Жаңа газет
2 ақпан – Ұлттық басылым күніне орай, Степногорск қалалық «ALTYN QALA» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл Степногорск өзінің 60 жылдық тарихында тұңғыш рет қазақ газетін шығарып отыр деген сөз. Бұған қалай қуанбасқа!
Сондықтан да, қала орталығындағы мәдениет үйінде баспаханадан шыққан жаңа басылымды көпшілікке таныстыру мақсатында оның тұсаукесер рәсімі болып өтті. Халқымыздың рухани өміріне заманауи серпін беретін жаңа басылымның ресми таныстырылымына өңірдегі әр саланың басшылары мен мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Салтанатты шарада Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде:
– Баспасөз – қоғамның айнасы, ел дамуының көрсеткіші. Журналистердің шынайы ақпарат таратуы, қоғамдық пікірді қалыптастыруы халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір іспеттес. Қаламыздағы ақпарат саласын кеңейтіп, оқырмандарына сапалы контент ұсынуды мақсат еткен басылым қатарына бүгін тағы біреуі қосылып жатқандығы қуантады. Жаңа басылым қаламыздың әлеуметтік-экономикалық тынысын ашық көрсетіп, елдің мәдени-рухани саласының дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз. Ұжымға шығармашылық табыс, оқырмандарының қатарының көп болуын тілейміз! – деген ақ тілегін жолдады.
Одан әрі сөз кезегін игі бастаманың басында тұрған, газеттің негізін қалаушы әрі құрылтайшысы, ұлттық руханияттың жанашыры, ақын Бауыржан Қарағызұлы алды.
– Бүгінгі күн – мен үшін ерекше күн! Өйткені, біз көптен бері ойға алған арманымызды жүзеге асырып отырмыз. «Altyn Qala» газеті – бұл жай ғана басылым емес. Бұл – қаламыздың шежіресін жазатын, халықтың үнін жеткізетін, халыққа әр күннің жаңалығын ұсынатын басылым. Газеттің алғашқы саны 2 ақпан – Ұлттық басылым күні жарық көрді. Біз бұл күнді бекер таңдаған жоқпыз. Өйткені, ол қазақ журналистикасының бастауы саналатын, елдік мүддені қорғау жолында баспасөздің айрықша рөл атқаратынын білдіретін ерекше күн. Заманауи технологияның дамуына байланысты біз газетіміздің altynqala.kz атты ресми веб-сайтын да іске қостық. Бұл сайт – жылдам ақпарат алудың сенімді көзі, халықпен тікелей байланыс орнататын ашық платформа. Сондықтан, ұлт руханиятына қызмет ету – біздің басты міндетіміз, – деген ол газеттің электронды нұсқасымен де таныстыра кетті.
Сондай-ақ, «Altyn Qala» газетінің бас редакторы Дәулет Асау жиналған қауымды басылымның қызметкерлерімен таныстырып, газеттің бағыт-бағдары, ішкі мазмұны туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
– Газет ашу – өте жауапты іс. Бәрінен де оны заман ағымына сай, оқырмандардың жоғары талаптарын қанағаттандыра алатындай етіп шығарып отыруымыз маңызды. Сіздер мұнан өзекті ақпараттар мен әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы талдауларды, танымдық материалдарды оқи аласыздар. Сондай-ақ, тұрмыстық түйткілдер мен түрлі мәселелерге қатысты өздеріңіз де қалам сілтеп, ұсыныс-тілектеріңізді жеткізе аласыздар. Бұл жұмысымызда біз қаланың зиялы қауымымен, қоғаммен тығыз байланыс орнатып, газеттің бетін ашық диалог алаңына айналдыра аламыз деген үміттеміз. Басылымның таныстырылымына келіп, ниеттес болып отырғандарыңызға рақмет. Ең алдымен, жергілікті қауыммен ой-пікір алмасуға жағдай жасап, осындай алқалы жиын ұйымдастырып отырған қала басшылығына айтар алғысымыз зор, – деп түйіндеді сөзін басылым басшысы.
Салтанатты жиын барысында қалалық ардагерлер кеңесінің басшысы Фарида Боташқызы және қалалық мәслихат депутаты Александр Накошный да сөз алып, жаңа бастамаға қолдау танытып, «тұғыры мықты басылымдардың бірі болуына сенім білдірген қуаныштарын жеткізді. Газеттің алғашқы саны қолдарына тиген оқырмандар болса, оның мазмұны мен сапасын жоғары бағалай отырып, өздерінің ұсыныс-тілектерін де қосып жатты. Ал, өңірлік басшылық газетпен тығыз қарым-қатынаста, нәтижелі жұмыс жасауға уағдаласып, ел ішіндегі мәселелердің уақытылы шешілуіне өз үлесін қосатын төл басылымы болатындығына сенім білдірді.
Бұған барлық мүмкіндік бар. Газеттің шығармашылық құрамы қаламы қарымды журналистермен толыққан. Бас редактордың орынбасары кәсіби журналист Гүлназ Бисен. Газет аптасына бір рет ақ-қара және түрлі-түсті А2 форматта, 8 бет болып, Астана қаласындағы «Медиа – холдинг «ERNUR» серіктестігінен 1500 данамен басылып шығады.
Сонымен, өзінің 60 жылдық тарихында тұңғыш рет жеке қазақ газетіне қол жеткізіп отырған степногорскіліктерді біз де 108 жыл даму жолы бар Ақмола өңірінің айнасы – «Арқа ажары» газетінің ұжымы мен оқырмандары атынан осы бір қала өміріндегі ерекше оқиғамен шын жүректен құттықтаймыз. Ақпаратың жан-жақты, ойларың салмақты болсын, «Altyn Qala»! Ұлттық басылым күні жарық көрген газетті сол қазақ сахарасында тұңғыш «Қазақ» газетін шығарған бабалар рухы қолдасын!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.