Игі бір шара
Жуырда Көкшетауда алғаш рет көп балалы аналарға арналған жаңа жылдық бал өтті. Жылылық пен мерекелік көңіл-күйге толы игі шарада шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, өзгелерге үлгі болып жүрген 80-ге жуық көп балалы ана бас қосты.
Бал көп балалы аналар үшін күнделікті күйбең тірлікте үзіліс жасап, осы кеште өздерін нағыз ханшайымдай сезіне алуларына мүмкіндік берді. Нәзік жандылар кешкі салтанатқа арналған әдемі көйлектерін киіп, қызыл кілеммен жүру құрметіне ие болды.
–Бүгін облысымызда, соның ішінде Көкшетау қаласында, көп балалы аналарға арналған керемет кеш болып жатыр. Бұл республика бойынша бізде ғана қолға алынған әдемі бастама деп айтуға болады. Алтын құрсақты көп балалы аналардың ұрпақ тәрбиесіне, еліміздің демографиялық саясатына сына қосып келе жатқан үлесі орасан. Сондықтан, оларға да бір сәт осындай әсерлі кеш ұйымдастырылуы қажет. Мен бұл аналарға зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін, – дейді көп балалы аналардың бірі Мира Ысқақова.
Көкшетау қаласындағы көп балалы аналарға арналған алғашқы жаңа жылдық бал алдағы уақытта дәстүрге айналса екен деген тілектерін білдірді жиналған көпшілік қауым.
Шара нәзік жандыларға еселі еңбектері, ұрпағына деген сүйіспеншілігі мен шыдамдылығы үшін құрмет көрсету мен алғыс білдіруге бағытталған. Ана атаулы қашан да құрметке лайық қой, соның ішінде көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлу қоғам парызы. Өйткені олар осы өнегесімен-ақ көпке үлгі.
– Қаламызда бірінші рет көп балалы аналарды жинап, жаңа жылдық бал ұйымдастырып жатырмыз. Жаңа жылдың алдында барлық аналар өзінің отбасына ерекше мереке сыйлауға тырысып, балаларына, жақындарына сыйлықтар жасайды, ал өздеріне соншалықтыкөңіл бөле бермейді. Сондықтан, біз осы шараны өткізуді қолға алдық. Енді осы шараныдәстүрге айналдырып, мұндай кешті келесі жылы басқа қалаларда да ұйымдастыратын боламыз. Осындай мерекеде көп балалы аналар бір серпіліп, өмірге деген қызығушылықтары артып, мықты күш-қуат алады, – дейді бізбен әңгімелескен облыстық «Әйелдер күші альянсының» төрайымы Анаргүл Мұхамедрахымова.
Мерекелік шараға шақырылған жергілікті әртістер аналар қауымына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, концерттік бағдарлама ұсынды. Бал соңында барлық қатысушы аналар естілік сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.