Әкім – ел ішінде
Табиғаты келісті де көрікті Зеренді ауданының орталығында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа спорт мектебінің алғашқы кірпіші қалау рәсімі болып өтті.
Зеренді ауданында жалпы 800-ден астам спортшы бар. Олар республикалық және халықаралық додаларда өңір намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ал, олардың жаттығып, дайындалатын спорт мектебі әбден тозығы жеткен. Бұрынғы спорт мектебінің ғимараты 1968 жылы салынған әрі қазіргі стандарттарға сай келмейді. Енді көптен күткен спорт мектебі жаңадан салынып, жас ұрпаққа сыйға тартылмақшы. Сонымен, болашақта балалар мен жасөспірімдер игілігіне берілетін спорт мектебінің қазығын қағып, алғашқы кірпішін қалау рәсіміне өңірдің спорт қауымдастығы, мәслихат депутаттары мен аудан белсенділері қатысты. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, заңсыз иемделген мемлекет қаражатын қазынаға қайтару есебінен жүзеге асырылып жатқан еліміздегі алғашқы жоба. Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі Ақмола облысы Зеренді ауылында құны 2,1 миллиард теңге болатын спорт кешенін салу бойынша әлеуметтік жобаны іске асыру үшін арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Сөйтіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа спорт мектебі Қазақстан Республикасының «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңы аясында салынбақшы.
Мемлекеттік сатып алу конкурсы қысқа мерзімде өткізіліп, оны жайлы мектептер салуда жақсы қырынан көрінген жергілікті компания «УК Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алыпты.
Жиналған қауым алдында Марат Ахметжанов бұл оқиғаның дені сау әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
– Біздің облыс республикада бірінші болып конкурстарды тез және кідіріссіз өткізуге мүмкіндік беретін мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістердің артықшылықтарын пайдалана алды. Тапсырыс берушілер 8 қаңтарда конкурс жарияласа, небары бір апта ішінде қорытынды жасалды. Енді 10 күннен соң құрылыс басталады. Бұрын конкурстық рәсімдерге көп уақыт кететін. Жоба Президент қойған бұқаралық және балалар спортын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде іске асырылуда. Спорт мектебі ауыл және бүкіл аудан тұрғындары үшін тартымды орталыққа, беделді спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орынға айналатынына сенімдімін. Заманауи, барлық қажетті залдармен жабдықталған жаттығу алаңдары мен жоғары білікті жаттықтырушылар жаңа спорт мектебін чемпиондардың нағыз ұстаханасына айналдырады, –деп атап өтті өңір басшысы.
Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат екі блоктан тұрады. Мұнда алдағы уақытта қазақ күресі, еркін күрес, бокс, самбо, футбол, спорттық туризм және шаңғы спортынан спортшылар дайындау көзделген. Басымдық қысқы спорт түрлеріне берілмекші. Бұрын ескі спорт мектебінде 35 қызметкер жұмыс істеген, ал, құрылыс аяқталғаннан кейін әкімшілік-көмекші және жаттықтырушылар құрамы 75 адамға дейін артады. Онда күрес және бокс залдары, тағы қосымша екі жаттығу залы және басқа да бөлмелер болады.
Бұрынғы спорт мектебінің орнына бой көтеретін нысанды келісім-шарт бойынша пайдалануға беру 2025 жылдың соңына жоспарланған, бірақ, мердігер құрылысты қыркүйек айында аяқтауға мүмкіншіліктері жететіндігін айтып, міндеттеме алды.
Марат Ахметжанов жаңа спорт мектебінде қысқы спорт түрлері басым болатынын атап өтті. Сондықтан, ол заманауи шаңғы-роликті трассаның құрылысы жоспарланғанын, сондай-ақ, жақын арада Зерендіде кинотеатр, кітапхана және ересектер мен балалардың бос уақытын өткізуге арналған басқа да мүмкіндіктері бар тарихи-өлкетану орталығы да пайда болатынын тілге тиек етті.
– Инфрақұрылым мен спорт нысандарының дамып келе жатқаны спортсүйер жастарды жеңіске ұмтылдырады. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектебінде 806 оқушы жаттығып жүр. Оларды 25 жаттықтырушы әртүрлі спорт түріне баулуда. Енді жақын болашақта жаңа мектеп іске қосылған соң, спортшыларымыздың саны 1500-ге дейін артады деп сенемін. Ескі мектепте біз облыс, республика деңгейінде көрініп жүрдік, енді Азия, Әлем, Олимпиада ойындарына спортшылар дайындауды міндетке аламыз, – деді спорт мектебінің директоры Қайырбек Тілеубаев.
Салтанатты шара 200-ден астам адамды қамтыған шаңғы жарысына ұласты.
Аймақ басшысы салтанатты шарадан соң, осы ауданға қарасты Мәлік Ғабдуллин ауылына ат басын тіреді. Елді мекенде 900-ге жуық адам тұрады. Онда фельдшерлік-акушерлік пункті ашылып, халық игілігіне тапсырылды. Іші-сырты қажетті заманауи құрал-жабдықпен қамтылған жаңа медициналық нысанға көршілес 3 ауылдың да тұрғындары тіркелген.
Бұрын тұрғындар қосымша дәрігерлік көмек алу үшін облыс орталығына немесе аудандық емханаға баруға мәжбүр болатын. Енді алысқа бармай, өз ауылдарында-ақ маманның көмегіне жүгіне алады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған ФАП-тың аумағы 260 шаршы метрді қамтиды. 1997 жылдан бері медициналық мекеме жеке тұрғын үйде орналасқан. Енді ауыл тұрғындары ем қабылдап, тексеруден жаңа, кең әрі заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратта өте алады. Жаңа нысанда физиотерапия кабинеті, залалсыздандыратын, процедуралық бөлмелер, дәріхана пункті сияқты қосымша бөлмелер қарастырылған. Жиһаз жабдықтарын қамтуда қазақстандық өнімдерге басымдық берген.
– Бұл жобаның мақсаты – ауылдық елді мекендердегі тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және негізгі қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Ұлттық жоба аясында өткен жылы Ақмола облысында 28 нысан ашылса, биыл өңір ауылдарында тағы 10 нысан ашылады, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Медициналық пункттердің ашылуы шалғай елді мекендер тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болып саналады. Мәлік Ғабдуллин ауылдық округінде шамамен 1 мыңнан астам адам тұрады.
Сөз соңында айта кетсек, ауданда қазіргі уақытта 67 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Халыққа 32 дәрігер мен 168 орта медициналық қызметкер медициналық көмек көрсетуде.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.
Суреттерде: зеренділік спортшылар және Мәлік Ғабдуллин ауылының жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті.