Жұмабек Тәшенов – 110
Қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалған тұлғалар аз емес. Әсіресе, аласапыран кезеңдерде туған еліне ес болып, бағыт-бағдар көрсеткен жандардың біздің жүрегімізде алатын орны ерекше. Соның бірі, қазақ тарихындағы шоқтығы биік мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы Аршалы ауданының Танакөл ауылында туған.
Көрнекті тұлғаның арғы ата-бабалары да осы өңірді ежелден қоныс қылған. Орта дәулетті отбасында дүниеге келген Жұмабек ағаның әкесі Тәшен мен шешесі Гүлсім шағын шаруашылық иелері болған.
Болашақ мемлекет қайраткерінің өзі болса, 9 жасынан бастап әкесімен бірге мал бақты, кейін кеңес өкіметінің сауаттандыру науқанына ілікті. 1933 жылы Ақмола құрылыс техникумына оқуға түсіп, бір жылдан кейін қоғамдық жұмысқа кірісті. Бұл оқу орнын 1955 жылы бітіріп, қызмет жолын аудандық комсомол комитетінің хатшылығынан бастаған. Ол кезде Жұмабек Тәшенов 19 жаста болған. 25 жасында облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары болды. 29 жасында облыстық партия комитеті хатшысы, 37 жасында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 40 жасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
Жуырда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр үлгілі кітапханасында Жұмабек Тәшеновтың 110 жылдығына орай, «Ер есінде – ер тұлға» атты іс-шара өтті. Оған еңбек және денсаулық сақтау саласының ардагері Сансызбай Әбуев пен Краснояр көпсалалы орта мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушылары қатысты.
Сансызбай Қабиденұлы өз сөзінде «Кешегі тоталитарлық жүйенің тар қыспағы кезінде ел мүддесі үшін өзімшіл саясатқа қаймықпай қарсы тұрып, текті елдің ұрпағы екенін танытып, шыбын жанын шүберекке түйген Жұмабек Тәшенов сияқты арыстарымыздың есімдері өз халқымен мәңгі жасай береді», – деп атап көрсетті.
Іс-шара барысында Жұмабек Тәшенов туралы слайд пен бейнебаян көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Рустам ӘУБӘКІРОВ,
Көкшетау қалалық Краснояр үлгілі кітапханасының қызметкері.