(Мәскеу сапарынан жазба)
Қанқұйлы ХХ ғасырдағы зауалды кезеңнің бірі – отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіні зобалаңы екені әркімге аян. Бұл жылдарды біздер «37-нің қуғын-сүргіні» деп атағанымызбен, Сталиннің саяси терроры жиырмасыншы жылдардың аяғында-ақ басталғаны белгілі. Атышулы қуғын-сүргін жөнінде оқып-біліп жүргенімізбен, қызыл қырғынның жалпы масштабын тану үшін жазықсыз құрбандар жатқан қорымдарды аралап, өз көзіңмен көру керек. Сонда ғана осы бір алапат қырғынның адам баласына қаншалықты қайғы-қасірет әкелгенін жан дүниеңмен түсінесің.
Айталық, сонау Сібірде, болмаса поляр шеңберінде, басқадай лагерьлерде немесе өзіміздің Алматыда жазықсыз оққа байланғандарды, арып-ашып өлгендерді есептемегенде, Мәскеудің үлкен-үлкен үш-төрт зиратында жатқан жүздеген мың адамдардың тізімін көзбен көргенде, еріксіз төбе шашың тік тұрады. Бұлардың ішінде кімдер жоқ дейсіз: ғұлама ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер иелері, тіпті кәмелет жасқа толмаған сәбилер де бар. Бірақ не үшін, кім үшін ажал құшқандары белгісіз.
Осы жазықсыз құрбандардың ішінде Алаш жұртының болашағы үшін арман арқалап кеткен ұлтымыздың небір көшбасшылары да бар екенін білесіздер. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғазымбек Бірімжанов, Ораз Исаев, Зияда Әбенов, Дінмұхаммет Әділов, Әбдірахман Байділдин, тағы басқа да Алаш зиялыларына осы қаладан топырақ бұйырған.
Біздердің бұл тақырыпты сөз етіп отырған себебіміз, жуырда Павлодар облыстық әкімдігінің қолдауымен екі адам – мен және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі үш тұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина екеуіміз Мәскеу қаласына барып, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың басына зиярат етіп қайтып едік.
Жүсекеңнің басына біздер алғаш 2014 жылы, жазушының 125 жылдығына орай барған болатынбыз. Сол жылы мен наурыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сол кездегі депутаты, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің атына «Мәскеудегі Жүсіпбек Аймауытовтың сүйегін елге әкеліп жерлесек» деген мазмұнда хат жазып, ол кісі дереу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне шығып, министрлік Мәскеумен хабарласып, соңында маған Мәскеу қаласының мэриясынан «Аймауытовтың сүйегін қазып алуға мүмкіншілік жоқ» деген жауап келген болатын.
Дегенмен, біздер бір топ адам Павлодар облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауымен Мәскеудегі Жүсекең Аймауытұлының басына зиярат етіп, өзінің туған өлкесі Әулиелі Қызылтаудың топырағын апарып салып, дұға бағыштап қайтып едік.
Қараңыздар, егер Жүсіпбек 1931 жылы атылған болса (кейбір деректерде 1930) біздер оны атылғаннан кейін тек 83-84 жыл өткесін ғана іздеп барған екенбіз!
Былтырғы жылы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы аталып өткенін білесіздер. Мен жаз айында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа өтініш етіп: «Біздер Жүсекең басына барып қайтқалы 10 жыл өтіпті, тағы бір барып қайтсақ, себебі о дүниедегі адамға той-думан емес, бір ауыз дұға керек», – деп едім.
Асайын Қуандықұлы бауырымыз бұл ұсынысты қуана қолдап, қаражат бөлдіріп, жуырда екі адам Мәскеу қаласына барып қайттық дедім әңгіменің басында.
Бір жақсы жері, Павлодар облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқан ініміз «Мәскеу қаласындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» деп аталатын аймақтық-қоғамдық ұйымымен хабарласып қойған екен. Мен осы ұйымның вице-президенті Гүлшат Алимова қарындасымызға алдын ала телефон шалып, мән-жайды түсіндірген едім. Сөйтіп, Мәскеудегі бауырлар бізді ықыласпен қарсы алып, қазақша айтқанда екі күн бойы табанымызды жерге тигізген жоқ.
Серік Тойғамбаев атты бауырымыз Мәскеудің Тимирязев атындағы академиясында сабақ береді екен. Өзі белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Осы Серік бауырымыз өзінің көлігімен Мәскеудегі жазықсыз құрбандар жерленген Ваганьков, Дон, Коммунарка секілді біраз қорымдарды арнайы аралатып, көрсетті. (Бір қызығы, Серік те Қызылтаудың Күлігі, оның ішінде Бейбіт-Астанақұл, өзімнің бауырым болып шықты. Яғни, Жүсекең үшеуміз бір атаданбыз деген сөз).
Бізді қарсы алған адамдардың ішінде белгілі қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Раушан Қанапиянова апайымыздың болғаны тіпті қуантты. Бұл кісі белгілі ақын Бақытжан Қанапияновтың туған әпкесі. Көкшенің Сырымбетінде дүниеге келген, сүйегі – Төре.
Раушан апай сексенінші жылдары Қазақстан Орталық Комитетінде нұсқаушы, одан соң Целиноград облыстық атқару комитеті төрағасының (Тәукенов Қасым ағамыздың) орынбасары болып жүріп, Орталық Комитеттің шешімімен Мәскеуге КСРО Жоғарғы Кеңесінің секретариатына қызметке ауыстырылады. Кейін Одақ құлағасын, ол кісі Ресей үкіметінде мемлекеттік қызметке кадрлар дайындау басқармасында сектор меңгерушісі, Ресей мемлекетік Думасында халықаралық істер комитетінде аппарат жетекшісі секілді жауапты қызметтер атқарған.
Раушан Мұсаханқызы бүгінде саяси ғылымдар докторы, «Форум женщин Евразий» деп аталатын үйлестіру кеңесінің төрайымы, Ресей Президенті жанындағы РАНХиГС профессоры, III санаттағы мемлекеттік кеңесші.
Бүгінде жасы сексенге таяп қалған Раушан апай біздің келгенімізге балаша қуанып, үш зиратты (Ваганьков, Дон, Коммунарка) шаршамастан жаяу жүріп, бірге аралады. Бұл кісі біз елге аттанып кеткесін, Ваганьков зиратына тағы да барып, Жүсіпбек Аймауытов жөнінде тағы да біраз сұрау салғанын Гүлшат қарындасымыз хабарлап айтты.
Мәскеудегі қазақ ұлттық-мәдени ұйымның президенті Арыстанбаев Рахат Тұрдымұратұлы деген азамат екен. Өкінішке орай, ол бауырымыз іссапарда болып, кездесе алмадық. Дегенмен сол жердегі ұйым мүшелері: университет ұстазы, ғылым кандидаты, РАНХиГС профессоры Мықтыбаев Талғат, Бекарыстанова Гүлнәр, ерлі-зайыпты Опабек және Диляфруз Танғатаровтар, Баян Нұрсапарова, Гүлсім Меңлібаева, Сәуле Жанәлі атты қарындасымыз қызы Томириспен, Зарина Парфенова атты оқымысты қызымыз, тағы басқалары қуана қарсы алып, бірге жүрдік.
Мәскеуде тағы да бір қарындасымыз Гүлнәр Теміртайқызы университетте сабақ береді екен. Гүлнәр да менімен рулас, Күліктің Тілеуімбет атасынан тарайды. Атақты Мәшһүр Жүсіп әулиеге туыс екен.
Ваганьков зиратында Жүсекеңнен басқа Қазақстан Мен Орта Азия жастарының комсомол жетекшісі болған Ғани Мұратбаев та жатыр (қуғын-сүргіннен бұрын ауырып қайтыс болғанын білесіздер). Басына барып, дұға бағыштадық.
Бұл жерде Жүсекеңмен бірге ажал құшқан қазақ зиялылары Әбдірахман Байділдин, Дінмұхаммет (Дінше) Әділов, Ахмет-Сафа Жүсіповтер жатқаны қорымның Қаралы кітабында көрсетілгенін оқып білдік.
Байдильдин Абдрахман. Род. 1897, Советский р-н Северо-Казахстанского округа, казах, член ВКП(б), обр.среднее, научный сотрудник Казахского госуниверситета, прож.: г.Алма-Ата, ул.Илийская, 6. Арест. 5.07.1929. Приговорен Коллегией ОГПУ 4.04.1930, обв.: антисоветская агитация. Расстрелян 21.04.1930. Реабилитирован на основании ст.1 УПВС от 16.01.1989.
Адилев Диньмухамед. Род. 1900, аул 3 Сары-Суйского р-на Сыр-Дарьинского округа, казах, б/п, обр.среднее, директор национального театра в г.Кзыл-Орде, прож.: аул 3 Сары-Суйского р-на Сыр-Дарьинского округа. Арест. в декабре 1928. Приговорен Коллегией ОГПУ 4.04.1930, обв.: принадлежность к к.-р. организации и антисоветская агитация. Расстрелян 21.04.1930. Реабилитирован 4.11.1988.
Юсупов Ахмет Сафа., Род. 1895, Батбаккаринский р-н Кустанайского округа, казах, б/п, обр.низшее, служащий редакции «Энбекши-казах», прож.: г.Кзыл-Орда, ул.Сельверстова, 28. Арест. 29.01.1929. Приговорен Коллегией ОГПУ 4.04.1930, обв.: принадлежность к к.-р. организации и антисоветская агитация. Расстрелян 21.04.1930. Реабилитирован 4.11.1988.
Аймауытов Жусупбек (Джусупбек). Род. 1895 аул 1-го Павлодарского уезда Кызыл-Тавской вол. Семипалатинской губ. Казах. б/п, обр. среднее, преподаватель Чимкентского педагогического техникума
Прож. г. Чимкент, Пушкинская ул. 5.
Арест. 20.05.1929. Приговорен Коллегией ОГПУ 4.04.1930. обв:. принадлежность к к.-р. организаций и антисоветская агитация.
Расстрелян 21.04. 1930. Реабилитирован в 4. 11.1988 г.
Москва. Ваганьковское кладбище.
Бұл жерде бір айта кететін жайт, Жүсіпбек Аймауытұлының жалпыға белгілі өмірбаянында «1931 жылы 21 сәуірде атылған» деп жазылып жүр. Ал мына Қаралы кітапта ол 1930 жылы 21 сәуірде қаза болған дейді. Және Мәскеу түрмесінде болған Дінмұхаммет Әділов, Әбдірахман Байділдин, Ахмет-Сафа Жүсіповтер де дәл сол күні атылғаны көрсетіледі. Шындығында зерделеп қарасақ, барлығы бір күнде ажал оғына байланған секілді. Сондықтан, Жүсіпбекке байланысты «1931 жылы атылды» деген датаны әлі де анықтау қажет сияқты.
Одан бөлек, біздер жазушының өмірбаянында оны 1889 жылы туған деп жазып жүрміз. Қазіргі мерейтойлары да осы датамен белгіленеді. Ал жоғарыдағы құжатта Жүсіпбектің туған жылы 1895 деп көрсетіліпті. Байқасақ, осы дұрыс секілді. Бұл бізге бұрыннан да белгілі дата болатын. Бірақ өкінішке орай, оны біздер көптен бері дәлелдей алмай жүрміз. Егер Жүсіпбек біздер жазып жүргендей, 1889 жылы туған болса, онда өзінің ағасы Сұлтанмахмұттан төрт жас үлкен болып шығады. Сондықтан, жазушының туған жылын да анықтай түсу керек секілді.
Ваганьков қорымында біздер саяси қуған-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш-стелланың түбіне гүл шоқтарын қойып, Жүсекең рухына бағыштап дұға оқыдық. Зират әкімшілігінің айтуынша, Жүсіпбек Аймауытұлы осы ескерткіштің астында жалпы қабірде жатқан көрінеді.
Бұдан соң біздер екі машина болып, қаланың ішіндегі Дон зиратына барып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовтың, басқа да белгілі-белгісіз аруақтардың басына зиярат етіп, Құран сүрелерін оқыдық.
Одан кейінгі жолымыз Мәскеу облысының аумағындағы Коммунарка деп аталатын жалпы қорымға (спецобъект – арнайы нысан деп аталады) түсті. Бұл ара шын мәніндегі қасіретті де қаралы аймақ екен. Арнайы жасалған статистика бойынша осы жерде 10 мыңнан 11 мың 400 адамға дейін атылып көмілген.
Егер басқадай жазалу орындарында қатардағы адамдар да өлім жазасына кесіліп жатса, Коммунаркада тек аттары белгілі, үлкен басшылық қызметтерде болған саяси тұлғалар ғана өлім құшқан деп жазады анықтамалықта.
Белгілі саяси бюро мүшелері Н.Бухарин, А.Рыков, Дзержинскийдің орынбасары Я.Петерс, жазушы Б.Пильняк, Марина Цветаеваның күйеуі С.Эфрон, көптеген әскери қайраткерлер, ғалымдар, дін иелері, дәрігерлер осы жерге әкелініп атылған. Және үкім шыққан күні орындалып отырған.
Осы қасіретті орында ұлтымыздың зиялылары – Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғызымбек Бірімжанов, Ораз Исаев, Зияда Әбенов, тағы басқа да біз біліп-білмейтін адамдар мәңгілік мекен тапқан. Фотосуреттері бар тақтайшалар қойылғанымен, олардың сүйектері осы атшаптырым орманның қай тұсында жатқаны белгісіз.
Бұл арада тек Одақтас республиканың адамдары ғана емес, 11 шет мемлекеттердің де коммунистері жендет оғынан ажал құшып, көмілген. Мысалы, 1939 жылы Моңғол үкіметінің 28 адамы бірдей ұсталып, осында жеткізіліп атылған көрінеді. Қорымның кіреберісінде қаза болған жүзден аса моңғол азаматтарының аты-жөндері жазылып, ескерткіш тақта орнатылыпты. Біздер барғанда, Мәскеуде жұмыс істейтін моңғол елінің бірнеше жігіттері әлгі ескерткішті жуып, тазалап, маңайын абаттандырып жатыр екен. Аруақ сыйлаған моңғол бауырларымызға алғыс айтып, бірге суретке түстік.
Енді бірер сөз Мәскеудегі «Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» жайлы. Қазақстанның әр аймағынан жиналған қандастарымыз Мәскеу қаласында бірге туған бауырдай болып жүреді екен. Соған қуандық.
«Біздер бұл жақтағы ара қатынасымыз өте тығыз, үнемі араласып тұрамыз. Тарихи тұлғаларымызға қатысты түрлі іс-шаралар өткізіп, концерттер ұйымдастырамыз. Алдағы күндерде Шоқан Уәлихановқа арнап осындай үлкен жиын өткізбекшіміз. Сондай-ақ, Наурыз, Құрбан айт секілді мейрамдарда киіз үйімізді тігіп, ұлттық тағамдар әзірлеп, өз деңгейінде атап өтеміз, Қазақстанмен байланысымыз жақсы» – дейді автономияның вице-президенті Гүлшат Маханқызы.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет ететін Гүлшат Маханқызы Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тумасы. Мәскеуде қырық жылға жуық тұрады екен. Байқағанымыз, тұрмыстары бақуат, бала-шаға өсіріп, немере сүйіп отыр. Күйеу баласы шығыстанушы ғалым. Шаруамыздың бәрі тиянақталғасын, осы Гүлшаттың шаңырағынан дәм ішіп, жолға аттандық. Тағы да Серік бауырымыз өз көлігімен әуежайға жеткізіп, қош деді.
Сонымен Мәскеуге сапарымыздың нәтижесі осындай болды. Біздің ұсынысымызды қолдап, демеген, ел руханиятына қашанда оң көзбен қарайтын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бауырымызға мың алғыс! Тұғырыңыз биік болсын дейміз!
Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.