Инвестициялық жобалар халыққа пайдалы әрі тиімді болуы тиіс

Ақмола облысынің әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірге инвестиция тарту бойынша қолға алынып жатқан шаралар және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Әкімдік отырысына облыстық мәслихаттың төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, әкім аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Бақытбек Сапар өңірге инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар және олардың тиімділігі жөнінде баяндап берді. Өткен жылы облыс экономикасына құйылған инвестиция көлемі 562,8 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 91,1 пайызды құрапты, оның 59,6 пайызы жеке инвестициялар. Десе де, тиімділіктің негізгі көрсеткішіне толық қол жеткізілмеген, ол 73,6 пайызға ғана орындалған. Оған басты себеп ретінде кейбір инвестициялық жобаларға түзетулердің енгізілгендігінен деп түсіндірілді.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында өңірге құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 361,1 миллион АҚШ долларын құраған, сөйтіп, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 1,9 есеге өскен. Бұл инвестициялардың қомақты бөлігі электрмен жабдықтау және өңдеу өнеркәсібі салаларына бағытталған. Бұл орайда, тиімділіктің негізгі көрсеткіші 228,5 пайызға дейін ұлғайған. Енді 2025 жылға тиімділіктің негізгі көрсеткішін 1 триллион теңгеге жеткізу көзделген.

– Аудандық әкімдіктердің алдын ала берген деректеріне сүйенсек, 2025 жылға тартылатын инвестициялар болжам бойынша шамамен 622,4 миллиард теңгені құрайды, оның 138,1 миллиард теңгесі бюджеттік, 484,4 миллиард теңгесі жеке инвестициялардан түспекші. Облыста биыл инвестициялық қызметті талдау мақсатында инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізілуде. Шағын және орта бизнесті қоса есептегенде барлық салада 2,7 мың жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беретін 279,3 миллиард теңгенің 221 жобасын іске қосу жоспарлануда, – дей келе, басқарма басшысының орынбасары ірі көлемде инвестиция түсетін жобаларға тоқталды. Сонымен, алдағы жылдары Аршалыда «SG Brick» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш өндіру зауыты салынса, Зеренді ауданының аумағындағы Алексеев кен орнының каолиндер базасында «Qazaq Qaolin» серіктестігінің тау-кен байыту комбинаты ашылмақшы. Ал, Шортанды ауданында «Қазақстан Орманы» серіктестігінің селекциялық ағаш тұқымын өсіретін «Тұран» питомнигі ашылса, Целиноград ауданында «Қозыкөш-2007» серіктестігі этно ауыл құрылысын қолға алады.  Бұдан әрі басқарма өкілі 2025 жылдан кейін іске асырылатын инвестициялық жобаларды алға тартты.

– Сондай-ақ, біз Ақмола облысының өңірлік инвестициялық бағдарламасын әзірлеп, оны өңірімізді танымал ету және «инвестицияларға тапсырыс» дайындау үшін өзіміздің шетелдік елшіліктерге таргеттеп жібердік. Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасының Хэбэй провинциясының Лаяонин және Далиан қалаларымен бауырластық қатынастар орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, инвесторлардың проблемалық мәселелері мен оларды шешу жолдары қаралатын өңірлік инвестициялық штаб құрылды. Ағымдағы жылы ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істей бастады, оған жалпыұлттық пулдың инвестициялық жобалары мен АӨК жол картасы кіреді. Осы жобалардың бастамашылары инвесторлар тізіліміне енгізілген, онда тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қабылдау кезінде облыс прокурорымен міндетті келісім шаралары көзделген, –деді Бақытжан Сапар.

–Бүгінде облысқа инвесторларды тарту үшін қолайлы климаттық жағдай, инфрақұрылым керек. Аудандар өздерінің климаттық жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қарап, оларға не керектігін айқындап алу керек.  Инвесторларды өздеріңіз іздеп, тауып, көздеген жобаны іске асыру кезінде оларға талап та қоя біліңіздер. Біреуге сұраған жерін беріп қойып, сосын бір құрылысты жылдар бойы созбалаңға салу қажет емес. Бізде сондай жылдар бойы салынып жатқан кәсіпорындар бар. Қандай жоба болмасын нәтижесі болу керек. Инвесторлар біздің аумаққа кірген соң жұмыс орындарын ашуы керек, ауданның, облыстың кірісін молайтулары қажет, әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпағандары абзал. Инвестор дегеннің міндетті түрде шетелдік болуы шарт емес, өзіміздің де елдің инвесторлары жетерлік, – дей келе, облыс әкімі бірқатар аудандарда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолдарынан келмей жатқан әкімдерді сынға алды.

– Шынымен біздің Ақмола облысы ең тартымды аумақта орналасқан. Сондықтан, инвесторлар сұранып жатса, оларға қолайлы орта қалыптастыру керек. Бізде керісінше, оларға кедергі келтіреміз немесе кіріс әкеліп тұрған кәсіпорындардың жұмысын тежейміз. Мысалы, «Қазгер құс» компаниясы «жылына 1 миллиард дана жұмыртқа шығаруға қуатымыз жетеді, бірақ, бұл үшін бізге 10 гектардай қосымша жер керек» дегенде, оған қарсылық танытып, әуре-сарсаңға түсірген. Қазір фабрика жылына 690 миллион дана  жұмыртқа шығарып отыр. Сонда бұдан кім ұтылды, кім ұтты? Аудан тарапынан осыған қызығушылық жоқ. Есеп жүргізбейсіздер, – деді Марат Ахметжанов.

Одан әрі «Ақмола инвест» орталығының өңірге инвестиция тарту бойынша жүргізген жұмыстары талқыланып, осының ұтымды жолдары қарастырылды. Бұл орайда, отырыста «NAC Analitica» Қазақстанның қолданбалы және талдау орталығының арнайы сарапшысы  сөз сөйлеп, ынтымақтаса жұмыс істеуге, аудандарға қай салаларға инвестиция тарту маңызды екендігіне талдау жүргізіп беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Одан әрі облыс аумағындағы ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен биылғы жылдың жоспары қаралды. Жалпы, ветеринария саласында, бұған дейін де талай жазғанымыздай мәселе көп. Отырыста облыс аумағындағы ауылдардағы кадр мәселесі, мал дәрігерлік пункттердің жоқтығы, бруцеллез сияқты жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары, өлген малдарды көметін арнайы орындардың тапшылығы секілді жағдайлар мен оларды шешудің амалдары сөз болып, аудандық әкімдіктерге бұл мәселелерді бақылауда ұстау тапсырылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар