Орынбай ағаға хат

Өшпейді атың!..

Бердібек Соқпақбаевтың кітабында «Өлгендер қайтып келмейді» дегендей, өлілерге хат та жазбайтынын білемін, Аға. Бірақ, Сізге жазғым келді. Өзіңізге жетпесе де, рухыңыз сезінер. Осыған дейін ауылда майталман механизатор болған Әлімжан Ақмағамбетов ағамыз жетпіс жасқа толғанда, «Ауылға хат» деген мақала жазып, ол облыстық «Көкшетау» газетінде басылып еді. Енді міне, «Орынбай ағаға хат» деп өзіңізге жазып отырмын.

Бұл бірі Ленин орденін алып, ауылымыздың  даңқын асырған, бірі сол ауылды өз кезінде басқарып, айтулы ауыл қылған екеуіңізге деген менің інілік ізетім, көңіл төріндегі риясыз құрмет, ризашылығым деп білсеңіздер де болады.

Орынбай аға, сіз біздің Ортақта әуелі агроном, кейін бөлімше басқарушысы болғаныңызда, біз де ептеп ес біліп, етек жауып, оң-солымызды тани бастаған ойын баласы едік. Ойын баласы болсақ та, өз білуімше, ойлы бала, үй шаруасына жегілген, бесінші сыныптан ағалардың шынжыр табанды қара тракторы сүйреген «шикаға» отырып, совхоз жұмысына берілген елгезек бала едік. Еңсегей бойлы ер Едігедей сіздің зор тұлғаңызды ауылдың ана тұсы, мына тұсынан да көзіміз шалып қалатын. Бірде бөлімше кеңсесі жанында кенебі сұрғылт, темірі қою жасылдау бобигыңыздан түсіп жатасыз. Тағы бірдебойыңыз сыймай, бүгіліңкіреп, Газон машинасының ішінде отырасыз. Ауылдың жасы үлкен тентек балалары өзіңізден кәдімгідей қаймығатын. Осы күні ойласам,  сізді сыйлағандары, ес тұтқандары екен ғой. Соларды ақылыңызды айтып тезге салып, қолынан ұстағандай жұмысқа алып келіп қосып, оқуға ыңғайы барына «оқы» деп, әкесіндей қамқор болған да Сіз едіңіз.

Сол ауылымызда өзіңізден қалған із сайрап жатыр. Көзге көрінбегенімен, тілектес, ниеттес әр жанның көкейінде екеніңіз анық. Сіз жайлы қаншама жылы лебіз, оң баға келместің кемесіндегілермен ана жаққа да кетті.

Осылай бастаған екенмін, аға, енді рет-ретімен әрі қарай жалғастыра берейін. Өзіңізбен бір күнде көз жұмған менің Орынбасар ағам өз өмірінен ананы-мынаны көп айтпайтын, айтса, елеулісін ғана айтатын. Сол ағам біздің Ортақ ауылы бір кезде Көкшетау ауданына қарап, «Раздольный» совхозының №2 бөлімшесі болып тұрғанында, шаруашылық директоры Владимир Григорьевич Завада берген ГАЗ-52 автокөлігімен, Көкшетаудың өз басындағы атақты имамдардың бірі Момақан Әлжаппарұлы қайтыс болғанда, сол кісіні үйінен зират басына мен апардым деп отыратын.

Кейін де біздің Ортақ қайда қарамаған?! 1968 жылы сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың қолдауымен Красноармеец ауданында жаңадан «Тернов» совхозы құрылып, енді біздің ауылды тағы да сол «Раздольныйдан» бөліп, жанымыздағы осы шаруашылыққа қосты. Бағымызға директоры Иван Николаевич Шкуринский жақсы азамат болып шықты. Жаңа шаруашылық болған соң техника да көптеп келе бастады.

Сонда директормен келісіп, «бұлар жұмыстан аянбайды» деп, кейін алдына шөп тиегіш орнатылған екі жаңа «МТЗ-50» тракторын сіз, бөлімше басқарушысы Орынбай аға, менің туған екі ағама бергізіп едіңіз. Содан пішендік басы мая-мая шөп, сабан, соңдарынан тіркемелерін бір тастамай, сол ағаларым қысы-жазы адал еңбектерімен осы сеніміңізді жақсылап бір ақтап еді-ау. Табатын айлықтары да мол, тұрмысымыз түзеліп, үйдің де өңі кіріп, қорамызға әкеміз дүниеден өткен соң тұяғы қалмаған жылқыға дейін қайта оралып, анам жаз бойы совхоздың биесін сауатын, жасы ұлғайған шағында қалжырап келетін жұмысын да қойып еді-ау.

Кейін араға жылдар салып, сол Орынбасар ағам енді өзі ауылда бөлімше басқарушысы болып орындарыңызды басқанында, Сіздің де сол жұмыс тәсіліңізді пайдаланбады, есіне алмады деп айта алмаймын. Қадір-қасиеттеріңіз ойында жүрді, сізге ұқсағысы келді, әрине.

Сосын жаңылмасам, ауылдағы үлкен клубтың құрылысын бітіріп, совхоз орталығына бас агроном болып жоғарыладыңыз. Тіпті, аяқтамасаңыз да, жақындатып кеткендігіңіз анық. Шіркін, қандай үлкен клуб еді. Маңайымыздағы совхоз орталықтарының өзінде ондай мәдениет ошағы жоқ болатын. Ауылда қазір төбесі мен шатыры бұзып алынған күйі құр тұр. Қабырғасы қандай мықты, әлі сол күйі. Жуырда бір барғанда өтіп бара жатып, ұзындығы мен енін көзбен шамалап көріп едім, арада тап 55 жыл өткенде де бүгінгі күннің өлшемімен етек-жеңі кең көрінді. Сіздің ауылға тағы бір жақсылығыңыз, міне, кезінде мәдени-көпшілік жұмысы шындап тұрып, өз шырқау биігіне көтерілген осы клуб болатын-ды.

Айтпақшы, сіздің біздің Ортақты бір жұдырыққа бүгілген бес саусақтай мықтап ұстап тұрған кезіңізде елдегі қан майданның от-жалынын кешкен аталарымыз да төрт көзі түгел еді. Сол бір жазда Украинаның сонау Полтава қаласынан қарулас командирі өзін өлім аузынан аман алып қалған қол астындағы солдаты, менің Асқар атамды іздеп, ауылға келетін болды. Сардары қатардағы сарбазын! Ойбуй, енді қайтеді? Қалбалақтап салып ұрып, барар жері өзіңіз болдыңыз сол папамның. Содан сіз не істедіңіз?! Бұрын-соңды бұл жақта болып көрмеген мұндай оқиға бүкіл елге үлкен сын екенін жақсы түсініп, атамыз тұратын екі пәтерлі, тың кезінде салынған ескі үйдің бір жағын жылтыр сыр, аппақ балшық, жарқыраған терезе әйнектерін әкеліп, адам танымастай түзеп бердіңіз. Соғысты көрген, біздің атамыздың арқасында тура келген ажалдан аман қалған, сосын да достықтың қадірін біліп, басқа ештеңеге қызықпайтын әлгі  орыстың жұқалтаң шалы, әйелі, немересімен аспай да, тарсынбай да, бәлсінбей де, сіз жаңартқан сол үйде жарты айдай аунап-қунап, жатып кетті. Сондай күндердің бірінде ол кісілерді тағы өзіңіз атамның мәртебесін көтеріп, қой сойып, қонаққа шақырдыңыз.

Содан кейін біздің елден шыққан совхоз директоры да бір өзіңіз болдыңыз. Сіз, жастық шағы көбіне біздің ауылда өткен жиен ағамыз Жұмабек Сайдалин… Ел, шаруашылық басқарудың нағыз үлгісін көрсеткен қос майданның ері Сейфолла Мұқанов, сонау Есілдің бойында алғашқы колхозды ұйымдастырған Қабдөш Байманов ағаларымыздың өнегелі істерін жалғастырып алып кеттіңіздер. Неге екенін білмеймін, оқыған-тоқыған азаматтары көп болса да, кеңес заманында біздің ауылдан шаруашылық басшылары тақа шықпады. Әрі кеткенде бас маманмен шектеле берді. Осы күні сәтін салмады-ау, әйтпесе, білім-біліктері кімнен кем еді деген ойға тоқтала беремін.

Қызмет бабымен сол өскеніңізде өзіңізге бақ дарып, қыдыр қонған бір жай, басқа емес, ел ардағы Еркін Әуелбековтың назарына ілігіп, сол кісінің дұрыс көруімен өзіңізге бөтен де емес, мал бордақылайтын Красноармеец аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің тізгінін қолға алдыңыз. Ол беткей ата қонысыңыз Еңбек, Көзашар, Теңдік пен Бірлік, Күншығыс ауылдары еді. Басқа түссе, адам баласын тағдыр қайда асырмас?! Кішкене күніңізде келген Ортағыңызды өз елім, қасиетті мекенім деп өсіп едіңіз. Енді сол Ортақтан Тернов, одан Теңдікке бет бұрдыңызда, осы елдің декөсегесін көгертуге бар жаныңызды салдыңыз.

Ақылмен, оймен, тынымсыз маңдай термен жақсара түскен шаруашылық көрсеткіштері, қанат жайған құрылыс, ауылдан барып, келіп жататындардың соны айта келетіндері біздің елдің мерейін де шынымен өсіріп тастайтын. Ол кезде сіздер сияқты, біздің Ортақ та Көкшетау аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі. Сондықтан, жетістік малмен өлшенеді.

– Он мың малы бар екен дейсің бе? Жарады! Бізде қанша  өзі?!.

Шалдар осылай қауқылдасады. Өзіңіз біздің елге қатысты қай шаруаны да кеңесіп шешкен, менің атамның мысалындағыдай, қолдан келген көмегіңізді аянып көрмеген сол үлкендердің игітілегі мен ақ батасы ғой, сізді кейін де сақтар жерде сақтап, ақтар жерде ақтап, шығар биігіңізді аласартпағаны!

Осылай ойдағы-қырдағы, алыстағы-жақындағы ел азаматтары туралы айтыла қалғанда, бір бүйірімізде міндетті түрде сіз тұратынсыз. Ортағыңыз солай қай жылы, қай заманда да, сіз қуансаңыз бірге қуанды, сіз қиналсаңыз бірге қиналды. Әрқашан тілеуіңізді тілеп, ақ адал жаныңыздың абыройын ойлады.

Өзіңіз де мұны жан-жүрегіңізбен жақсы сезініп, қаншама рет тектілігіңіз бен тереңдігіңіздің, адамшылық пен арлылығыңыздың, имандылығыңыз бен қайырымдылығыңыздың ақ желкенін өзіңіздің Ортағыңызға бұра түсумен болдыңыз. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, дініміз бен діліміз қайта жаңғыра бастаған тоқсаныншы жылдары тарихы арыда жатқан ауылымызда баяғы Тәшен қажының көк мешіті сияқты, еңселі бір Алла үйін тұрғызсақ деген ниет пайда болды. Соған да барынша тілектес болып, қол ұшын созғандардың бірі өзіңіз едіңіз. Халық та мұндайда қызық қой, «кім не берді, не істепті?» деген сұрақ бірден-бірге ойыса береді. Ал, сіз жақтан келетін көмек ауыз толатындай, атауға тұратындай еді. 1998 жылы сол мешіттің ашылу салтанатында да сіз әкеліп сойған жылқы, байғазысы деп алып келген бір машина ұн әркімнің-ақ ойынан шығып, «азаматым» дегізгені күні кеше ғана сияқты еді.

Бұл бір заманда, жүйке дежұқарып, өтпелі кезең қос өкпеден қысып тұрған кез еді ғой. Бірақ, сіз бен ауылымыздың басқа да сіздей белді-белдіазаматтарының осы бір мәрттіктері кейін де ел пейіліне пейіл болып қосылып, әуелде жүрексінген күрделі істердің өзі Ортақ атымызға үйлесіп те, жымдасып та кетіп жататын. Одан бері де өткен небір құдайы астар, ауыл тойлары осындай-осындай көмегіңізбен сізді де тек ауыл қотанынан тапқызып, пейіліңіз бен мейіріңізге көңіл біткенді тоқайта түсуші еді.

Айтпақшы, кейін сіз де Теңдікте, сол тұрған жеріңізде еңселі мешіт  салып, имам ұстадыңыз. Сөйтіп, ауылыңызды ертелі-кеш азанның әуезді әуенімен тербеттіңіз.

Ара-арасында сол тоқсаныншы жылдардың аяғына қарай «Қаратомар» шаруа қожалығын құрып, бұрынғы шаруашылық орталығы Теңдікті сақтап қалу, елді жұмыспен қамтамасыз ету тұрғысында көп шараларды іске асырғандығыңызды да естіп жүрдік. Басқа басшылар сол кезде қолында барды өзіне, туған-туыстарына қарай бұрып жатса, сіз талан-таражға ұрындырмай, дүние-мүлікті, малды халыққа бөліп бергенсіз. Мұны да ар-ожданыңыздан аттап кете алмайтын үлкен адамгершілігіңіз бен сол кездегі дінге бой ұсына бастаған имандылығыңыздың солай істеткендігі ақиқат.

Осы  бір биік парасат-пайым, дұрыс жасаған ізгі қадамыңыздан сіз ұтылған жоқсыз. Алла кейін өзі бәрін берді. Берекелі де қайырлы етудің жөні мен жолын таба білген «Қаратомарыңыз» іргелі шаруашылыққа айналды. Оны әр бағытта дамытып, бір ауылдың ризығы боларлықтай деңгейге көтеріп кеттіңіз. Қазір ауыл адамдарының көбі осында еңбек ететін көрінеді. Бұйырған егін де  салынып, үйір-үйір жылқы да жайылып, үш-төрт отар қой да құтайып, ара-арасында құрылыс та жүргізіліп, осының бәрі ауылдың іргесі сөгілмеуіне, ауыл адамдарының жерұйықты басқа жерден іздемеуіне септесіп отырғаны қандай жақсы.

Сізге біткен ұсынықтылық пен орнықтылық сол серіктестікті басқарып отырған Шоқаныңыз бен Ақаныңызға да жұғысты болғаны көрініп тұр. Бар шаруаны өзіңізге ұқсап баққан солар ақылмен тындырып жатса, халықты да өзіңізше ойлап, естен шығармаса, солай дегеніміз де жөн шығар.

Рас, манадан бері осы хатымызға бір бойыңыздағы сан жақсы амалдарыңызды арқау етіп жатқанымызбен, мұсылманшылық парызыңызға да сонша адал болып өткеніңізді әлі қаузай қоймаппыз. Нақты сәждеге жығылуыңызды да сонау 1999 жылы ер түріктің бесігі – Түркістанның 1500 жылдық тойына барып келгеннен кейін бастаған екенсіз. Сол киелі топырақтың құдіреті сіздей адамды бар тылсым, тақиятымен біржола босатпастай баурап алды ма екен. Бертін қасиетті Мекке Мәдинеге қажылыққа бір емес, үш рет барып келуіңіз де біз мән-мәнісіне бәлкім, жете бойлай алмайтын өзінше бір сенім күші ғой.

Осы екі ұлыңыз – Шоқан мен Ақаныңызды, аға, енді танып-білудемін. Төрт ұл, төрт қызыңыздан менің бәрінен бұрын бауыр тартып, сыйлайтыным, Ортақта өзіммен өкшелес оқыған Беркімбайыңыз. Байқауымша, тамыр жайған әулетіңізге қазір бір шаңырақтың емес, осы Теңдік дейтін тұтастай бір ауылдың үлкен анасы, Ұлпандай ақылды да салмақты Бақыт тәтемізбен бірге, осы сөзге ұста, мінезге бай Беркімбай бас-көз. Бір өкініштісі, өзіңізді аға деп сыйлап өтсем де, былтыр мен биылдай құда деп айта алмай қалғаным.  Кім біледі, мүмкін жүзбе-жүз сол «құдадан да», үйренген, сыйласқан «ағаны» жөн көріп, жүре беруім де кәдік еді. Сол өзіңізбен мың жылдық құдалығымызды да ұзағынан сүйіндіргей деп жатамыз осы күні. Алғаш осы хабар құлағыңызға шалынып, күйеу балаңызбен сырттай танысқаныңызда:

– Мынау біздің Қорған ғой. Білемін Қорғанды! – деп біздің, енді өзіңіздің де өсіп, танылып келе жатқан осы бір балаңызға шынайы тілекші болып шыққаныңыз да бізді ерекше қуантады. Осы күні Қонысбай ағамда немере, Ақылбай құдамызда жиеннің дүние есігін ашып жатқаны және бір толайымжаңалық.

Осы жылдарда өзіңізге үш бірдей өлең арнаппын. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар.

– Кітабыңды қашан көреміз? – деп сұрап қалдыңыз ертеде, осы қалада, ағайынның бір тойында үзіліске шығып, амандық сұрасып тұрғанымызда.

– Ақша жағы, – депкүмілжи бердім.

– Теңдікке бір кел. Көмектесейін, – дедіңіз әлгі сөзімнен кейін.

Бірақ, сізден жазық жоқ, кейін өзім құнттап бара қоймадым. Оның есесіне осы пейіліңізге-ақ риза болып, сол күні үйге келісімен, сізге өлең арнадым.

Екінші «Орынбай қажы» деген өлеңім қаламымнан сізді алғаш «Мекке-Мәдинеге қажылыққа барып келді» деп естігенімде туды. Біздің ауылдан бір ғасырдан соң қайта сол қасиетті сапарға жол ашқаныңызды да жырлағым келді.

Ал, үшінші өлең өкінішті, қайғылы. Бұл жарық дүниеде сіз енді жоқсыз. Өзіңіздей дінімізді сүйген, елін, ұлтын сүйген, бір қауым елді сөзімен де, ісімен де ұйытқан игі жақсылар қазағымыздың тарихында қалған. Мен сізді де соларға ұқсатамын, солармен тең қоямын және солай тарихта қалады деп ойлаймын.

Сіз бен біз ауылымыздың тағы бір аяулы перзенті Тельман Елубаев ағамызды еске алу шараларында, Флюра тәтеміздің жайған дастарханында да жиі кездесіп тұрушы едік. Мен үнемі сол асты жүргізіп, оның барысында кейде сізге микрофонды екі рет ұсынатынмын. Бірінде қадірлі сыныптасыңыз туралы ұмытылмас естелігіңізбен бөлісуге, екіншісінде әрине, дәм қайырғанда құран бағыштауға.

Міне, сөйтіп жүргенде былтыр өзіңіз де бұл дүниеден өтіп, осы жазда Ақаныңызбен бірге Еңбектегі қабіріңіздің басында болдым. Сол зираттың өзін де көзіңіздің тірісінде мызғымастай етіп, керемет қоршатып кеткен екенсіз. Екінші бір риза болғаным, тым ерте көз жұмған, үлкен балаларыңыздың анасы Зия тәтемізге де кезінде барельефпен бейнесін жасатып, жақсы бір белгі қойыпсыз.

Бұйырса, мұндай сүйінішті сөздерді әлі де өз атыңызға талай айта берерміз, асылдың асылы, жақсының жақсысы, ардақты Орынбай аға, қажы аға! Мен де бұл хатымды осы арадан енді үземін. Қос қанатыңыздай болған Ортағыңыз бен Теңдігіңізге істеген қайыр-жақсылығыңыз, адамгершілік, діндарлық зор қасиеттеріңіз алда да небір жазбалар мен естеліктерге арқау болары анық. Алла тағалам Сіздей мейірбан құлына о дүниенің игілігін, жұмақтың төрін бұйыртсын!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.    

Келе жаттың

Кез-келгенге арналмайды бұл өлең,

Құнын оның адам іспен төлеген.

О, әз-аға, ойлап кетсем еліме,

Жақсылығың, жылылығың мол екен!

 

Сонау жылы сол Ортақтан басталған,

Жолың сенің мың ырыздық расталған.

Жолың сенің шын мінәжат Аллаға,

Ал, Алласын сүйетіндер жақсы адам.

 

Жақсы деген сөздің өзі аз, аға,

Аллам ақық кітабына жаза ма?!

Біз ағылып әлі келіп жатырмыз,

Ойсыраған орны толмас қазаңа.

 

Теңдік десе елең ете түсетін,

Мендегі бір іңкәрліктің күші едің.

Өнегеңе тас қайрақтай қайралып,

Пейіліңе шар болаттай пісемін.

 

Қарағайдай тік бойыңмен еңселі,

Көріп жүрді біздің қырлар көп сені.

Келе жаттың мейірімді ел берген,

Енді өзің сол еліңе бергелі.

 

Келе жаттың көңіліңде күмбір ой,

Ауылыңда білдің қызық, білдің той!

Қаза болса, оған да өзің қайысып,

Ортасында сол қайғының жүрдің ғой.

 

Тұратындай өр басына тиіп көк,

Таңданбайық, таулар неге биік деп?!

Тектілер де таудай болып өтеді,

Барған сайын өз жолында биіктеп.

 

Мен өзіңді ешкімге аға, теңемен,

Кем соғардай сол теңеуім теңесем.

Тек ажалмен бір ұстасып қоямын,

Алып кеттің тау тұлғамды неге сен?!

 

Көңілімнің осы болып сұрары,

Жаным менің мұңдарымнан тұрады.

Күткеніндей қуаң дала жаңбырын,

Сені де аға, мың іздерміз біз әлі!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар