Атбасарда – жаңа пәтерлер, Зерендіде – жаңа амбулатория  

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Атбасар және Зеренді аудандарында болып  тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті және жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысты.

 Бұл мемлекеттің әлеуметтік жағынан осал санаттағы тұрғындар үшін жаңадан салынған үйден сатып алынған пәтерлер. Өңір басшысы халыққа қолайлы жағдай жасау жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеті болып қала беретінін атап өтті.

– Өз баспанаң болуы – әр отбасы үшін үлкен оқиға. Барлық өңірлерде заманауи тұрғын үй кешендері салынуда. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша облыста 28 көп пәтерлі тұрғын үй салынып, соның арқасында азаматтардың әлеуметтік осал санаттары 1,5 мың пәтерге ие болды. Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 2 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл ішінде мемлекеттік қордан баспана алу үшін кезекте тұрған 2,5 мыңға жуық отбасының тұрмыстық жағдайы жақсартылды. Мемлекет үй салып қана қоймай, жеке құрылыс салушылардан дайын пәтерлерді сатып алуды жалғастыруда. Өткен жылы 661 мың шаршы метрден астам тұрғын үй алаңына ие болған алты мыңнан астам ақмолалық қазір жаңа жайлы пәтерлерде тұрып жатыр, – деді Марат Ахметжанов.

Бұл күні арасында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер және басқа да кезекте тұрғандар бар, барлығы 76 тұрғын осы заманғы тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілттерін алды.

Жаңа пәтерге ие болған тұрғындар өз қуаныштарын жасыра алмады, өйткені, олардың көпшілігі бұл сәтті көптен күткен болатын. Олардың қатарында 15 жылға жуық жетім бала ретінде баспана кезегінде тұрған Юлия Юрченко да бар.

– Менің қызым өсіп келеді, әрине, мен енді осындай жайлы жағдайда тұратынымызға өте қуаныштымын. Үй жақсы, біздей балалы отбасыларға ыңғайлы. Мектеп, балабақша және басқа да инфрақұрылымдар жақын жерде орналасқан, – дейді бақытты пәтер иесі.

Биылғы  жылы тағы да 665 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Соның нәтижесінде бірнеше мың ақмолалық отбасы одан әрі қоныс тойын тойлайтын болады.

Бұл күндері Зеренді ауданында да осындай қуанышты оқиға орын алып, Айдабол ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» республикалық жобасы бойынша салынған дәрігерлік амбулатория ашылды. Ауыл тұрғындары мен медицина қызметкерлерінің қуанышын облыс әкімі Марат Ахметжанов бөлісті.

– Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасап, сапалы медициналық көмек көрсету. Ұлттық жоба аясында өткен жылы облыста 28 медициналық нысан ашылса, биыл тағы он медициналық нысан пайдалануға берілмекші. Екі апта бұрын ғана Мәлік Ғабдуллин ауылында фельдшерлік амбулатория аштық. Айдабол – тұрғындары көп үлкен ауыл, сондықтан, мұнда да осындай дәрігерлік амбулатория жұмыс істейтін болады, – деді облыс әкімі.

Бұл ауылдың және оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары бұрын да алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен медициналық көмекті аудан орталығына бармай-ақ өздерінде алып келген. Бірақ,  ескі дәрігерлік амбулатория осыдан бір ғасырдан астам бұрын, 1912 жылы салынған жалдамалы үй-жайда орналасқан болатын.

– Дәрігерлерде де, бізде де, көңіл-күй көтеріңкі, – дейді Айдабол тұрғыны Сәуле Сағадиева. – Барлығы стандартқа сай тұрғызылған жаңа ғимаратқа келу бір ғанибет. Заманауи физиотерапия кабинеті, дәріхана пайда болды. Амбулаторияда магниттік терапия да бар, мұнда ультрадыбыстық зерттеуден және электрокардиограммадан өте аласыз. Тұрғындар үшін өте ыңғайлы.

Зеренді орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, жаңа дәрігерлік амбулаторияға алты елді мекеннен 2700 ересектер мен балалар бекітілген. Қызметкерлер толық жасақталған, дәрігерлік қабылдаулар екі бағыт бойынша жүргізіледі. Акушерлік кабинет, ЛФК, 4 төсектік күндізгі стационар бар. Халық өз ауылдық округінің шекарасынан шықпай-ақ көмек алуы үшін барлық жағдай қарастырылған.

– Әрине, кейбір керек мамандар тапшы, бірақ, бұл айдаболдықтар сол үшін Зерендіге бара береді деген сөз емес. Әр саланың дәрігерлері бекітілген кесте бойынша Айдаболға өздері келеді. Ал, көктемнен бастап жылжымалы медициналық кешен облыс тұрғындарына кешенді медициналық көмек көрсететін болады, – деп толықтырды өз сөзін Бауыржан Сыздықов.

Бүгінде Зеренді ауданында 67 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді. Оларда 32 дәрігер мен 168 орта буын медицина мамандары жұмыс істейді.

Алексей ЧАЙКА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Атбасар және Зеренді аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар