Шығыстан хат

Дәуір даусы

«Ассаламағалейкум, құрметті редакция!» деп өр Алтайдан келген осы бір хат елең еткізген еді. Менің аты-жөнім Кітапбаев Марат. Өскемен қаласында тұрамын,  мамандығым инженер, қазір зейнет демалысындамын. Марқұм әкеміз Бошай Кітапбаев (1923-2015) қырық жылдай совет өкіметі кезінде үлкен колхозды басқарған. Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғынан айырылған. Ерлігі үшін белорустар құрметтеп, «Почетный гражданин Витебской области – Витебск облысының құрметті азаматы» атағын берген.

Әкеміз көп оқыған, көпті көрген, таныстары, достары көп еді. Әуелбеков, Сағдиев, Салықов сияқты тұлғалар оны сыйлаушы еді. Зейнетке шыққан сон  «Тоғыз таңбалы Найман» шежіре, естеліктер, «Айта-айта Алтайды, Бошай ата да қартайды»  деген бірнеше  кітаптар жазып, басқызды.

Әкемнің көп қағаздарының ішінде мына бір екі материал көзіме түсті. Олар бұрын, өткен заманда жарияланған екен. Біреуі 1986 жылы «Жұлдыз» журналында, екіншісі берірек Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар»  газетінде 1992 жылы жарық көріпті.  Соны Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне жолдап отырмын» деген Марат Кітапбаевтың осы дүниелері біздің де аса қызығушылығымызды тудырды.

Осы арада өз оқырмандарымызға Бошай Кітапбаев кім болды деген сауал төңірегінде түсінік бере кеткенді жөн санадық.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Бошай ақсақал Кітапбаев көзінің тірісінде аңызға айналған адам болған-ды.   Білетіндер «бұл кісіні көне қазақтың ХХІ ғасырға үзілмей жеткен жұрнағы» деп текке айтпаған еді.  Өйткені, ақсақалдың бойындағы қайрат пен қажыр, шежірешілдігі,  сондай-ақ, ұлтымыздың дәстүрлі атбегілік өнерін кеңес заманында дамытып, қазақтың төл жылқысын бүгінгідей будандастырмай-ақ баптап, бәйгеге қосып, ағылшын һәм арабы жылқылардан оздыра білгендігі ерекше адам екендігін танытатын.

Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы» деген көлемді очеркінде Бошай Кітапбаевтың атбегілік өнері жайлы керемет баяндалатынын көзі қарақты оқырмандар жақсы білсе керек. Бұл кісі жайлы кезінде Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова сынды дүлдүл ақындар да қалам тербеген-ді.

Бізді бір қайран қалдырғаны, Бошай ақсақалдың, бір аяғын соғыста алдырып, сыңар аяқпен жүріп, қырық жылдай ел басқарып, кітапты жанына серік еткен зерделілігі осы күні де бізге өнеге болып қалса етті. 

«Жақында жұмыстан соң кеңседегі кабинетіме жиналған 7-8 маман жігіттерге «Даланы» оқып едім, барлығы ұйып тыңдап, артынан «мына кітапты қайдан алдыңыз, айтыңызшыға…» қалдым. Артынан сауын сиыр фермасына барып, өндірістік жиылыс артынан Кәкімбектің «Даласын» оқып көріп едім, сауыншы әйелдер «Оқи түсіңізші», – деп, әрқайсысының үйді-үйінде жайғайтын малы, өздерін тосқан үй-жандары барына қарамай, тарқамай отырысып алды. Кітаптың колхоздың алпыстан асқан жалғыз аяқты кәрі бастығын термеші, тақпақ, өлең оқығыш етуін қараңдаршы!» – деген Бошай ақсақалдың бұл неткен кемеңгерлігі деп таңқалдық.

Абыз ақсақалдың өнегелі өмірімен өрілген «Ақын және өмір»  атты жазбасымен «Арқа ажары» газетінің оқырмандарын таныстыруды жөн санап отырмыз. Оқыңыздар, сүйсінерлеріңіз хақ!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажары» газетінің бас редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

     ***                               

Ақын мен өмір

Бошай КІТАПБАЕВ,
Социалистік Еңбек Ері, Ленин атындағы колхоздың  председателі

 Кәкімбекті мен ғана оқыдым, мен ғана таныдым деуден мүлде аулақпын. Өзім қазақша кітап оқушылардың, қазақша өлең оқушыларының қатарындағы біреу ғанамын. Отыз жыл үздіксіз колхоз басқару, әмбе бір аяқ орнына протезбен шаршап жүріп, қызмет істеп жүріп институт бітіру, диссертация қорғау – әдеби, өлең кітап оқуға көп мұрса бермейтіні бар.

Бірақ, жұмысбастылық – кітапқа қол тигізбейді деуден аулақпын. Аулақ болғанда қандай, оның беті ары болсын! Үйдегі басты байлығымыз кітапханамыз. 2-3 күнде бір кітап оқымаған адам, жаңалық сезіне ме, рухани бай бола ма.

Пушкин бастаған орыс ақындарын, советтің, дүниежүзілік әдебиеттің классиктерін оқып, қанып сусындауға бір өмір аздық жасайтындай ма деп ойлаймын.

Абайды, «Абай жолын» өмір бойы оқып өту – хат таныған қазаққа парыз іс болып кетті емес пе?!

«Поэт в России больше чем поэт» дегенді Евгений Евтушенко қалай күшті айтқан! Қазақ та ақын сүйгіш, ақын жанды халықпыз.

Бүкіл Одақ сүйетін, ақындығына, парасатына дүние жүзі таңданатын, өлеңін орыс тілінде жазатын Олжасымыз да – мақтанышымыз.

Ғафумен доспын, туған інімдей көрем. «Алтай азаматтары» деген поэма жазды. Қалижанның, Сырбайдың, Хамиттың өлең кітаптарын жұмыстан шаршап келгенде үнемі оқып, тынығамын.

* * *

Кәкімбек өзінің бес бірдей өлең кітаптарымен қазақ оқырмандарын едәуір байытып тастады демекпін. «Жұлдыз» журналына жазып отырған осы хатымда соны айтпақпын.

Кәкімбектің туған жылын білмеймін. Соғыс біткен жылы 3 класс оқыса 11-12 жаста болса, сонда соғыс басталғанда 7-8 жасар балапан ғой. Аса зерек бала болмаса, әкесінен соғыс жылы 7-8 жасында қалған балалардың бірсыпырасы әкенің өңі-түсін есінде күңгірт қана сақтайды.

Кәкімбек бес кітаптың басынан аяғына дейін өз өмірін, өз тағдырын, өз анасын, өз әкесін, өз ауылын жыр етсе, бүкіл өлеңін оқыған қазақтың, баланың, ананың, даланың сай сүйегін сырқыратып тұр ғой. Кәкімбектің өлеңінде сұрапыл соғыстан жылаған баланың, ананың, жардың тағдыры бар.

Ғафу «Алтай азаматтары» поэмасында жыр еткен, менің туған ауылым «Жаңа үлгіден» қайтпаған 133 азаматқа арналып, Жеңістің 40 жылдығында қойылған ескерткіште қара өлеңмен жазылған бір ауыз жыр бар:

Жан қиған Отаны үшін қайран боздақ!

Даңқың, атың мәңгі есте – емес тозбақ.

Жылап жүріп ер жетті, балаң өсті,

Атаң-анаң, алған жарың өтті-ау боздап!

Науқастығынан, кемтарлығынан соғысқа бармағанын арман етіп өткен Сапақов Қасымхан деген ауылдың жақсы азаматы жазған зар. Ескерткіштің бас-аяғында Ғафудың біздің күн ілгері сұрауымызбен жазған арнайы шумақтары өз алдына тұр.

Кәкімбек қиындықта ержеткендердің тағдырын, боздағым деп боздап өткен ата мен ананың, арудың тағдырын жыр етеді. Дүниенің жүзін алпауыт жауыздан азат еткен Отанды, оның үлкен бөлшегі қазақ даласын, Қазақстанын мақтан етіп жырлайды. Коммунистік партияға, Ленинге деген сүйіспеншілік – Кәкімбектің бес кітабының да алтын арқауы «Маняша алған сабақтар» мектеп балалары үшін – қаншалық тәрбиелік құрал, сабақ! Маняша алған сабақтар балалардың бойына, ойына қалай сіңер еді!

Батырлар бар

Отан үшін от кешіп,

Әлгі күнге жазылмаған жарасы!

деп, Кәкімбек әкесінің көзі тірі майдандас достарын да ұмытпапты.

Айтатын дегенім: Кәкімбектің жыры, кітаптары жан тебірентерлік әдемі нәрсе. Осы бес кітаптағы пәлен мың жол өлеңнен, орынсыз тұрған бір сөз таппадым. Жалғыз-ақ «Дала» поэмасындағы:

Бірақ бар ғой сұлу қыздар, досым-ай,

Үйіріне кеткен мүлде қосылмай.

Жақын жандар алшақ өту аз емес,

Бірін бірі аңыз етіп осындай, – деген шумақ сұлу қыздар туралы болғандықтан, «үйіріне» деген сөзді әркім әр мағынада түсінуі мүмкін. Басқа сөзбен қисындау Кәкімбектей сөз зергеріне қиын емес.

Бес кітаптың авторы елін сүюді, жерін сүюді, Отанын сүюді үйретеді. Бұл тұрғыдан ақынның өмір үлгісінің, өлендерінің тәрбиелік мәні аса зор деп санаймын. Ел сағыну, жер сағыну деген Отан сүйгіштік, патриоттық сезім ғой. Осы қасиетті сезім ақынның 5 өлең кітабының басынан аяғына дейін қызыл жіп болып созылған арқауы екен. Осы сезім «Дала» поэмасында тіпті, дауылдап кетеді.

Жақында жұмыстан соң кейін, кеңседегі кабинетіме жиналған 7-8 маман жігіттерге «Даланы» оқып едім, барлығы ұйып тыңдап, артынан «мына кітапты қайдан алдыңыз, айтыңызшыға…» қалдым.

Артынан сауын сиыр фермасына барып, өндірістік жиылыс артынан Кәкімбектің «Даласын» оқып көріп едім, сауыншы әйелдер «Оқи түсіңізші», – деп, әрқайсысының үйді-үйінде жайғайтын малы, өздерін тосқан үй-жандары барына қарамай тарқамай отырысып алды. Кітаптың колхоздың алпыстан асқан жалғыз аяқты кәрі бастығын термеші, тақпақ, өлең оқығыш етуін қараңдаршы!

Жақында, жолым түсіп Катон-Қарағай ауданындағы орман шаруашылығына бардым. Аудан орталығынан 25 шақырым жерде Шыңғыстай орта мектебі бар. Туған ауылым Ғафу жырлаған «Жаңа үлгі» болғанда, білім алған, тәрбиеленген, ата мен ананың босаға, шаңырағынан қымбаттылығы кем емес, ұшқан ұям осы Шыңғыстайдағы орта мектеп еді.

Осы мектепке, оқушыларға, оқытушыларға қолымдағы плакатты апарып беру болды мақсатым. Плакатты Ұлы Отан соғысының тарихи беттерінен үзінді етіп, өткен жылдың апрель айында, Жеңістің 40 жылдық мерекесіне Шығыс Қазақстанның облыстық партия комитетінің қызметкерлері дайындаған, оның өзіндік тарихы бар. Плакат туралы сөзді аз кідірте тұрып, Шыңғыстай орта мектебі туралы бірер сөз айтуға тура келіп тұр.

Шыңғыстай орта мектебі қазақтың үлкен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атымен аталады. Мектеп келесі, 1987 жылы өзінің 80 жылдық мерекесін тойламақшы… Оған мектептің жан-жақта жүрген түлектері келеді, мен де қатысамын.

Осы өр Алтайдағы Қаратайдың болысы – Ережепов Әбдікәрім, заманының мықты, орысша тіл білген, сезімтал болысы, кезінде орыс мәдениетінің қазаққа пайдасын өзінше долбарлап, жерінің мықты қызыл қарағайынан ел күшін аямай жақсы мектеп салғызды. Оны «имени Ережепа» деп өз әкесінің атымен атайды да, 4 кластық, бір орысы жоқ қазақ болысының жерінде орыс мектебін ашады. Ол 1907 жылы еді. Бала оқытатын Семейден, Өскеменнен мұғалімдер жинайды… Осы мектепте 50 жылдан астам сабақ берген, соғыстан кейінгі жылдары Ленин орденімен наградталған Комаров Михаил Григорьевич деген ардақты мұғалімнен бәріміз де оқыдық. Орта мектепке келгенде орысша тілден ештеңе білмей келіп, ұстаздықты сол марқұмнан көрдік. Өзінің өсиеті бойынша сол ауылдың ортасында, қазақ ақсақалдарының ортасына жерленді.

Өлең сөзді өзі жек көрмеген, Абайдың балаларымен (Тұрағұлмен дос болыпты) таныстығы бар болыс Әбдікәрім Семей қаласында 1915 жылы Сұлтанмахмұтпен кездесіп, танысып, «Шыңғыстайға кел, мұғалім бол, Алтайдың сары бал қымызын іш, марқасының уыз етін жеп, ден саулығыңды түзет» – деп, ертіп келсе керек.

Ақын бір жыл бала оқытады, Әбдікәрімнің бой жетіп, атастырған жеріне ұзатылғалы отырған Бағила деген аса сұлу қызына құштарланады. Жеңгелерінен хат жазып:

Бір жауап бола ма деп Бағиладан

Жүрегім от боп күйіп, жалындаған, –

деп жауап күтеді. Демалыс күндері көктемде қызбен тоғайға барады. Оны қырағы, сезгіш әке сезеді де, жаз шыға, «Қосағаштағы» бай қайыны Бұқабайдың баласына қызын ұзатып жібереді. Ренжіген Сұлтанмахмұт өзінің бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын мінезімен Шыңғыстайдан кетіп, Алтайдың оңтүстігіндегі ағайындарға барып біраз емделіп, қызмет істеп тұрыпты. «Қамар сұлу» поэмасын жазуына ақынның осы Шыңғыстай мектебінде мұғалімдік қызмет етуі, Бағилаға аса құштар болуы, қолы жетпеуі себеп болды дегенді Сұлтанмахмұтты көрген үлкен адамдардан талай естідік.

А құдай, жасты жасқа пар қылғаның,

Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның,

Біреуге мал мен басты үйіп беріп,

Ақылсыз екі аяқты мал қылғаның.

Біреуге дария көлдей білім беріп,

Мінер ат, ішер асқа зар қылғаның, –

деген ащы шындықтардың ақын көкірегінен шығуына осы Шыңғыстайдағы орта мектебіміздің себебі болған.

Қазақстанның үлкен тіл ғалымы, академик Сәрсен Аманжолов марқұм да осы мектепте оқыған. Көрші Марқакөл ауданының Боран орта мектебінде 30 жылдан бері директор болып қызмет істеп жүрген, СССР Халық мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың «Дважды Маресьевы» Құмаш Нұрғалиев та осы мектептің оқушысы.

Қолымда шиыршықтаған плакатым бар, папкемде Кәкімбектің өлеңдері, түс ауа сол мектебіме келдім. Қол тигізіп келе алмай жүрген мектебім көзіме оттай басылды, соңғы 20-25 жылда әдейілеп келмеген ұятым тағы бар. Мектептің басшылары, мұғалімдері – бәрі мектептің өз түлектері. Ішінде менің майдандас жолдастарымның балалары бар, бәрі ағайын, бәрі туыс. Кейбірі: «Көптен келмеген бұл кісі неге келді?» дегендей көздеріне жас алғысы да келді.

Алтайдың шірімес қызыл қарағайынан темір дөңгелек шығырықтан өткізіп отырып, біркелкі сұптап, қақталған бөренеден салынған қос қоңыр үй әлі қалпында тұр. Тек шатыры тозған. Сексен жетінші жылдан бастап 464 орындық мектеп салынбақ жобасы бар екен. Мұғалімдер коллективі соған қуанады. Екі қоңыр үй ауданның, ауылдың, мектептің музейі ретінде сақталмақшы екен. Қуанарлық іс қой.

Мектеп басшылары маған оқушылармен, оқытушылармен қолма-қол кездесу ұйымдастырды… Осыдан 80 жыл бұрын ағаштан салынған мектептің тарлау орындары балаға, мұғалімге лық толды. Сөзді мектеп директоры Әкітбаев Есім – менің майдандас жолдасымның баласы маған берді.

Есіме алыстағы 1937 жыл түсті. Сол жылдың ноябрь айында осы тар коридорда, СССР Жоғарғы Советінің 1-сайлауында депутат болып ұсынылған, Денсаулық сақтау халық комиссары Қарақұлов Ишанбай келгенін еске алып, айттым. Ишекең ол кезде, қазіргі алпыстан асқан, бір аяғымен тұрған ақбасты мендей емес, жасы 27-28-ден аспаған, үстінде әдемі қымбат көк костюмі бар, аяғында әдемі қара етік, сымбатты жас жігіт еді. Сыңғырлаған, әдемі жіңішкелеу дауысымен. «Жақсы оқыңдар, инженер болыңдар, агроном болыңдар, доктор болыңдар!» деген сөзін еске алдым. Оған енді бір жылдан кейін 50 жыл болады. Ол кезде 14-те едім, енді 62-демін, мен де… – деп балаларға өз дауысыммен Ишекең айтқандай тілегімді айттым. Ишекеңнің қазір Алматыда екенін, үлкен ғалым, үлкен дәрігер, зор атағы мен абыройы барын, әлі күнге тың, сергек екенін айтып едім, балалардың өздері де Ишекең туралы хабардар екен, «түйе қомында туған академик» екенін де біледі екен. Ишанбай ағайға әдейілеп барып, осыдан бір 10 жыл мерзім бұрын Алматыда сәлемдесіп, кездескенімді айттым балаларға.

Арнайы апарған плакатымды тапсырдым, шетіне мектептің оқу меңгерушісі Әміренова автограф жазғызып алды маған…

Кездесуді аяқтай келе, папкамнан Кәкімбектің «Жезкиігін» алып, қолма-қол «Даланы» оқып кеттім. Балалар тым-тырыс тындады, 2-3 шумақтан кейін «Жалықтырған жоқпын ба?» – деп, оқытушылардың жүзіне назар салғанымда кейбір жас әйелдердің көздерінен жас көрдім.

Артынан мұғалімдер бөлмесіндегі әңгімемізде мектеп басшылары, оқытушылар қайтсе де осы бес кітапты тауып оқитындарын айтты. «Балалар бізсіз-ақ, кітапханадан, магазиннен енді өздері тауып алады» десті. Менің де оған күмәнім жоқ. Балалар оқыса, ата-аналарына оқып берсе – мектепте ғана 400 бала оқиды – сөз кені «инженерінің» өлеңдері, поэмалары алыс Алтайдағы ағайындарының жүрегіне де сара жол тауып алары сөзсіз. Халықтың мәдениеті өскен сайын, әдебиетке құштарлығы, өлеңқұмарлығы аса берері белгілі. Қазір жақсы жыр әркімнің-ақ жан азығына айналды ғой.

Кәкімбектің жырын оқып көңілдегі көп жәйлерді қағаз бетіне түсіріп, айтып, жария еткің келеді. Өзі де:

Жырымда көңіл нұрым бар,

Үңіле қарап ұғыңдар.

Жалғыз өзім емес-ау,

Құрбы-құрдас, сырың бар.

Жырымда атқан таңым бар,

Жырымда әппақ арым бар.

Өмірден алдым әр жолын,

Өмірге қайта алыңдар.

Жырымда қала, дала бар,

Туған ел бар, ана бар.

Болса да қанша бақытты,

Жүректе жатқан жара бар, –

деп тұр ғой. Плакат туралы бір-екі ауыз сөз. Ақынның әкесінен де жас Катон-Қарағайдың 20-21 шамалы жас жігіті 1943 жылдың февраль айында Калинин майданындамыз. «Правда» газетінде басылған қазақ халқының майдандағы ұлдарына арнап жазған хатын талқылағанбыз. Хат жауынгерлерді толқытты, жігеріне жігер қосты. Шығыс Қазақстанның облыстық «Екпінді Алтай» газетіне қысқаша мына мазмұнды хат жазылды:

«Қымбатты редакция! Майданнан туысқандық жауынгерлік сәлем! Бүгін «Правдадан» қазақ халқының, оның ішінде Шығыс Қазақстан еңбекшілерінің майдандағы қазақтарға жазған хатын «сәулетті сарай» блиндажда түскі тамақ уақытында оқыдық. Оқыдық та сіздерге осы хатты жазуға кірістік. Қазір бір сағаттан кейін артиллериялық дайындық. Оның артынан, сағат 12-де Н-деревнясы үшін шабуыл-атака.

Сіздердің үндеулеріңіз біздің жігерімізге жігер қосты. Біз Алтайдың бауырында өскен жастар, Катон-Қарағайлықтар, сіздердің сенімдеріңізді ақтау жолында геройлықпен құрбан болуға бармыз. Сіздердің жүректеріңіз бізбен бірге соғады.

Қымбатты редакция! Ата менен ананың, туыстардың шын жүректен жазған хаттарына Калинин майданындағы Шығыс Қазақстан жастарының атынан жауап ретінде біз үшін газеттеріңіздің бетінен орын беріп, хат жазуларыңызды сұраймыз.

Бізде тілдің шеберлігі шамалы. Тек шын жүректен Отанға, Сталинге, қазақ халқына сүйіспеншілігімізді өздеріңіз біліп жазуларыңызды сұраймыз.

Жауынгерлік сәлеммен:

Бошай Кітапбаев,

Қабдраш Алипин,

Ғаббас Ғалиев,

Қапаш Сүлейменов,

Мұхтархан Қасымханов.

Калинин майданы, 8 февраль 1943 ж.

Адрес: 1746 полевая почта. Часть 19. Асығыс, міне аттандық».

Тілдің осындай шамалы «шеберлігімен» жазылған хатымыз сол қыста «Екпінді Алтай» газетінде басылыпты. Оны үйдегі шешелеріміз, туыстарымыз, бәрі түгел оқыпты. Газеттің данасын ауылдан хатпен бірге алып, оқыдық.

Қысқаша орашолақтау жазылған хаттағы «сіздердің сенімдеріңізді ақтау жолында геройлықпен құрбан болуға барамыз», – деген жас жүректің антын жазған ардақты комиссарымыз Қисын Мырзағалиев пен мектептес досымыз, жас коммунист Мұхтархан Қасымханов еді.

Алипин Қабдраш екеуіміз от кешіп, тірі қалдық, бірақ, жарасы жазылғандардың, Кәкімбек айтқан қатарындамыз.

40 жылдан артық уақытт өтті. Уақыт деген де үлкен емдеуші. Бақытты өмірдеміз. Балалы болдық, немереліміз. Қисынды, Мұхтарханды, олардың ерлікпен қаза тауып, жас жандарын Отан үшін құрбан еткен ерліктерін еске алсақ, әлі күнге жарамыз сыздайды.

Мұхтархан туралы. Шыңғыстай мектебіне де плакат алып барғанда көбінесе, Мұхтарханның жайымен барып едім. Мен бір аяғымды 1943 жылдың соңында үздіріп, елге кеткенімде, Мұхтархан соғыста қалған. Мен «За отвагу» медалімен наградталып кеткенімде, Мұхтархан «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен наградталғанын госпитальда жатқан маған хатпен хабарлаған. 1944 жылы бір сұрапыл соғыста, жаудың жанталасқан танк шабуылында Мұхтархан ерлікпен қаза болыпты. Қолындағы гранат бумасымен танкының астына кіріп, «Тигрмен» бірге жарылыпты. Мұхтархан қаза болған соң, Совет Одағының Батыры атағына ұсынамыз деп дивизияда, бригадада үлкен-үлкен сөздер болыпты. Мұны мен 1945 жылдың басында майдандас жолдастарым гурьевтік Жалпақов Қанат пен шымкенттік Ходжаев Зұлхарнайдан алған хаттан оқып, көзге жас алғамын.

Мұхтархан үшін жүрек әлі күнге қан жылайды. Шыңғыстайдағы орта мектепте бірге оқығамыз. Ауылдан соғысқа бірге аттанғанбыз. Мен туып- өскен ауылдың нөмірі 5-інші, Мұхтарханның туған ауылы – 3-інші еді. Дегенмен өзімнің туған ауылымда қойылған 134 боздаққа арналған құрыш тастардың біреуінің ең басына әрпін үлкенірек етіп қашатып, Қасымханұлы Мұхтарханның есімін алтын жазумен қашаттым. Шыңғыстай мектебінің пионерлері бір үлкен отрядтарын Мұхтарханның есімімен атайтын болды. Әзірге қолдан келгені осы.

Ардақты комиссарымыз Қисын Мырзағалиев туралы. Гурьев облысының бұрынғы Бақсай ауданында туып-өскені, аудандық комсомол комитетінің, Гурьев облыстық комсомол комитетінің секретары болғаны әлі күнге есімде. Орта бойлы, жылы, қоңыр жүзді, басы үлкен, адам көңілін жықпайтын мейлінше жұмсақ мінезді, сол кезде отызға еркін жетпеген жігіт. Асықпай сөйлейтін, қазақша, орысша өте сауатты, саяси аса білімді азамат еді.

Қазір Шымкентте, құрметті демалыста, он бес жыл облыстық партия комитетінің секретары болып қызмет істеген, соғыста біздің артиллерия дивизиясының партбюросының секретары болған, қадірлі досымыз Жарқытбеков Қаржаубек, белгілі ақын Әлімбаев Мұзафар осы Қисын тәрбиелеп, қатарғы жауынгерліктен әскери саяси қызметкер қатарына жеткізген азаматтар.

Қызмет жағдайыммен өткен жылдың 20 ноябрь күні Шымкентке барғанымда, соңғы жылдары денсаулығы біраз кеміген Қаржаубектің үйіне барып қонақ болдым. Құшақтастық. Сырластық. Қисынның қалай қайтыс болғанын Қаржаубектен естіп… көзіме жас алдым.

Бізден кейін, соғыстың соңғы жылдарында Қисын «Катюшалы» бөлімде саяси басшы болып жүріп, ерлікпен қаза тауыпты.

Қисынның жерлесі, аса сауатты коммунист Шошақов Құспан деген қан жауып тұрғанда қабағын шытып көрмеген, өзінен кіші жолдастарына ақылшы, дем берген азамат болып еді.

Жырында Кәкімбек Жалғызтауда мәңгі ұйқыда жатқан шешесі Ақық марқұмға, көптің анасына асқар белгі қоя алмағанын, бірақ, белгіні өлеңімен соғып келе жатқанын жақсы айтқан.

«Алтай азаматтары» деген поэмасында Ғафу:

Ел үшін еткен өшпес іс,

Ерте ұғар, біреу кеш ұғар.

Оған да бір ескерткіш,

Өлеңнен соқса несі бар, –

деп менің өзімді де жарылқап тастағаны бар.

Қарапайым әкеге, қарапайым қатардағы шешеге өлеңмен ескерткіш соғу қолдан келе бермейтіндігі белгілі. Кәкімбектің жыры, сыры, жалғыз өзінікі емес көптікі, бәріміздікі. Ақын ана сыйлауға, әке сыйлауға, жар сыйлауға үйретеді, шақырады. Оған көп-көп алғыс, көп-көп рахмет!

Әкем мен шешемнің басына зират орнатуға болмайды деген ауылдағы шаладүмше молдалардың айтқанына құлақ салмай, екі құлпы тас қойдым. Көп қаржы, материал шығындамадым, келіні екеуміздің екі айлық еңбекақымызды жұмсап, Алтайдың екі құрыш көкшіл тақтасын қойдым.

Әке басындағы тақтада: «Әкімбеков Кітапбай Мажық ұлы. 1898 жылы туған, 1954 жылы қайтыс болды. Алтайдың атақты жылқышы-бапкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, гвардия жауынгері, соғыста ерлік етіп, еңбекте, колхоз құрылысын нығайтуға белсене қатысқан коммунист. Жасында кедейлігі, жетімдігі ілік болып, көп жыл жалшылықта күн өткізіп, көзін совет өкіметімен ашқан әке!» – деп терең қащалып, алтындай жарқыраған жазу бар.

Анамның басындағы құрыш тақтада: «Әкімбекова Мәлике Бікір қызы. 1905-1950. Асқан қымызшы, еңбеккер, қайырымы, мейірімі өз балаларына да, бүкіл ауылына да мол жеткен ана.

Ері жауға кеткенде қолына құрық алып, төрт жыл Алтайдың ақ қар, көк мұзында колхоздың мың жылқысын баққызып өсірген.

Өнегелі, тәрбиелі, рулы елден алғыс алған анам!»

Ата менен ана туралы мұнан артық жақсы сөздер ауызға түспеді.

Кәкімбек жырларында өз анасын жырлауынан бүкіл оқушы қауымының анасы мен атасын жырлағандығы сезіледі емес пе.

30 жылдан артық Алтайда колхоз бастығы болып жұмыс істеп жүрген менің аса атқұмарлығым, жылқы құмарлығым белгілі. Әкем Алтайдың атақты жылқышы-бапкері болғандығын мақтан етемін. Сол құмарлық тәніме анамның ақ сүтімен, боз биенің уыз қымызымен сіңгендігін айтқым келеді.

Кәкімбек бес жинағының бәрінде Құлагерді үнемі атайды. Құлагерді аса шеберлікпен талай өлеңдерінде жырына арқау етеді, қазақтың кең-байтақ даласының Құлагер шапқан құба бел екенін айтады. Өте әдемі етіп айтады. Құлагерге құштар емес қазақ баласы бар ма екен?!

Құлагерді Ілиястан ұзақ, әдемі де толық жырлаған ақын жоқ та шығар. Құлагерді қанша жыр етсе де, не оқушыны, не тындаушыны жалықтырмас.

Жазушы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романын «Құлагер» деп атаса да артық емес секілді. Тәуекелдің қайығы құсатып, Ақанның Құлагерді алысқа, Сағынайдың асына жетелей жөнелгені көз алдыңнан кетпейді.

Біздің колхоздың үлкен-үлкен бәйгелерден талай озып келген Құланқарасы мен Бұланқарасын Ғабит марқұм сүйсіне жазды ғой. 1970 жылдың жазында Алматының ипподромында үлкен бәйге болды. Бәйгеден Құланқара жалғыз қара болып келді. Сол бәйгеге Көкшетаудан қатты науқастанып келген халық ақыны Темірғали Алматыда тұратын күйеу баласы Нұрбаев Зейнолланың үйіне келіп, дәрігерге көрінбек болып жатады. Бәйге деген соң аса қатты ауру ақын бәйгені қалайда көруге құмартады. Алтай жігіті, кенші-ғалым Зейнолла қимылсыз, екі аяқты масыл болып жатқан атасын носилкамен таксиге салып әкеліп, ипподромның сызығының шетіне, көлеңкелі ағаштың панасына қойып, басын жастықпен көтеріп, Құланқараның шабысын көрсетіпті. Көкшенің Құлагерінің өзі де, шабысы да әбден көкейінде сайраған. Көкшетаудың қарт ақыны «Құланқараны Құлагерге ұқсаттым, шабысын Құлагердің шабысына ұқсаттым, мына жануар Құлагерше-ақ шабады екен» – деп көз жасын тоқтата алмапты. Темірғали ақсақал сол бәйгенің артынан көп кешікпей дүние салыпты.

Ат тұяғын тай басып, біздің колхоз қазір де Құлагерге ұқсайтын пырақсыз емес. Өткен жылы, Жеңістің 40 жылдық бәйгесіне Алматыға 9 майда барып, айды аспанға шығарып озып келген былтыр 3-те, биыл 4-тегі Тайжирен бұл күнде жалғыз емес. Тентекқара, Керкөжек секілді серіктерімен қазір көкке қарап жүр. Тайжирен облыстық, аудандық бәйгелердің бәрінде де шапқан сайын алдына ат түсірмей тұр.

Кәкімбектің «Шын жүректен» жинағының 184-191 беттеріне жеті өлең болып басылған «Мәңгілік оты қасында» жырын толқымай, жан дүниеңмен сезінбей оқу мүмкін емес. Ақынның жаны, тілі, жыры не деген бай. Мен, көпті көрген, жеті өліп, жеті тірілген кәрі солдат көзіме жас алмай оқи алмадым.

Кәкімбектің «Мәңгілік оты қасындағы» басынан кешіріп, жырына тізген жан дүниесін Ғафу жырлаған «Жаңа үлгідегі» ескерткіштің егжей-тегжейімен жанастыра ойлауға тура келеді.

«Жаңа үлгідегі» ескерткіш, онда есімдері жазылған 134 боздақтың жәйі қайта-қайта еске орала береді.

Ескерткіш Жеңістің 40 жылдығына 8 май күні ашылды. Үлкен митинг болды. Катон-Қарағай ауданының жарты халқы қатысты. 8 май күні Алтай бауырында ақ түтек боран болды, суық жел соқты. Бірақ, халық бұған қарамады. Қонағымыз Ғафу Қайырбеков үлкен толғаныс үстінде сөз сөйледі, қара сөзді де төгілтті, өлеңді де аяған жоқ.

Ғажабы-ай, бәрінен де бір жағдайдың.

Өлгенше оны есімнен шығармаймын.

Қазақтың қасіретінің өлшеміндей,

Қайтпапты төрт баласы Тұмарбайдың, –

деп те кетті. Кішілеу бір ауылдан қайтпаған 134 боздақтың ішіндегі Тұмарбайдың Отан үшін жандарын қиған төрт баласының есімін оқып, Тұмарбайдың қасіретін мөлшерлеп айтты ақын 40 жыл өткеннен кейін.

Тас кітаптағы мәңгілік жазуда Құдайбайдан 3 бала, Тойғамбайдан 3 бала, әкелі-балалар Хамит пен Елеутай, Нұрсағыт пен Қапар, Бектұрғаннан 2 бала Әутәліп пен Аусалық…Талайдың жардан ұшқан жалғыздары көздің алдына келіп, жүректі тебірентті.

«Жұлдызды жылдар тынысы» кітабындағы «Бәйге шарты» деген шағын өлеңіңде Кәкімбек:

О, бәйгешіл, намыскер қазағым-ай,

Қарай қалған қалай деп азабын-ай,

Жан құрышын қандырсам жарар еді,

Жансыз сөзбен жыр төгіп маза қылмай.

Жүйткіп өтпей қайтейін,

Шауып қана.

Достым, Муза!

Жіберші сен де жебеп

Топтан шықтым,

Шапқам жоқ белдемелеп… деген жолдары өте ұнасымды. Аты сенімсіздердің атын жолдан қосуы болады, Кәкімбек оны белдемелеп деп орынды қиыстырыпты. Топтан шығып, таза шабыспен алғы топтағы саңлақтарды қуып жетіп, араласқан, қатарласқан жүйрік оза береді, көбінесе.

Кәкімбек те өндірісте озық инженерлік пен озық партия қызметіне жеткен өнегелі азаматымыз. Ақындық дарыны да ерекше. Ақбоз атпен түсінде еліне қайтып жүргені – біз оқып қуанып жүрген тамаша өлеңдері ғой.

«ЖҰЛДЫЗ» 11.1986 жыл.

Бошай  Кітапбаев ағайға жауап хат

Үстіміздегі жылдың қаңтарында (1992 ж.) белгілі ақын, мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың 60 жасқа толған мүшел тойы атап өтілді. Данқты жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев Мәскеудегі інісіне ізгі тілек білдіріп: «Баяғы ақ боз атыңмен елге оралып, Мағжан ағаның арман етіп кеткен жыр белесіне шығуыңа тілеулеспін», – деп құттықтау жолдаған екен. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей ақын інісі де аға пейілі мен ықыласына риза болып, өлеңмен сәлем хат жолдапты. Ерікті Қазақстан, оның елдігі, азамат мерейі, бірлігі – жырдың жібек арқауы. Міне сондықтан да сыршыл ақынның «Бошай Кітапбаев ағайға жауап хат» өлеңін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бошеке! Шығып тұрмын алты асқарға,

Хат жаздың үлгі тастап бар достарға.

Рақмет! Аға сөзі әл беріп тұр

Алпыстың асуына жол бастарда.

 

Ақ боз ат сипар болсаң жібек жалын,

Түсінем сізде қамқор жүрек барын.

Сал десең Мағжандыққа мен салайын,

Ел мұңы көкей кескен тілек қалың.

 

Қайтейін не десе де тетелесім,

Көнілден Ертіс толқып, өтеді Есіл.

Кемесі тәуекелдің бастап кетті,

Желкендеп керме тұста көтерерсің.

 

Қазаққа Ер атанған атың шықты,

Наркескен жаның сүйер ақындықты.

«Оқ жонар ата көрген» – дегендейін,

Тілегің шыңдап кетті батылдықты.

 

Жасымнан Жезқазғанның кеншісімін,

Елімнің сенім артқан елшісімін.

Алтайлап Алатаудан құттықтасаң,

Қазақтың малшысымын, төлшісімін.

 

Туған ел сағындырған баласымын,

Қиналдым көп ұзаса қарасыным.

Әйтеуір үзілген жоқ өлең-тасқын,

Аралға аңыз еттім дала сырын.

 

Сөзінен сіздей ерен қолдаушының,

Көкірек от сезімге толды-ау, бүгін.

Аралдың айқасына үрдіс кірсем,

Өзге емес алғы шепте қорғаушымын.

 

Киелі аға сөзін бағалаймын,

Жүйелі жауап жөнін саралаймын.

Сіз – шеге, қайда қақса берік ұстар,

Шегеңді көптен күткен тағадаймын.

 

Еп келді қиын өткел тайғанаққа,

Жүк салмас көк мұздақта тайған атқа.

Тағалы ақ боз атың мен болайын,

Жарқ етер көмбе жерім жарқабақта.

 

Алпыс бел биігіне шығып тұрмын,

Ат басын ауыл жаққа бұрып тұрмын.

Ұрыншақ ұры күнге жан емеспін,

Ақ тілек, адал ниет ғұрып құрдым.

 

Тарпынсам сезіп елде дүбір үнін,

Бас та емес, аяқ та емес, түбірімін.

Қазағым тәуелсіз ел атанғанда,

Аққан тер аямас бұл тірілігім.

 

Шыңынан дүрбі салсам алпыс қырдың,

Өлеңге несі күнә артық сырдың.

Мағжанның көксегені осы еді ғой,

Мол сенім болашаққа артып тұрмын.

 

Ермеспін дойыр қосақ бұлталаққа,

Тұрмаспын сырттан сынап қырқалап та.

Қосылып қос тігемін қадір білер,

Қолынан іс келетін шын талантқа.

 

Сердебе селк етпеймін шен таласқа,

Бар арман – талаттырмау елді алашқа.

Қазанат, сары кідір бапты кезім,

Сенімге дақ түсірмес қарбаласта.

 

Бір емес, жанған өртке алпыс кірдім,

Талай жыл туған елден алыс жүрдім.

Айт десең – шындық сырын баяндайын,

Келмейді даулы күнде қалыс тұрғым.

 

Ертерек оралам – деп ауыл жаққа,

Ер-тоқым талай рет салдым атқа.

Сондайда «үлкен ағам» созбақтады,

Сөз байлап жылы шырай қабылдап та.

 

Ол кезде бұзу қайда жеке жарды,

Партия нық тәртібі етек алды.

Ақыры «үлкен үйдің» нұсқауымен,

Нөкіске ақын інің кете барды.

 

Не дейін? Шүкіршілік. Бәрі де өтті,

Оралар ауыл жаққа дәм-тұз жетті.

Іске сәт! Ықылас қылап пейілдемін,

Көрсетіп жатыр елім сый, құрметті.

 

Бұл күнде хабар тосып үйде жүрмін,

Сөз кескен елең-алаң күйде жүрмін.

Өткенге өкініш жоқ, шабыт шалқып,

Бой тастар кезі келді түйдек үннің.

 

Өлеңім – бар бақытым, алған демім,

Өмірім өлеңіме жалғар сенім.

Әрқашан айқастардың басындамын,

Әлі көп қия шебім самғар менің.

 

Бұйығып, мүлгіп желке қасынбаймын,

Жоқ менің өзімді ойлар масыл қайғым.

Құтты жол, құмар іске ат салыссам,

Қақ тілер қара бұлтты жасындаймын.

 

Туған ел табиғаты кең тілегім,

Шен емес кен қорғауға мен кіремін.

Тізгінді бұлғақтатпас мінез бекем,

Әділдік һәм ізгілік – бар тірегім.

 

Көп әдіс ұғынады атқа мінген,

Кенші едім, диқан болдым мақта білген.

Мәскеудің дүрбелеңі сабақ берді,

Кезім жоқ дос табалап, жатқа күлген.

 

Бүгінгі ел тағдыры ойлантады,

Салмасын ен байлыққа ойран тағы.

Жетпіс жыл талапайға түсіп едік,

Қалғанын сыпырмасын «мол қалталы».

 

Алтайдың кенін бердік өліп-өшіп,

Кетті ме мырзалықтан өңір өсіп?

Қойлы ауыл бағы заман өресінде,

Күнелтті қиқым-сиқым өмір кешіп.

 

Ағасыз ойлы сөзді сыйлай тыңдар,

Қайда еді соның бәрін милайтындар?

Әрине, ондай іске барса барар,

Қазақтың қазақтығын қимайтындар.

 

Бош-аға! Болмас сізден жасырғаным,

Біршілік туы емес пе ақын жаным.

Өкпе жоқ, Өкініш жоқ.

Өз ағам – деп,

Хатыңа жауабым ғой ашылғаным.

 

Жөн болды ақ ниетті құптағаның,

Жат жерде көп ұғындым тұтқа мәнін.

Аға, іні!

Есен-аман елге келдім,

Сәлем ал, менің берік тұтқаларым!

 

Туған ел! Сәтті болсын құт қадамың,

Құртайық дию-қию жік танабын.

Ар, намыс атойлаған жерде тұрып,

Ынтымақ, бірлік сүйгіш нық талабым.

 

Осылай тілек айтып мықталамын,

Дауылда үйір емес ыққа жаным.

Қазағым жетер азат болашаққа,

Бұл түгіл кештік талай «нұх заманын».

 

Уақыт аз үңілер ем тереңдерге,

Сөз емес, іс керек қой менен де елге

Айтарым: қайда жүрсем білек қосам,

  • Құтайсын қара шаңырақ! – дегендерге.

 

Қырда өскен киік қорып талмас қыран,

Сақтай гөр, тәңірім, түлкі албастыдан.

Осымен жауап хатым тәмәм болсын,

Ар жағын Алматыда жалғастырам.

Кәкімбек САЛЫҚОВ.
18-жұлдыз. Қаңтар. 1992. Мәскеу.   

Ақанның, Көкшенің Құлагерін Ілияс Жансүгіров ағамыздың сипаттаған, жоқтаған поэмасын 3-класс оқып жүрген бала кезімізде, 1934 жылы 10 жасымызда оқып, талай-талай жылап едік. Әкем Кітапбай Алтайдың атақты жылқышысы, оқымаған, жетім өскен, хат танымаса да өзі әнші, өлең сүйгіш адам, қайталап оқытып, егілуші еді Құлагердің тағдырына.

1932 жылы шағын колхозға қоғамдасқан 800 бас жылқыдан күзге қарай 216 бас қана жылқы қалып, соны ауылдағы жөн білетін Мәсәлім деген үлкен кісі менің әкеме тапсырып еді.

Сол азайған 200 бас жылқыны әкем соғысқа дейінгі 8-9 жылда 1000 басқа жеткізіп, өсіріп еді.

Мен 18 жасқа толмай соғысқа кеткеннен кейін, 1898 жылы туған әкем де соғысқа барып, 3,5 жылдан кейін елге аман-есен оралып, колхоздың іріленген біршарының жылқысын 2000-ға жеткізіп, небәрі 56 жасында дүниеден өтіп еді.

Қанша атқұмар, жылқықұмар болып қартайсақ та, Абайдан артылтып аттың сынын айтқан, білген қазақ жоқ-ау?!

Осы күнде адам жоқ сөз ұғарлық,

Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлықты айтып,

«Алып анадан, ат биеден туады» деген қазақтың қағидасын өлеңге – сөз патшасына қосты ғой!

Ардақты Абайымызға жерлес, 97 жасқа келгенде қазақтың Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берген Шәкір Әбеновтей дүлдүл ақын «Таңшебер-Жапал» атты Ілиястың «Құлагеріне» құндылығы, көркемдігі таяу жазылған поэмасының бір шумағында:

Алтайдың арғы бетін қалмақ жайлап,

Өр Найман бауырында бие байлап,

Бетегелі дөңіне ат арқандап,

Ауыл басы мыңдаған жылқы айдап! –

деп, Алтайдағы Наймандарды тебірентетін сөздерін оқыдық. Топырағы торқа болғыр, Шәкір атаның поэмасындағы жас Жапалдың дана анасы, қалмақтар «Пұшық күң» атандырған қазақ әйелінің танып, біліп, өсірген бестісіне жетім ұлы Жапалды мінгізіп, еліне аттандырғандағы Жапалдың күреңінің сипаты, жүрісі Құлагерді еске түсіреді.

Қазақстанның Шығысы мен Арқаның арасында әрі-бері (Өскемен мен Астананың арасын айтамын) жүргенде Ерейментауды басып өткен сайын Құлагер еске түседі. Сағынайдың асында, Құлагер шапқан кұба белдің неше шақырым екенін білгің келеді де тұрады.

Осы орайда, Кәкімбектен де, Сәдібектен де, қазақтың белгілі саяси мемлекет кайраткері, жылқышының баласы, Ерейментаудың тумасы Қасым Тәукеновтен де Сағынай асындағы аламан бәйгенің ұзындығын сұрап біле алмадым.

Қасым ініміз жылқышы, саяси, қоғам қайраткері ғана емес, атақты аңшы, қасқыр атқыш азамат қой… Телефонмен де, анда-санда кездескенде де: «Арқада атқан қасқырыңның саны 1000-ға жетті ме?» деп сұрап қоямын.

«Мыңға жететін еді, соңғы жылдары колхоздар мен совхоздардың малының азаюына байланысты, қасқыр да азайды» дегендей «өкініш» айтады.

Қазіргі Катонқарағай ауданына қосылған Үлкен Нарында Ленин атындағы колхозды (біршарды) 35 жыл басқарғанымды жұрт біледі ғой. «Әке көрген оқ жонады» дегендей, іріленген осы колхоздың жылқы фермасында 1990 жылға дейін 2500 бас асыл тұқымды жылқы болып еді.

Мұхтар Әуезовтен кейінгі біртуар қазақтың жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Бошайдың үш қарасы» деп қызығып жазған Алтайдың 3 тұлпары Алтайдың бауырындағы колхоздың түліктері еді.

Біздің Сәдібек бауырымыз, баламыз өткен жылы жылқы туралы журналдың басты мақаласында сол Ғабең жазған Алтайдың үш қарасы – тұлпарлары «Қазақтың қазанаты еді» деп жазыпты. «Сөз тапқанға қолқа жоқ», дауласатын емес. Бұғысы мен маралы, бұланы (құланға ұқсас ірі аң) мен таутекесі қойша өрбіген Алтайдың жылқысы да осал болмайтыны белгілі.

Шығыстағы өр Алтайдың арғы-бергі бетінде, бауырында жылқы өсірген, ат бәйгесін, жылқының қазысы мен жаясын, қымызын қызықтаған қазақ халқында Құлагердей тұлпарлар аз емес, көп болған ғой.

Ақан серінің мерт болған Құлагерінің басын құшақтап жылап отырып:

Құлагер, әкең тұлпар, шешең сұңқар,

Соғып ең дөненіңде сегіз арқар, –

дегені тіпті, қазір қарт колхозшы-қазақты тебірентеді.

Қазіргі Шығыстағы Катонқарағай ауданы, бұрынғы Шыңғыстай болысындағы Қаратай елі 1740 жылдан бері Алтайдың арғы бетінде Абақ Керей елімен қатты араласып тұрған: қыз алысып, қыз берісіп, құдай десіп, құда болып дегендей, тойларына, үлкен астарына жазды-күзді үнемі шұрқырасып жатқан.

Қаратайдың Қара Шөгелі атанған Шөгел би 1800 жылдың жазында жыл бұрын шақырылған бір үлкен асқа барады. Жанында он шақты адамдары бар. Бәйгеге қосуға апарған жаратқан аттары бар, әрине. Жанында жақын ағайыны, жалғыз атты Өтеген деген атшысы бар. Өтеген кедейлеу, тілі «л» дыбысына келіңкіремей, оны «ый» деп шығарады екен. Астында жалғыз аты, жолдас Торықасқа азбаны болады.

30-40 шақырымдық бәйгеге Керей мен Найман елінен жиналған 200-ден артық сәйгүліктер қосылып жатса керек. Сонда Өтеген ағамыз Шөгел биге айтуға батпай, бидің жанындағы серіктеріне бір-екеуіне келіп:

–Менің Торықасқа азбаным жүйрік. Мына бәйгеге қосайын десем, Шөкем ұрса ма деп айтуға батпай тұрмын, – депті.

Бидің қасындағы үлкенді-кішілі 1-2 серіктері Шөгел биге:

– Өтеген астындағы Торықасқа атын мына бәйгеге қосқысы келеді. Сен ұрса ма деп қорқатын көрінеді, – дегенде, Шөгел би:

–Көт көтеріп не айтта, не тойда шауып көрмеген Өтегеннің жалғыз Торықасқа азбаны Керей елінің үлкен бәйгесіне қосылса, жолда қалып, қайтқанда жаяу қайта ма, біреулеріңе мінгесіп қайта ма? – дегенде, үлкендердің біреуі:

–Жетекте аттарымыз бар. Бір тойда бір тай шығын болса да ештеңе етпеспіз. Жалғыз атты кедей деп Өтегеннің меселін қайтармайық. Атын қоссын! – деп жасы үлкендеу бидің бір ағасы өктем сөз айтады.

Шөгел би үндемей, өздерің біліңдер дегендей сыңай білдіреді.

Ересектеу, бір мықты баланы Өтеген Торықасқа азбанына мінгізіп, үлкен бәйгеге қосып жібереді.

Аттар кеткеннен кейін, Қаратайдан барған үлкендердің бір-екеуі Өтегеннен:

– Атың 7-8-ге келген екен. Өзі азбан. Жалы тізесін жабады. Омырауы есіктей, кездей басы құп-қу, тірсегі атан түйенің тірсегіндей көрінеді. Атыңды үміттеніп үлкен бәйгеге қосып тұрсың. Шабысты екеніне қандай белгісімен үміттенесің? – деп сұрағанда:

– Ауылдан шыға шапқанымда бір ит жете алмайды, – деп салыпты. Алысқа айдалған көп ат, күн кешігіп, қозы алар мерзімде келері белгілі.

–Жайп-жайп етіп, менің Торықасқа азбанымның келе жатқанын қарашы! –деп, мойнына белбеуін салып, алдыңғы келе жатқан атын таныған Өтеген көз жасын тоқтата алмаса керек.

Аттар келіп, бәйге аяқталғаннан кейінгі жиындағы әңгімеде Керей елінің – ас иелерінің бір басты адамы Шөгел биге:

–Әй, Қаратай-ай, қойға мінген қой торыңмен де келіп, бәйгені алып тұрсың. Осы қой торыңды да тастап кетпейсің бе? – десе керек.

Сонда Шөгел би:

–Қой торыға қоса Қаракөк, Қарагерлер де бар. Көңіліңнің садағасы, – десе керек.

–Атыңды Шөкең Керейдің той иесіне бермекші болып қойды, – деген сөз Өтегеннің де 40 шақырым жерден шауып, бәйгенің алдымен келген жалғыз атын жетелеп жүргенде құлағына тиеді.

–Атымнан айырылғанша, өлгенім артық емес пе? – деген Өтеген астың тамағына да қарамай, бәйгеге де қарамай, қас қарая атына мініп, Аққабадан өтіп, еліне жалғыз өзі қайтып кеткенін рулы ел аңыз етіп айтады екен.

Шөгел бидің тұстасы Ережеп болыс, өзі қажы, Өтегеннің Торықасқа азбанына толық қысырақтың үйірін беріп, айырбастап алып, он жыл бәйгеге косып қызықтапты.

Үлкендердің аузынан осы Өтегеннің Торықасқа азбаны туралы бала күнімізде естіген әңгімелер әлі де есте.

Үлкен бәйге туралы әңгіме қазақ ауылдарында көпке созылары белгілі. Сол тойдың, сол бәйгенің артынан болған жиындағы әңгімеде бір сыншы, жөн білер адам:

 

–Алтайдың бауырындағы Наймандардың аттарының жүйріктігі жерлерінде, орман-тоғайының арасындағы көкала тоңбау күреңсесіне жайылған жылқының жілік майы қысы-жазы үзілмейді, сонан кейін жылқысы асыл болмай қайтеді?! – деп түйіндепті.

Осы рас сөз, біліп айтылған! Жылқы қанша жүйрік болып жаралғанымен, сүйегі ағармай, жілік майы ағармай шаба алмайтыны анық.

1884 жылдарда орыс патшасы Алтайдағы Шабамбай өлкесіне (ол кезде Шыңғыстай болысы, қазіргі Катонқарағай ауданы) қызығып, атты казак-орыстарды көшіріп әкеліп ең шұрайлы жеріне орналастырғаны белгілі.

Доннан шыққан аса атқұмар, ауқатты казак-орыстар донның, арабтың, ағылшынның асыл тұқымды айғырларын әкеліп, Алтайдағы қазақ жылқысымен будандастырғанда анық қазақтың қазанаттары шыққанын әркім біле де бермейді.

Алтайдың арғы бетіндегі Керей атаның Жәнтекей руынан шыққан Солақай деген бапкерінің 1918 жылы Мәми бейістің әкесі атақты Жұртбайға берілген асында, 50 шақырым жерден 500 аттың алдында жалғыз қара болып Торы аты келіпті. 50 атқа бәйге тігіліпті. Солақайдың Торы атының жасы сонда 28-де екен. Қысы-жазы биенің сүтімен суғарылады екен. Анық қазанаттың өзі болған ғой, сол Торы ат.

Қазақ жеріндегі қазақ халқы, кәрі-жасы Ақанның Құлагерін әлі күнге дейін ұмытпай, ардақтаса, қазіргі Қытай жеріндегі қазақ елі Солақайдың Торы атын сонша ардақтайды. Ілияс Жансүгіров ағамыздың: «Халық едік артық көрген атты тақтан» дегеніне кім таласады?!

Қазір Көкшенің етегіндегі Бурабайда академик Госсен Эрвин Францевич тұрады. Арғы Отанына – Германияға қайтпай, Қазақстанды Отан етіп қалған қазақшыл Бельгер Герольд Карловичтен кейінгі «екінші қазақ» осы Эрвин Францевич. Өзі Лениндік сыйлықтың лауреаты. Госсен Эрвин Францевичтің негізгі мамандығы инженер-механик болса да, асқан жылқықұмар азамат.

«Қазақстандағы малдың ең тиімді түлегі – жылқы» деп жазады академик Э.Ф.Госсен  – «Жылқының қазысы мен жаясына жетер тағам бар ма?!». Қымыздың қаншалық зор қасиетті екенін де Эрвин Францевич қазақтан кем білмейді ғой!

«Той десе қу бас та домалайды» деген, жасы 90-ға таяса да, Белоруссияның Витебскісінің түбінде бір аяқ қалғалы 66 жыл болса да, көз нашар көріп, құлақ нашар естісе де Сәдібек бауырымыз шақырған соң Құлагерге арналған ескерткіштің ашылуына сонау өр Алтайдан келдім.

Айтарым: ниетің қабыл болсын! Жолың болсын! Қазақтың қазанаты өссін, көбейсін! Өнерің үстем болсын!

Кәкімбек Салықов «Көргенде Құлагердің ескерткішін» деген атпен:

 

Басында алты қанат аққан жолдың,

Көкшеге Астанадан тартқан жолдың,

Бейнесін Құлагердің көз шалғанда,

Замана әр мезетін терең шолдым.

 

Шырылдап бұлт төсінде дара толғай,

Адамға зарын қосып «Қараторғай»,

Ақанның Құлагері мерт болғанда,

Қызыққа қалып еді-ау, дала толмай!

 

Алты Алаш аңыз болған баласына,

Адамның ем таратар жарасына.

Құлагер дара шауып бара жатыр,

Оралып сүйген байтақ даласына.

 

Құбылыс алтын мұра арнасындай,

Жылқыда ерен жүйрік бар ма осындай?!

Сүйсіндім «Қазақ елі» мұнарасы,

Самғаған Сарыарқада жалғасындай.

 

Шыдатпас жал-құйрығы көз түсірмей,

Кім қалар бұл ғажапты кең түсінбей?!

Барады жер мен көктің арасында

Құлагер тәуелсіздік белгісіндей.

 

Асқақ ән, асыл жырдың аққан селі,

Қазақтың асып туған ақтаңгері.

Бір аунап түскен шығар мәңгі ұйқыдан,

Жан досы Құлагердің Ақан сері.

 

Заулаған ерке Есілдің жағасында,

Қуанып құстай ұшқан қарасынға.

Көзіме Ілияс ағам елестеді,

Көкше мен Жетісудың арасында.

 

Адалдық зұлымдықты жеңді, нұрым,

Меңдеген дертті басар келді күнім.

Қолтықтап Сұлтан атты мүсіншіні,

Аталық ақ батамды бердім бүгін.

 

Көз салсақ баяғы өткен арыстарға,

Тартады тұла бойда намысты алға.

Шабысы Құлагердің шақырып тұр,

Елімді талай озар жарыстарға.

 

Ел жаңа, жоқты іздеуге туды сай күн,

Тағы бір беріштенген бітті қайғың.

Құлагер ескерткіші ғажап екен,

Қуанып бар қазақты құттыктаймын! – деп, жүрекжарды өлең жолдарын арнапты.

Ақан сері мен Құлагердің жерлесі Кәкімбек ақынның Көкшесін сипаттағанда:

Құлагер шапқан құба бел,

Өліміне жылады ел! –

дегені қанша қартайсақ та естен кетпей, ет жүректі елжіретеді.

Айтса, жазса жылқы туралы қазақта жыр көп-ақ. Советтер Одағы ыдырар алдында Қазақстанда ірі-ірі 5 асыл тұқымды мемлекеттік жылқы зауыттары бар еді. Соның бірі – бұрынғы Талдықорған облысында «Қызыл Ағаш» жылқы зауыты еді. «Қызыл Ағаштан» басқа, оңтүстіктегі «Дегерес», «Луговской» атты үш жылқы зауытын өткен ғасырдың 20-жылдарында Советтер Одағының маршалы Семен Михайлович Буденный ұйымдастырғанын ел білетін. Онан басқа да Қазақстанның солтүстігінде Қостанай мен Көкшетауда да атақты жылқы зауыттары болғаны мәлім. Олар мемлекет меншігінде, Мәскеуге бағынатын еді ғой.

Осы соңғы 4-5 жылдың ішінде баспасөздің бір жерінен Ауыл шаруашылығы министрі де болған, қазіргі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов інімізден бір тілші: «Республикада мемлекет меншігіндегі зауыттарда, кейбір совхоздарда асыл тұқымды малдар болып еді ғой. Солар қазір қайда?» дегенде, шыншыл азамат Ахметжан: «Олар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті емес пе?!» – дегенін оқып, төбе шашым тік тұрғандай болып едім.

Таяуда сол белгілі де атақты «Қызыл Ағашта» болған қасіретке менің де жаным жаншылып, қатты ауырды. «Қызыл Ағаш» жылқы зауыты орыстар айтқанындай, «вооруженный до зубов», 2-3 мың асыл жылқылы зауыт еді мен білген 1970-жылдарда.

«Қызыл Ағашпен» көрші Нұрмолда Алдабергеновтің Шұбардағы ауылындағы атақты колхоздың түйешісі Асанбай ақсақал баптап, республикалық жарыста талай озған «Асангер» атанған жүйрік осы «Қызыл Ағаш» жылқы зауытынан шыққан асыл айғырдың баласы еді.

Сол С.М.Буденный ұйымдастырған республиканың оңтүстігіндегі 3 жылқы зауытының Қостанай мен Көкшетаудағы жылқы зауыттарының да аты, даңқы көп естілмейді. «Рыночная экономикаға» көшудің барысында Қазақстанның қираған агроөндірісімен бірге олар да типыл болғаны ғой деп жүрек ауырады.

Қазақстанды 20 жылдан артық уақыт басқарып келе жатқан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев алғыр, жүйрік, шешен де көсем жігіт екені белгілі. Астананың даңқын әлемге жайғаны, облыс орталықтарын өсіріп, көркейткенін әлем мойындайды.

Бірақ, колхоздар мен совхоздарды, шаруалар бірлестігін таратқаны тарихи қате болды. Белгілі ғалым, білгір маман, Нұрекеңнің кешегі досы Серікболсын Әбділдин таяуда ғана бір газеттегі мақаласында: «Ауыл әдіре (адыра) қалды» деп қысқа ғана түйіндепті.

Жарамсақ, жағымпаздарға Нұрсұлтан Әбішұлы «Мені мақтағанды, мадақтағанды қойыңдар»-ды айтып-ақ жүр ғой. Нұрекеңнің дем алатын, халыққа ақыл айтатын мезгілі жетті ғой!

2010 жыл.

Өскемен қаласы.

Суреттерде: 2010 жылы Астана-Бурабай автобанының бесінші шақырымында қазақ халқының ұлт қазанаты Құлагерге ескерткіш ашылды; осы салтанатты шараға арнайы шақырылған Бошай Кітапбаев және ескерткіш идеясының авторы жазушы-журналист, қоғам қайраткері Садыбек Түгел; Ленин атындағы колхоздың қос атақты тұлпары Бұланқарада – Бошай Кітапбаев, ал, Құланқарада – атбегі Қожамсейіт Асантаев.

Суреттерді өзінің хатымен бірге редакциямызға жолдаған Марат Кітапбаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар