Әкім – ел ішінде!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград және Аршалы аудандарына жұмыс сапары барысында мемлекеттік газдандыру бағдарламасы аясында «Нұрлы» тұтынушылар кооперативінде табиғи газды іске қосу рәсіміне қатысты. Осы бағдарламаның арқасында Целиноград ауданындағы 3500-ден астам тұрғын экологиялық таза және экономикалық тиімді көгілдір отынға қол жеткізді. Сондай-ақ, салтанатты рәсімге «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров, депутаттар және аудан жұртшылығы да қатысты.
– Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңір экономикасын қолдауға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде табиғи газбен қамтамасыз ету ел Президентінің бақылауында. «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аясында Аршалы өңіріндегі 17 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Міне, Целиноград ауданына газ келді. 2025 жылы аудандағы Шұбар, Қоянды, Аққайың ауылдары және Қосшы қаласы көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады. 835 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 21 664 абонентті табиғи газбен қамтамасыз етеді, – деді Марат Ахметжанов.
Нақтырақ айтсақ, елді мекенді газдандыру аясында шамамен 68 шақырым газ желісі тартылып, 7 шкафтық газ тарату стансасы орнатылды. Аймақ басшысы өңірді газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасатынын баса айтты.
Өз кезегінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ бас директоры Бауыржан Асқаров газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздіктің маңыздылығына тоқталды.
– Газ – бұл жайлылық пен жылу, бірақ, оны пайдалану жауапкершілікті талап етеді. Жаңа тұтынушылар ең алдымен тұрмыста табиғи газды пайдалану ережелерін үйренуі, жабдықты уақытылы тексеріп, оның жарамдылығын қадағалауы қажет, – деді Б.Асқаров.
Табиғи отынға қол жеткізген тұрғындардың бірі Ғайша Рүстемова:
– Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отырған Ел Президентіне, облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Бұл үйде тұрып жатқанымызға екі жыл болды, пеш жағып келдік. Енді үйіміз жылы әрі жайлы болатынына өте ризамыз, – деген қуанышымен бөлісті.
Аймақ басшысы Аршалы ауданына Жібек жолы ауылының су басу қаупі бар тұсында орналасқан үш шағын ауданында 6 шақырымдық бөгеттің құрылысымен танысты. Нысанның құрылысымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов те танысты.
Жоба «Демеу Қазақстан қоры» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Қорғаныс құрылымының биіктігі жер бедеріне байланысты 2 метрден 5,3 метрге дейін. Мұнда көлік пен малға арналған үш өткел салынады. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жанет Микишеваның айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау керек. Бірінші кезекте – бөгет корпусы мен өткелдер құрылысын су тасқыны кезеңіне дейін аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта аумақ бұталардан тазартылып, топырақтың құнарлы қабаты алынып, инертті материал әкелінді. Жұмысқа 63 техника жұмылдырылған. Олар самосвалдар, бульдозерлер, роликтер және автогрейдерлер. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі.
– Өткен жылы бұл учаскеде үлкен жұмыс атқарылды, қомақты қаржы ресурстары бөлініп, жұмыс қолы көбейді. Су тасқыны кезінде туындаған барлық мәселелерді ескеру қажет. Ең алдымен, жұмыс тиімді жүргізілуі керек. Барлық мердігерлерге осы жөнінде ескертілді. Оларға қатаң бақылау жүргізіліп, бөлінген әрбір теңге есепке алынды, – деп баса айтты Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, Аршалы ауданы Анар ауылдық округінде Анаркөл көлінің қорғаныс бөгеті қайта қалпына келтірілуде. Жұмыс 60 пайызға орындалды, осы көрсеткішті ақпан айының соңына дейін 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қорғаныш бөгет арқылы көлдің толып, арнасынан асып кетпеуі үшін Анаркөл көлінің төменгі бөлігіне 15 су өткізгіш құрылымдар төселеді.
Облыс әкімі Целиноград ауданы Қызылсуат ауылдық округіне қарасты «Нұрлы» тұтыну кооперативінде орналасқан «Моя ферма» серіктестігінің сүт зауытының өндірісімен танысты.
Міне, бес жылдан бері астаналықтар мен елорда тұрғындары табиғи сүт өнімдерін тұтынып келеді. «Моя ферма» брендімен сүт зауыты сүт, қаймақ, май, айран, құрт, сүзбе, сулугуни ірімшігі, йогурт және балқытылған «Масло гхи» өнімдерін шығарады.
– Тәулігіне үш тонна сүт өңдеп, 15 түрлі өнім шығарып, елордадағы ірі сауда орындарына өткіземіз. Сату көлемі жыл санап өсті және біз осының есесінен отбасылық бизнесімізді кеңейтеміз деп шештік. Қазір күніне 30 тонна сүтті өңдеуді жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлікті кеңейтуге өз қаражатымызды салып жатырмыз және мемлекеттік қолдауды пайдаланудамыз, – дейді кәсіпорын директоры Қуаныш Найманов.
Қазіргі таңда кәсіпорын 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлікті кеңейтіп, өндірісті жаңғырту арқылы қосымша 60-тан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Мұны облыс әкімі де құптап, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде серіктестіктен алдағы уақытта жаңа жетістіктер күтілетінін атап өтті.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Целиноград және Аршалы аудандары.