Ассамблея
Қатарынан тоғыз жыл бойы қазақстандықтар көктемнің алғашқы күнін Алғыс айту күні ретінде тойлап келеді. Еліміз бұл күнді 2016 жылдың 1 наурызында алғаш рет тойлай бастады.
Алғыс айту күні – бұл ең алдымен, тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымы. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Аталған мереке Қазақстан халқының бойында бір-біріне деген құрмет сезімін оятып, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етіп келеді.
Көктемнің алғашқы күні Алғыс айту күнін тойлауымыздың өзіндік тағы бір себебі бар. 1995 жылы дәл осы күні тұңғыш Президенттің бастамасымен елімізде тұратын барлық этностардың ынтымағы, бірлігі мен достығының символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Бұл күні республика көлемінде осы мерекеге орай түрлі іс-шаралар өткізілді. Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясында «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана ұжымы өткізген «Бақытты елдің алғысы бар!» тақырыбындағы шара да айтулы күнге арналды. Шараның басты мақсаты жас ұрпақты Отанын сүюге, ынтымақтастық пен бірліктің қадіріне жетуге тәрбиелеу, сыйластық, достық туралы түсініктерін кеңейту болып табылады.
Шара қонақтары «Ақмола облысының татарлар мен башқұрттар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Саитұлы Сулқарнаев пен Ақмола облысының өзбек этномәдени бірлестігінің төрайымы Тожибуви Усманқызы Медетова 9-10 сынып оқушыларымен кездесіп, алғыс айту берекелі бірліктің бастауы екендігіне тоқталды. Осынау мерекенің тарихи, саяси һәм тәрбиелік мәні тереңде жатқанын айтып, өткен ғасырда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған этностарды өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығы туралы ой қозғап, ыстық ықыластарын білдірді.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының этносаралық келісім мен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін, этномәдени бірлестіктерінің қолға алып жатқан жұмыс бағыттарының маңыздылығын тілге тиек етті. Жас ұрпақты Алғыс айту күнімен құттықтап, оқушыларды қайырымды іс жасауға шақырды. «Кіршіксіз сезімдеріңді ата-аналарыңнан аямаңдар, өз отбасыңды, Отаныңды, туған тіліңді сүйе біліңдер, достық пен татулықты бағалаңдар» деп ақыл-кеңестерін берді. «Ақмола облысының татарлар мен башқұрттар бірлестігі» ҚБ белсендісі Гауһар Абдрахманқызы Аминова ана тілі туралы өлең оқып, осы өлеңін «Ғалиябану» ансамблінің мүшелерімен әуелете әнге қосты.
Кітапханашыларымыз қатысушылар назарына кітап көрмесін ұсынды. Сөйтіп, бұл шарада халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке-бірлігі мен ынтымағы кеңінен дәріптелді.
Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі.