Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасы аясында жуырда Ақкөл аудандық мәслихатының депутаттары №10 агротехникалық колледжінде тұрақты комиссиялардың көшпелі отырысын өткізді.
Ақкөл аудандық мәслихатының депутаттары өз қызметтері мен жұмыстарында тәжірибелі әрі жанашыр тәлімгерлер ретінде танылған тұлғалар. Сондай-ақ, олар бұл кездесуге жай ғана өзекті мәселелерді талқылау үшін емес, сонымен қатар, студенттермен өздерінің өмірлік тәжірибесін бөлісу, қолдау көрсетіп, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына сенім ұялату мақсатында келді.
Сағындық Абахановтың төрағалығымен өткен ашық пікірталас түріндегі бұл көшпелі отырыста Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарын дамыту мен Қазақстандағы кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағытталған бастамасының маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Аудандық мансап орталығының директоры Ботагөз Ташенова студенттерге enbek.kz электронды еңбек биржасы секілді заманауи онлайн-сервистердің мүмкіндіктері туралы баяндап, бұл олардың жұмысқа орналасуы мен кәсіби дамуына жаңа перспективалар ашатынын жеткізді.
Келесі кезекте сөз Ақкөл ауданының құрметті азаматы, білім және әлеуметтік қорғау саласында көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар қоғам қайраткері, аудандық ардагерлер ұйымының төрайымы Айжан Мананбаеваға берілді. Жасының егделігіне қарамастан, әлі де қатардан қалмай келе жатқан ардагер апайымыз жастарға берілетін патриоттық тәрбие, отансүйгіштік ұғымы, дұрыс мамандық таңдау мәселелері төңірегінде өз ойын ортаға салды.
Ал, депутат Ирина Андрющенко студенттерге «Сендер не армандайсыңдар, кім болғыларың келеді?» деген сұрақ қойып, оларды өз мақсаттарына жетуге ұмтылуға жігерлендірді. Оның балалық шағындағы арманы, қажырлы еңбегі мен өзіне деген сенімі арқылы кондитерлік цех ашып, оның бұл күнде табысты жұмыс істеп тұрғаны жөніндегі өмірлік мысалы студенттерге әрбір осындай арманды шындыққа айналдыру үшін жан-жақты күш салу керектігін көрсетті.
Аудандық мәслихат депутаты Назарбек Көкенұлы өз сөзінде жеке және қоғамдық дамудың екі маңызды тұсын қозғады. Ол ең алдымен, адамның көп кітап оқуы қажет екенін атап өтіп, «Бай әке, кедей әке» кітабынан алынған идеяларды мысалға келтірді. Бұл ой білімнің және өзін-өзі үздіксіз дамытудың табысқа жету мен тағдырды өзгертуге көмегі көп екенін айғақтады.
Одан әрі Назарбек өз өмір жолымен бөлісті. Оның мансабы қарапайым күзетші қызметінен басталып, одан кейін жұмысшы, заңгер ретінде еңбек етіп, бастамашылдығы мен еңбекқорлығының арқасында басшылық қызметке ұласқан. Бүгінде ол кәсіпорнын үш жыл бойы табысты басқарып келеді, бұл жастарға табандылық, білімге деген құштарлық пен үздіксіз даму – кәсіби жетістіктің негізгі кепілі екенін дәлелдейді.
–Өз қолөнеріңді дамыту, білім деңгейін арттыру, тәжірибе жинақтау секілді басты талаптарды ескере отырып, тек бір мекемеде жұмыс істеумен шектеліп қалмау қажет. Электрші, дәнекерлеуші сияқты тағы басқа да техникалық мамандықтар бойынша білім алғаннан кейін, ең алдымен осы салада жұмыс істеп, осы кәсіптердің барлық қыр-сырын терең меңгеріп, нағыз маман болу керек. Тәжірибе жинақтап, өз ісіңді қолға алу – бұл өз қабілеттеріңді толық ашуға, шығармашылық пен кәсіпкерлік қырыңды дамытуға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады, – дейді бұл орайда Назарбек Көкенұлы.
Сергей Калашниковтың сөзінен біз тек жас депутатты ғана емес, сондай-ақ, табысты кәсіпкерді де көреміз. Ол өзінің жеке кәсібін құрып, оны қысқа мерзімде кеңейтіп, бүгінде көптеген адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл ретте, оны табысқа жеткізіп отырған негізгі факторлар – жеке еңбекқорлық қасиет, кәсіпқойлық және экономиканың дамуына үлес қосу қабілеті екені анық.
Оның «Қазіргі уақытта жұмысшы жұмыс іздемейді, керісінше, жұмыс беруші маман іздейді» деген пікірі ерекше назар аудартады. Бұл қазіргі еңбек нарығындағы үрдісті айқындап, жұмыс орындарын құру мен бизнесті дамыту қажеттілігін баса аңғартады. Сонымен қатар, экономикада сәтті әрекеттесу үшін жұмыс берушілер мен жұмысшылардың өзара ынтымақтастығының маңызды екенін айғақтайды.
Кездесу соңында сөз №10 агротехникалық колледжінің директоры Арман Оразовқа берілді. Ол балалық шағында прораб болуды армандағанын, алайда, тағдыр оны тарих пәнінің мұғалімі болуға жетелегенін айтты. Уақыт өте келе мектеп директоры болды, кейін агротехникалық колледжді басқаруға келіп, осында бірнеше жыл табысты еңбек етіп келеді.
Кездесу барысында қатысушылар кәсіптік білім берудің маңыздылығын атап өтіп, осы жылдарда агротехникалық колледж ауданның бірден-бір кәсіптік мамандар даярлайтын білім ордасы ретінде танылғанына тоқталды. Бұл жерде шынайы қарым-қатынас пен өзара түсіністік жағдайында жастар өздерінің болашағына деген сенімді қалыптастырады. Өңірдің келешегі де белгілі бір дәрежеде өз күш-жігерін мамандық алып шығуға бағыттап жатқан мақсатшыл жастардың қолында екендігі анық.
Кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орны қабырғасында «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай өткізілген бұл игі кездесу ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналып, аға буынның іс-тәжірибесі мен жастардың ұмтылысы бір арнада тоғысса, мұның өзі ортақ іске, еліміздің халық шаруашылығы үшін білікті жұмысшы мамандарын даярлауға тек ықпалын тигізетіндігін аңғартты. Ендеше, лайым солай болсын!
Айнагүл ӘБДІКЕЕВА,
Ақкөл аудандық мәслихатының қызметкері.
2 Total Views , 2 Views Today