Реновация бағдарламасы
Щучинск қаласында реновация бағдарламасы бойынша 100 жылдық тарихы бар 8 пәтерлі үйдің орнына заманауи 6 қабатты тұрғын үй кешені салынды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов сол үйден әлеуметтік осал топ өкілдеріне 40 пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Циалковский көшесі, 13 үй мекенжайында орналасқан 8 пәтерлі тұрғын үй 1924 жылы салынған. Ескірген ғимараттың меншік иелері 2022 жылдың қыркүйегінде Бурабай ауданының әкімдігіне жүгініп, баспананың апатты жағдайда екенін мәлімдеді. Сараптама жүргізілгеннен кейін, 2023 жылы ғимарат апатты деп танылып, оны бұзу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, жергілікті атқарушы органдар апатты үйді реновация бағдарламасына енгізу туралы шешім шығарады. Бұрынғы тұрғындар баспаналарын «Tasu Company» ЖШС құрылыс компаниясына босатып берді. Осылайша, жоба бюджет қаражатынан емес, тек жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Мердігер компания ескі ғимараттың орнына 48 пәтерден тұратын заманауи 6 қабатты тұрғын үй кешенін салды.
Айта кетейік, бұл үй – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан реновация бағдарламасы аясында Ақмола облысында салынған алғашқы тұрғын үй. Жаңа үйдің салынуы азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, қала келбетін оңына өзгертіп, оны қосымша инженерлік инфрақұрылым салу қажеттілігінсіз жаңартуға мүмкіндік береді.
Ескі пәтерлер жаңа, кең әрі жайлы баспанаға ауыстырылды. Бұрынғы тұрғындардың барлығы жаңа тұрғын үй кешенінен биік төбелі, жарық дәліздері бар заманауи пәтерлерге ие болды. Сондай-ақ, үйде лифт орнатылған, бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай арттырады. Кешен барлық қажетті жағдайлармен қамтылған және жайлы өмір сүруге толық мүмкіндік береді. Қалған 40 пәтерді Бурабай ауданының әкімдігі сатып алып, әлеуметтік осал топтағы ондаған азаматты баспанамен қамтамасыз етті.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа тұрғындарға кілт тапсыру барысында мұндай бағдарламалардың халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын атап өтті. Ол реновация тек апатты үйлер мәселесін шешіп қана қоймай, сонымен бірге, халық үшін қолайлы әрі заманауи жағдайлар жасауға бағытталған маңызды қадам екенін айтты.
– Мемлекет басшысы ең алдымен, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударып келеді. Солардың бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі. Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен 28 тұрғын үй салынып, 850 пәтер сатып алынды. Нәтижесінде шамамен 2,5 мың отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. Олардың 1,5 мыңы – әлеуметтік осал топтардағы отбасылар. Жалпы, облыс бойынша 6 мыңнан астам ақмолалық жаңа, жайлы баспанаға ие болды. Дайын пәтерлерді сатып алу арқылы тұрғын үй кезегін азайтуға мүмкіндік туды. Бұған қоса, бұл тұрғын үйлер бюджет есебінен салынған баспаналарға қарағанда, әлдеқайда сапалы. Бұл шара көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүгедектігі бар азаматтардың және басқа да әлеуметтік осал санаттағы адамдардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді М.Ахметжанов.
Жаңа үйден пәтер алған көпбалалы ана Элина Шмидт өз қуанышымен бөлісті:
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері қоңырау шалып, бізге пәтер берілетінін айтқанда сенбедім. Алғашында алаяқтар деп ойлап, әкімдікке хабарластым. Олар маған өз қызметкері байланысқа шыққанын растады және құжаттарды тапсыруға болатынын айтты. Сол кезде жылап жібердім. Біз 14 жыл күттік, енді ешқашан үй ала алмайтын шығармыз деп ойладық. Пәтерді көрген кезде тағы да жыладық, өйткені, бұл біздің баспанамыз. Өте әдемі, мұндай жақсы жөндеуді күткен жоқпын. Осындай бағдарлама үшін мемлекетімізге алғысымыз шексіз. Біз өте бақыттымыз! – деді Э.Шмидт.
Бурабай ауданында реновация бағдарламасын іске асыру өңірдегі тұрғын үй жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар, бұл заманауи құрылыс пен халықтың қажеттіліктеріне деген қамқорлықтың үйлесімді үлгісі болып табылады.
Алдағы уақытта, бұл бағдарлама өңірдің басқа қалаларын да қамтиды. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында осы бастама аясында жаңа тұрғын үй құрылысы басталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.