама бойынша берілетін мамандарды көтермелеу ақысын алған Меруерт отбасылық жағдайға байланысты қаладан барып-келіп істейтінін айтады. Сабақ жүріп жатқан кабинетке кіргенімізде, студенттер зиянкестердің түрін нақтылап, оларды жоюға арналған қоспалар мен ерітінділердің құрамын талқылап жатты. Студенттердің жұмыстарына назар аударған өңір басшысы егістік алқаптарын мерзім сайын жаулап алып, егіншілерді әуре-сарсаңға салатын зиянкестермен күресудің маңыздылығын айта келіп, агротехникалық оқу орындарындағы Меруерт сияқты мамандарды қоғамдық кеңеске тартуды тапсырды.
Зиянкестер әр түрлі болады. Олар шет елдерден де жетіп жатады. Олардың әрқайсысының химиялық ерітінділерге төзімділігі де әртүрлі. Соны анықтап, күресу жолдарын нақтылау маңызды жұмыс, – дейді Меруерт Елеусізова сабақ өткізу барысында.
Оқу ғимаратының негізгі зертханаларын аралап көрген облыс әкімі ұжымның жұмысына оң бағасын беріп, колледж ұжымының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар өңір басшысы биылғы жылы жұмысшы мамандықтарын даярлайтын оқу орындарына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.