Мереке салтанаты
«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Шара барысында өңір басшысы облысымыздың елеулі жетістікке жеткен бірқатар әйелдер қауымы, сондай-ақ, көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттады.
Өңір басшысы салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде ел өмірінде әйелдердің ерекше рөл атқаратынына тоқталып, қызметтің барлық салаларындағы жетістіктерімен қатар, әйел заты алдымен отбасының шырақшысы әрі ұйытқысы екендігін ерекше атап өтті.
–Бүгінде қоғамымыздың әр саласында өз қызметін мүлтіксіз орындап жүрген нәзік жандылар жетерлік. Олар мемлекеттік қызметтің әр бағытында, кәсіпкерлік пен өндірісте, құқық қорғау органдарында, полиция қызметі мен құтқару саласында, спорт пен мәдениетте аянбай қызмет атқарып, жетістікке жетіп, отбасы мен ұрпақ тәрбиесін қатар алып келеді. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерімізбен орынды түрде мақтанамыз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы жиналғандарды көктем мерекесімен құттықтай келіп, өңірдің әлеуметтік маңызды салаларында қызмет етіп, зейнет жасына жеткен, бүгінде ел анасына айналған бірқатар ақ жаулықты аналарға алғысын жеткізді. Атап айтқанда, бүгінде 80 жасқа толып отырған, бар саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қымбат Мұстафина, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, білім беру ісінің үздіктері Әлия Ахетова, Құралай Ыдырысова, облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сынды қоғам өмірінде белсенділік танытқан аяулы нәзік жанды аналарымыз көпке үлгі-өнеге.
Содан соң Марат Ахметжанов бірқатар әйелдер қауымына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі мен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ, әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін мемлекеттік наградаларды табыстады.
Атап айтқанда, Көкшетау жоғары техникалық колледжінің құрылыс мамандықтарына өндірістік оқыту шебері Балдырған Құсайынова, Ақкөл ауданы «Қақсал» орман шаруашылығының орманшысы Жәмилә Ахметжанова, Жарқайың ауданы «Жер-1» серіктестігінің бас агрономы Светлана Ореховаға «Құрмет» ордені табысталды. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалі Көкшетау қаласы №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебінің шаңғы бойынша жаттықтырушысы Татьяна Сергеваға берілді. Сонымен қатар, шара барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Шапағат» медалімен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының жетекші солисі Аякөз Қалмағанбетова марапатталды.
Салтанатты шараның жүргізушілері дәл бүгінгі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерлесіміз «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамының сынақ зертханасының шихталаушысы Зинакүл Нұрғалиеваны ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттағанын да жеткізді.
Салтанатты шарада көп балалы ана атанып, әрі қоғамда белсенді қызмет атқарып жүрген аяулы жандар да марапат төріне шақырылды. Олардың арасында жеті баланың анасы атанып, Президент Жарлығымен «Алтын алқа» алқасына ие болған бурабайлық Татьяна Тюлегенова да бар.
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. «Алтын алқа» мемлекеттік марапатын облыс әкімінің қолынан алып отырмын. Аудандық әкімдік қызметкерлері өздері шақырып, табыс ететін шығар деп күтіп жүргенмін. Бірақ, мерекемізге орай, аймақ басшысы өзі табыстайды дегенді естігенде қатты қуандым. Менің балаларым оқуда озат, спортта белсенді. Мен әрі қарай да еліміздің дамуына үлес қосатын белсенді азаматтарды тәрбиелеп шығаруға бар күшімді жұмсайтын боламын, – деді Татьяна газетімізге берген бір ауыз сұхбатында.
Әрі қарай өңір басшысы салтанатты марапаттауды жалғастыра отырып, «Бірінші дәрежелі Ақмола-Еңбек озаты» төсбелгісін Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысова, қоғам қайраткері Қымбат Мұстафина және «Шуйское-ХХI» серіктестігінің сауыншысы Татьяна Загребинаға табыстады.
Содан соң марапаттаудың үшінші бөлімінде облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматшаларды өзінің құттықтау сөзі жазылған Алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңы марапат иелерінің және мерекелік салтанатқа арнайы шақырылған қонақтардың құрметіне облысымыздың үздік шығармашылық ұжымдары мен Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздарының концертіне ұласты.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.