Аналар кеңесі – ұлттық тәрбие қайнары

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқан болатын.  Бесік қазақ ұғымындағы ең бір киелі бұйым болып есептеледі, ұрпақ тәрбиесі осы киелі бесіктен бастау алады. Целиноград аудандық Аналар кеңесінің басты жұмыс бағыты осындай ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «тәрбие басы – тал бесік» тұжырымдамасына келіп саяды.  

Ұлтымыз қыз баланы ерекше құрметтеп, оның тәрбиесіне байыппен қарап, айрықша мән береді. Себебі, бұл дүниеде қыз балаға жүктелетін міндет өте салмақты. Ол – ертеңгі жар, өмірге ұрпақ әкелетін ана, бір отбасының шырағын сөндірмей сақтап қалатын келін, жоғарыда атап өткен бесік тербететін, ұрпағын әлдилейтін ардақты жан. Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қызды тәрбиелей отырып, ұрпақты тәрбиелейміз деген ата-баба аманатын арқалаған Аналар кеңесі 2014 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде қанатын кеңге жайып, отбасы институтын сақтау мен нығайту мақсатында жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы, Ақмола облысында бүгінге бір облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық, 87 ауылдық Аналар кеңестері жұмыс істеуде.

Целиноград ауданындағы аналар кеңесінің төрайымы Айнаш Ақмамбетованың айтуынша аналар кеңестерінің биылғы жұмысы – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал етуге, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосуға бағытталған.

– Аналар кеңесі – тәрбиенің бастауы. Ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бұл Жаратқанның берген құдіреті. Ана бақытты болса, бала бақытты. Ал, баланың бақыты үшін әр адам  қоғамның тыныштығы мен берекесін сақтауға барынша дайын болуы тиіс. Біздің кеңестегі әр ана аз да болса осы қоғамның тыныштығы мен берекесіне өз пайдаларын тигізуде деп ойлаймын. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе. Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастықта жұмыс жасайды,–дейді Айнаш Ақмамбетова.

Естеріңізге сала кетсек, елімізде 2014 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының облыстардағы филиалдары жанынан құрылған аналар кеңестерінің I республикалық форумы өткен болатын. Содан кейін барлық елді мекендерде осындай ұрпақ тәрбиесіне бағытталған  Аналар кеңестері құрыла бастады. Целиноград ауданының аналар кеңесі де бастауын сол жылдардан алады.

– Жер-жерде аналар кеңестерін құру керек деген ұсыныс жасалғанда, біздің ауданда да осы ұйым құрылған. Ал, 2018 жылы аудандық аналар кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында Зәуре Қақабаеваның жетекшілігімен бірқатар бастамалар қолға алынып, жұмыс тиісті жолға қойылды. Ауылдық округтерде аналар кеңестерін ашып, ол жерлердегі төрайымдар бекітілді, олардың басын қосып, түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрды. Қазіргі уақытта ауданның 20 ауылында аналар кеңестері жұмыс істейді. Олар ұлттық салт-дәстүрлерімізді жастарға насихаттап, ұрпақ тәрбиесін жалғастыру, отбасы құндылығын сақтау бағытында іс-шаралар өткізіп тұрады, –дейді Айнаш Бекбайқызы.

Аудандағы аналар кеңестерінің құрамына көп балалы аналар, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, зейнеткерлер, жастар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері кіреді. Қоғамдық ұйым аудандық және ауылдық округтердегі әкімдіктермен, білім және мәдениет бөлімдерінің басшыларымен бірлесіп, бірқатар жұмыстың басын қайырған екен.  Былтыр Қоянды ауылында Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанайдың қатысуымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тұжырымдамасы аясында үлкен конференция ұйымдастырылды. Әр округте «Жақсылыққа жетелейтін жандар» атты дөңгелек үстелдер, «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы» атты челлендждер, «Бақытты ана – бақытты отбасы» атты байқаулар өткізілген.

–Ұрпақ тәрбиесі, әсіресе, қыз бала тәрбиесі аналар үшін өте маңызды. Сол себепті әр ауылдың мектебінде «Қыздар» клубтары ашылып, жұмыс істеуде. «Бұрымды қыз», «Мәншүк қыздары», «Тұмарым», «Сырғалым», «Қызғалдақ» ұйымдарының жұмыс барысы, тәжірибесі көпке үлгі боларлық, –деп осы клубтардың еңбегін атап өтті төрайым.

Ана деген мейірім мен сүйіспеншіліктің, жанашырлық пен қамқорлықтың да негізі. Ол жабырқағанды жұбатып, жылағанды уата алатын мейірбан жан. Аналар кеңесі осы орайда, қайырымдылық істерімен де айналысады. Мәселен, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысып, қайырымдылық марафонына да жүйелі түрде ат салысады.

–2024 жылға дейін аудандық аналар кеңесінің қоғамдық жұмысын Зәуре Қақабаева басқарып келді деп жоғарыда айттым. Мен 2024 жылдың қаңтарынан бастап, жаңа құрамда жұмысты жалғастырдым. Ауылдық аналар кеңесінің төрайымдарының қатысуымен Алғыс айту челленджі ұйымдастырылды. «Бұрымды қыз» байқауын өткіздік. Ұлттық тәрбиеден бастап, салт-дәстүріміз насихатталған бұл қыздар байқауына 12 ауылдық округтің жасөспірімдері қатысып, 3 округтің қырмызы арулары жүлделі орындарға ие болды, –дей келе Айнаш Ақмамбетова өткізілген тағы басқа да бірқатар шараларға тоқталды.

Сөйтіп, өткен жылы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Айкөркем» балабақшасының ұжымы ақ жаулықты әжелерді шақырып, балаларға ертегілер айтқызған. Қараөткел ауылдық округіндегі «Тайлақ KZ» балабақшасының ұжымы барша отандастарымызға, ата-аналарға, бүлдіршіндерге инстаграмм арқылы алғыс білдірген. Сонымен қатар, балалардың бойында туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, ұлттық рәміздерімізді құрмет тұтуға баулу мақсатында білім ордаларында түрлі  тақырыптарда ашық сабақтар өткізуге мұрындық болған. Рақымжан Қошқарбаев ауылының орта мектебінде оқушылар мен мұғалімдер арасында «Екі жұлдыз» вокалдық ән байқауын, әр ұлттың өкілдерінің қатысуымен «Самаурыннан шай ішейік» сайысын,  Қоянды ауылында «Ұша білген қанатқа дүние кең» атты тақырыппен  көңілді тапқырлар сайысын өткізген.

Аналар кеңесінің былтырғы соңғы форумы «Ұлттық құңдылықтар ұлтты құрметтеуден басталады» деген тақырып аясында өткен. Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай  «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген екен. Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан ғасырға жеткен халқымыздың асыл қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы деп білетін Айнаш Бекбайқызы:

– Аналар кеңесінің әрбір іс-шарасы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оның мән-маңызын мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға түсіндіру, ата-баба мұрасына дақ түсіртпей, оны құрметтеуге шақыру бағытында ұйымдастырылып жүр. Есімізге түсірсек, біздің әжелеріміз бен аталарымыз ұлттық құңдылықтарға зор мән берген. Мысалы, ұлттық киімдерді өздері тігіп, әшекейлерді зергерлерге жасатып тағатын, көрпе-төсек жабдықтарын өздері құрап алатын, кілем, алаша тоқитын, ұлттық тағамдарымызды бидайдан, тарыдан, сүттен, дайындайтын, ағаштан бесік, домбыра, астау секілді заттарды жасайтын. Осы құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа ата-бабаларымыз жеткізді, біздің де ендігі міңдетіміз осыны жалғастырып, келесі ұрпаққа жеткізу, – деді.

Осы орайда, өз әңгімесінде ауданда ұлттық бұйымдар жасайтын азаматтарды қолдап, мектептерде немесе мәдениет үйі жанынан курстар ұйымдастыру қажеттігін де атап өткен кеңес төрайымына алдағы жұмыстарына сәттілік тіледік.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар