Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы Баукен ӘЛМЕШ: «Азаматтардың жедел әрі сапалы заң көмегін алуы үшін көп жұмыстар атқарылуда»

Сұхбат

Азаматтарға заң көмегін көрсету саласында адвокатураның, нотариаттың рөлі өте зор. Осы мәселелер және мемлекеттік  қызметтердің электрондық форматқа ауыстырылу барысы мен халыққа цифрлық нотариаттың тиімділігі туралы оқырмандарымызға түсініктірек болуы үшін Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы Әлмеш Баукенмен сұхбаттасқан едік.

– Баукен Серікұлы, алдымен, әділет органдарының алдында тұрған негізгі мақсат-міндеттеріңізге тоқталып өтсеңіз.

– Әлбетте, әділет органдары құқықтық насихат, нотариат, адвокатура, заң консультанттары, зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету, тіркеу қызметі саласында мемлекеттің саясатын жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының әдiлет органдары – өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органдары болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасы «Әділет органдары туралы» Заңында тікелей атап көрсетілген.

Құқықтық Қазақстанның қалыптасуындағы әділет органдарының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың білікті заң көмегін алу үшін конституциялық құқықтарын жүзеге асыру болып табылады. Бұл жұмысты әділет қызметкерлерімен бірге Ақмола облысындағы  363 адвокат, 149 нотариус, 223 жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлер және 79 жеке сот орындаушылары жүзеге асырады.

Жоғарыда аталған заңгерлердің сапалы заң көмегін көрсетуі өте маңызды. Өйткені, ол азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.  Сондай-ақ, уақыт талабы бойынша өзгертіліп жатқан немесе электрондық форматқа ауысып жатқан нотариаттық қызметтердің үлкен спектрі бар. Ал, жекелеген жағдайларда олар экстерриториялық белгі бойынша көрсетілуі мүмкін.

–  Тәуелсіз еліміздің тарихында әділет органдары қандай жетістіктерге қол жеткізді? Бүгінгі таңда мемлекеттік  қызметтердің электрондық форматқа ауыстырылуы бойынша не айтасыз?

– Еліміз егемендік алған жылдардан бері әділет органдарының функциялары үнемі жетілдіріліп отырды. Қазақстан заңнамасына барлық өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және көптеген тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге, қағаз құжаттарын барынша азайтуға, ел дамуының түрлі салаларындағы бюрократиялық кедергілерді қысқартуға бағытталды. Мәселен, әділет органдары көрсететін барлық мемлекеттік қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды, бірқатар мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылды және оларды көрсетудің рұқсат беру тәртібінен хабарлама жасау тәртібіне ауыстырылды.

Мемлекеттік  қызмет көрсету саласы әрқашан әділет органдарының  басым міндеттерінің  бірі  болып  табылады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері едәуір қысқартылды және бірқатар электрондық мемлекеттік қызметтер санаулы сағаттарда көрсетілетінін атап өткен жөн. Аталған инновациялар мемлекеттің бизнесті ашуды жеңілдетуге, азаматтарымыздың ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндігі бар көптеген қағаз құжаттарды жинау қажеттілігін болдырмауға деген ұмтылысын көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері едәуір қысқартылды және бірқатар электрондық мемлекеттік қызметтерді санаулы сағаттарда алуға болатындығын атап өткен жөн. Электрондық қызметтердің арқасында қазіргі уақытта облысымыздың шалғай аудандарының тұрғындары интернет арқылы бірқатар қызметтерді ала алады.

Ақмола облысының Әділет департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің келесі түрлерін, яғни, өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау, жеке сот орындаушысының қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғаларды атестаттау, адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғаларды атестаттау, әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының нотариустарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою қызметін көрсетеді. Сонымен қатар, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтердің 7 қызмет түрі бар. Жыл басынан бастап департамент осындай 1540 мемлекеттік қызмет түрін көрсетті.

Азаматтарға заң көмегін көрсету саласында адвокатура мен нотариаттың рөліне қысқаша тоқталсаңыз?

– Адвокатураның, нотариаттың рөлінің артуы, жеке сот орындаушысы институтының, сот сарапшыларының, Заң консультанттарының дамуы өте маңызды. Өйткені, ол біздің азаматтарға білікті заң көмегін көрсетуге бағытталған. Осыған байланысты адвокатура, нотариат, жеке практикамен айналысатын заңгерлер және басқа саланы регламенттейтін заңнамада да тәуелсіздік алған жылдары реформалар болды.

Осылайша, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңымен қабылданған тәртіптік жауапкершілік рәсімі жетілдірілді. Атап айтқанда, адвокаттардың тәртіптік комиссияларының құрамына адвокаттардың өздерінен басқа қоғам өкілдері мен отставкадағы судьялар кірді, бұл – азаматтардың адвокаттың заң көмегін сапасыз көрсетуге шағымдары мен өтініштерін жан-жақты қарауға мүмкіндік береді. Бұл қабылданған шешімдер мен тақырыптардың объективтілігіне әсер етеді, ең бастысы, адвокаттың жауапкершілік деңгейін арттырады және азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Сондай-ақ, аталған Заң адвокаттар қатарына кіру үшін бастапқы жарнаны алуға тыйым салады. Бұл бүкіл ел бойынша адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік берді, сонымен бірге, адвокат мамандығына жас мамандардың келуі артып отыр. Сонымен қатар, елде жүргізіліп жатқан цифрландыру саясаты және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның 24-бабын іске асыру шеңберінде адвокаттық қызметті және Заң консультанттарының қызметін автоматтандыруды көздейтін заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп, «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесін әзірледі. Ақпараттық жүйені іске қосудың негізгі мақсаты халықтың білікті заң көмегіне қол жеткізуін оңайлату, сондай-ақ, халықты заң көмегімен қамтамасыз ету жөніндегі адвокаттық қызметті және Заң консультанттарының қызметін автоматтандыру болып табылады.

«Е-Заң көмегі» АЖ қағазсыз құжат айналымына көшудің нәтижелілігін, сотқа дейінгі тергеу органдарының адвокаттарды тағайындауының ашықтығы мен уақыттылығын, қорғаушылар ретінде заң көмегін көрсетуге қол жеткізуде адвокаттардың тапсырмалары мен тең құқықтылығын біркелкі бөлуді, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу процесін оңайлату мен жеделдетуді қамтамасыз ету арқылы адвокаттардың адвокаттар алқаларының басқару органдарынан тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға жататын тұлғаларға тоқталып өтсеңіз. Қазіргі уақытта қанша азаматқа мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетіліп отыр.

– Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. Тегін заң көмегінің бір түрі мемлекет кепілдік берген заң көмегі болып табылады. Оны «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және басқа да Қазақстан Республикасының актілерімен көзделген негізде әркім алуға құқылы. Мұны жеке және заңды тұлғаларға  адвокаттар мен заң консультанттары  көрсете алады.

Құқықтық кеңес беру түріндегі тегін заң көмегі алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері жөніндегі жеке тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар санаттарын қамтиды. Сондай-ақ, оны Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын жеке тұлғалар, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдар, сондай-ақ, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес мәселелер бойынша зейнеткерлер пайдалана алады.

Ақмола облысының әділет департаменті халыққа құқықтық көмек көрсету, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегі мен кешенді әлеуметтік заң көмегіне қатысты түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде жүргізеді. Қазіргі уақытта Ақмола облысының аумағында 363 адвокат заң көмегін көрсетеді, оның ішінде 104 адвокат және  заң консультанты  «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетеді.  Жыл басынан бастап 12 408 азаматқа  184 999 407 8  теңгеге мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілді.

Оқырманға түсініктірек болуы үшін цифрлық нотариаттың тиімділігі туралы айтып өтсеңіз.

– Біз нотариустардың қызметтерін одан да ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік беретін шаралар қабылдадық. Мысалы, бұрын егер жылжымайтын мүлік басқа қалада болса, ол бойынша мәмілені осы қалада жұмыс істейтін нотариустан рәсімдеу және барлық қажетті құжаттарды ұсыну қажет болатын. Қазір сандық технологиялар басқа қалаға бармай-ақ жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді.

«Цифрлық нотариат» жобасы да іске қосылды, бұл қызмет онлайн форматта нотариалды куәландырылған сенімхаттардың барлық түрлерін ресімдеу рәсімдерін жүргізуге мүмкіндік береді. Нотариалды куәландырылған сенімхаттардың барлық түрлерін EGOV Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ресімдеуге болады. Өйткені, жаңа сервис – «Цифрлық нотариат» қолжетімді.

Сенімхатты рәсімдеу үшін алдымен, EGOV mobile қосымшасына өтіп, «Сервистер» бөлімінде «Enotary» сервисін таңдай отырып, деректерді толтырып, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» қажет. Қызметке қысқа код немесе биометрия арқылы қол қою арқылы нотариуспен бейне қоңырау шалуға рұқсат беру қажет. «Бейне қоңырауға өту» түймесін басып, нотариустан жауап күтесіз. Содан кейін пайдаланушының «Нотариаттық әрекеттер» бөлімінде өтінімнің мәртебесін көруге мүмкіндігі болады. Сенімхат «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді әрі оны талап ету орны бойынша ұсынуға болады. «Цифрлық нотариат» жобасы сенімхат алу процесін цифрландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан, оның ішінде шетелде жүрген азаматтар үшін ыңғайлылықты жеңілдетеді және оны арттырады.

EGovMobile-ға кіріп, нотариусқа бейне қоңырау шалу жеткілікті болады. Тиісті тексеру биометриялық сәйкестендіру және ЭЦҚ-ға қол қою арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, egovmobile мобильді қосымшасында «Нотариаттық онлайн консультация» сервисі енгізілді, енді қазақстандықтарға нотариаттық консультация алу үшін смартфон мен интернетке қол жеткізу жеткілікті.

Онлайн-кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, нотариаттық қызметке қатысты заңды сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар кез-келген сұрақтарға жауап береді, бұл уақытты үнемдеуге және Сізге ыңғайлы уақытта сенімді ақпарат алуға көмектеседі.

Жобаның мақсаты нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл қызмет әмбебап және құзыретті құқықтық қолдауды қажет ететіндердің барлығына өте пайдалы болады.

– Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Әділет органдарының негізгі міндеттерінің бірі жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар мен орталық мемлекеттік органдардың НҚА мемлекеттік тіркеу болып табылады. НҚА тіркеу заңға тәуелді актілердің заңдылығын да, Қазақстанның құқықтық кеңістігінің бірлігін де қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №1093 Қаулысымен Әділет министрлігінің жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру жөніндегі функциясы аумақтық әділет органдарына берілді. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілері әділет департаментіне тіркеуге жіберіледі.

Жыл басынан әділет департаментіне жергілікті мемлекеттік органдарынан келісуге  келіп түскен 765 НҚА жобасының ішінде мемлекеттік тіркеуге 169 НҚА келіп түсті, оның ішінде 168 НҚА тіркелді.

– Әділет органдарында атқарушылық іс жүргізу саласы қандай қызмет атқарады?

– Сот актілерін орындау саласы әділет органдарының маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Жеке сот орындаушылары институтын дамыту, атқарушылық іс жүргізу саласындағы бірқатар процестерді автоматтандыру және сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру уақыт еншісімен реттелді. Мысалы, барлығына мәлім, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етудің тиімді әдістерінің бірі борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеулер қою. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда көзделгендей, сот орындаушысы борышкерге уақытша шектеуді қолдану туралы тиісті түрде хабарланған күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін ғана шығуға тыйым салуға құқылы. Сондай-ақ, қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке тең не одан асатын сомаға атқарушылық құжаттың талаптары орындалмаған жағдайда борышкер болып табылатын тұлғаның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға міндетті. Сонымен бірге, шығуға тыйым салу бұрын болған үш жұмыс күнінің орнына 1 жұмыс күні ішінде шешілуі қажет екендігі көзделген.

Атқарушылық іс жүргізу саласында цифрлық технологияларды енгізудің және жаңа тәсілдердің арқасында бүгінгі күні «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн режимде алуға болатын «Өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау» және «Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» түріндегі мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі.

Мемлекеттік сот орындаушысы өз кезегінде құжаттар келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ол көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі.

Адамдар күнделікті өмірде қандай мәселемен жиі кездесіп, сот орындаушыларының көмегіне жүгінеді? Әрине, бұл – елден тыс шығуға тыйым салу және борышкерлер тізілімінде болуынан.

Борышкерлердің бірыңғай тізілімі – бұл Әділет министрлігінің сайтында жүргізілетін қарыздардың болуына байланысты қозғалған барлық атқарушылық өндірістер туралы бірыңғай дерек базасы. Борышкер тізілімге атқарушылық өндіріс қозғалған сәттен бастап кіреді және борышы жабылған кезде алынып тасталады. Борышкерлердің тізілімінде болу елден тыс жерлерге шығуға тыйым салуға, банкте шот ашуға кедергі болады. Сондай-ақ, нотариаттық қызметтерді ұсынудан бас тарту үшін де негіздеме болады. Мысалы, жылжымайтын мүлік. Осындай мәселелерге тап болмау үшін біздің азаматтар өздерінің берешегін тексеру және өтеу, ЖСО қызметін төлеу бойынша мәліметтерді www.adilet.gov. kz. ақпараттық порталында, сонымен қатар, елден тыс жерлерге уақытша шығуға тыйым салу бойынша ақпаратты Post.kz, Kaspi.kz немесе «Қазпошта» терминалдары арқылы біле алады.

Әділет органдарының атқарып жатқан жұмыстары азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткім келеді. Біз құқықтық түсіндіру қызметімен белсенді айналысамыз, заң көмегін көрсетеміз, атқарушылық іс жүргізу саласында жұмыс жүргіземіз және басқа да бірқатар маңызды міндеттерді орындаймыз. Мұның бәрі құқықтық тәртіпті нығайтуға және қоғамымыздың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған.

– Жалпы, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары қалай  жүргізіледі?

– Құқықтық түсіндіру жұмыстары – әділет органдарының негізгі функцияларының бірі. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы халықтың құқықтық мәдениетін дамыту үдерісінен бөлінбейді. Бұл өз кезегінде дамыған азаматтық қоғам құруға ықпал етеді. Қоғамдық санада құқыққа деген көзқарас әлеуметтік әділеттілік, гуманизм, жеке бас бостандығы негізінде тұрақты әлеуметтік құндылық ретінде бекітілуі керек. Азаматтардың құқықтық мәдениетінің жағдайы оның құқықтық жүйесінің көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

Бұл бағытта әділет департаментімен ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықтың құқықтық мәдениетін және сауаттылығын арттыру мақсатында адвокаттар, әділет департаменті қызметкерлері Ақмола облысы адвокаттар алқасы, аумақтық нотариаттық, жеке сот орындаушылар және заң консультанттары палаталары, түрлі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, әрдайым мұқтаж азаматтарға, сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға, көп балалы отбасыларға,  өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға үнемі құқықтық көмек көрсетіп тұрады. Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жанынан құрылған мобильдік тобымен бірлесіп, облысымыздың елді мекендеріне шығып, ауыл тұрғындарына құқықтық көмек көрсетіп тұрады.

Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға білікті заң көмегін көрсету мақсатында адвокаттар облыстық әділет департаменті басшылығымен жергілікті атқарушы органдармен, облыстық мәслихат депутаттарымен, облыстық «AMANAT» партиясымен бірлесіп, облысымыздың елді мекендеріне барып, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты құқықтық көмектер көрсетілді.

Ақмола облысы тұрғындарының құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, құқықтық оқыту мақсатында департамент «Кокѕhe» РТРК  Ақмола облыстық филиалы арқылы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, басқа да республикалық, облыстық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында «Новая волна» телерадио хабарларын тарату, департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде («VK», «Facebook», «Instagram»), Көкшетау қаласының «Тәуелсіздік» алаңындағы LED экраны арқылы сұхбаттар мен мақалалар, бейнероликтер, инфографикалық-ақпараттар өткізіп және жариялап тұрады. Ақмола облысының өңірлік коммуникациясы қызметінде брифингтер ұйымдастырады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің тапсырмасына сәйкес, облысымыздың  ауылдық жерлеріндегі тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен танысу үшін «Құқық кабинеттері» де ашылған.

Атап айтсақ, ауылдық жерлер үшін «Сервистік әкімдік» кабинеттерінде «eGov.kz» порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрлері мен  «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары жұмыс істейді. Олар компьютерлік техникамен және қажетті жиhазбен жабдықталған. Азаматтар қолданыстағы НҚА-мен танысу үшін «Әділет» ҚР нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық  жүйесі, «Заң» ДБ қызметіне қол жеткізе алады.

Сондай-ақ, қолайлылық пен қолжетімділік мақсатында  біздің азаматтарға Әділет министрлігінің ақпараттық қызметі – ПИС, байланыс 119, Қазақстан бойынша ұялы байланыс операторларынан басқа, 58-00-58 Астана, Алматы қалалары үшін, Қазақстан бойынша – 1414, WhatsApp +77086935631 телефоны арқылы тәулік бойы құқықтық мәселелер бойынша жүгіну мүмкіндігі бар.

– Өздеріңіздің халықпен жұмыстарыңызға байланысты барлық мәселелерді қамтыған кең көлемді әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар