«ENKI»-де нағыз еңбек тынысы

Жұмысшы мамандығы жылы

Осы аптада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Көкшетау «ENKI» кірпіш зауыты мен Ақмола облысы жастар ресурстық орталығы бірлесіп, жұмысшы жастармен және кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттерімен кездесу өткізді.

Шара барысында жастар кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, оның цехтары мен лабораторияларына экскурсия жасады.  Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғалы аймақта зауыттар мен кәсіпорындарда, серіктестіктер мен фермаларда жұмыс істеп жатқан қарапайым жұмысшыларға қоғамның назарын аудару шаралары басталып кетті. Расында қарапайым жұмыскерлерді қоғамның қозғаушы күші, локомативі десек, артық айтпаспыз. Ел экономикасын көтеру үшін өндіріс орындарының маңыздылығын арттыру да бүгінгі күннің басты талаптарының бірі екендігі сөзсіз. Осы орайда ұйымдастырылған бүгінгі шараның мақсаты да механик, электрик, слесарь, дәнекерлеуші, ағаш шебері, кондитер, тігінші, медбике, сияқты түрлі мамандықтарға жастарды тарту және олардың қоғамдағы орнының маңыздылығын түсіндіру болып отыр. Әрине, бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында маңызды рөл атқарады.

Шараға қатысушылардың да негізгі айтары да осы жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын, егжей-тегжейін жастарға насихаттау, оларға зауыттағы өндірісті жүзеге асыру барысын түсіндіру болды. Жастар ресурстық орталығының басшысы, шара модераторы Дастан Ермековтың айтуынша, биылғы жылы жоспарланып отырған жастарға арналған жобалардың ауқымы кең.

Осыған орай, Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде, 35 жасқа дейінгі, жетістігі мен тәжірибиесі бар, осы салада еңбек етіп жүрген жастарды анықтап, олардың атқарып жатқан қызметі туралы арнайы бейнебаяндар түсірілмек. Ол бейнероликтер облыстық, республикалық БАҚ өкілдері арқылы, сюжет күйінде көгілдір экран беттерінен жарық көрмек.

–Сонымен қатар, біз «Отбасы банкімен» және полиция департаменті, төтенше жағдайлар министрлігі, білім басқармасы сияқты жергілікті органдармен, кәсіпорындар, жекеленген ұйымдармен бірлесе отырып, әртүрлі іс-шаралар өткіземіз. Мұның барлығы жұмысшы мамандық иелерінің әлеуетін арттыруға бағытталған,– деді Дастан Ермеков.

Аймақта жыл сайын облыстық ішкі саясат басқармасының жастарға арналған жобасы – «Жас Ақмола» байқауы өткізіліп тұрады. Он бес номинацияға негізделген байқаудың былтырғы қорытындысы бойынша, «Жұмысшы мамандығының үздігі» аталымын осы «ENKI» зауытының лаборатория меңгерушісі Ольга Лабанова жеңіп алып, оған 300 мың теңге сыйақы табысталған. Осы шараға арнайы келіп қатысқан басқарманың жастар және отбасы бөлімінің басшысы Айсұлу Мырзахметова мұндай жобаларды ұйымдастырудағы мақсат пен міндетті түсіндіре келіп, аталған байқаудың сыйақысы 500 мың теңгеге дейін артқанын жеткізді.

–Сонымен қатар, жыл сайын өңірде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастарға арналған қайтарымсыз несие беру жобасы ұйымдастырылады. Ол медиа, мәдениет, ғылым, ІТ және бизнес салаларын қамтып, жастар осы бес сала бойынша өз жобаларын ұсынып, қорғай алады. Бұған 14 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі кез-келген ақмолалық қатыса алады. Әр жоба үшін 1 миллион теңге беріледі. Жобаға барлығы 12 миллион теңге бөлініп отыр, – деді Айсұлу Мырзахметова.

Осы жобаның өткен жылдардағы қорытындысында, Степногорск қаласының мектеп оқушысы Сабина Ахметова өз жобасын сәтті қорғап, аталған қайтарымсыз несиенің иегері атанған.

Сонымен қатар, шара барысында зауыттың цех басшысы Ерлан Мырзағалиев экскурсия кезінде жастарды өндіріс орындарындағы жүріп жатқан қызу жұмыстармен таныстырып, кірпіштің жасалу процесін түсіндірді. Арнайы өткізілген диалог алаңында зауытта жұмыс істеп жатқан жұмысшы мамандар туралы айта келіп, оқуын аяқтағалы отырған жас мамандарға осы зауытқа жұмысқа тұруға болатын мүмкіндіктерді алға тартты. Сонымен қатар, зауыттағы жұмысшыларға жасалып жатқан жақсы жағдайларды айта отырып, қолданыстағы техниканың мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің маманы Серік Құрмансейітов болса, зауыттар мен өндіріс орындарына, ауыл шаруашылығы, құрылыс сияқты әлеуметтік салаларға жұмысқа тұрғысы келетін, сондай-ақ, өз кәсібін дөңгелетуді ойластырып жүрген жастар палата тарапынан да қолдауға ие болатынын айтты.

Жалпы, қаптырмалық керамикалық кірпіш шығаратын «ENKI» зауыты 2006 жылы ашылып, содан бері еліміздің солтүстік өңірлерімен қатар батыс, оңтүстік аймақтарын да қызыл кірпішпен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, Ресейдің кейбір аймақтарына да осы зауыттың өнімдері жөнелтіледі. Жылына 60 миллион дана кірпіш шығаратын кәсіпорынның өнімі құрылыстың халықаралық стандартына сай жасалып, ыстыққа және суыққа, ылғалды атмосфераға төзімділігі ескеріліп, жоғары технологиялармен қолданысқа жіберіледі. Зауытта бас-аяғы 500-ге жуық адам еңбек етеді. Оларға күнделікті жұмысқа және үйіне жеткізу, тұрғын үймен қамту, медициналық көмек көрсету, жылдық демалыстарын ұйымдастыру сияқты зауыт тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Жұмысшылар әр жарты жыл сайын тағайындалған жалақы мөлшерінде сыйақы алып отырады.

Бір сөзбен айтқанда, «ENKI» зауытынан сіз нағыз еңбек тынысын сезінесіз. Мұнда жұмысқа келген жастар еш өкінбейді деген сенімдеміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар