«Болашақ» сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында аталмыш ұйымның құрамына кіретін қоғамдық бірлестіктер мен орталықтардың жұмыс барысы тыңдалып, бір топ ақмолалықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Биыл елімізде ұлтаралық бірлік пен келісімнің берік негізі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы айтулы датаға байланысты өткізілген Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысына этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және педагогикалық қауымдастықтың, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес кеңесте Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қызметі, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі ассамблея ұйымдарының рөлі, ғылыми-сараптамалық топтың жұмысы секілді мәселелер қаралды.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов өзінің алғысөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде ел бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды.
–Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл тек ел бірлігін сақтаудың маңызды институты ғана емес, ол бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін нақты механизм. Бүгінгі таңда ол елдегі түрлі этнос өкілдері арасында өзара түсіністік пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаруда, – деді Марат Ахметжанов.
Бұдан әрі баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев ұйымның жан-жақты жұмысын баяндады.
–Отыз жыл ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы барлық халықтарды ортақ шаңырақтың астына ұйыстырып, олардың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын сақтауға және танымал етуге бағытталған көптеген ауқымды жобаларды іске асырды. Былтыр Ақмола облысында осы бағытта 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, 40 мыңнан астам адам қатысты. Осы ретте, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, зиянды әдеттерден арылту, үнемшілдікке баулу және бірлікті насихаттау мақсатында ақсақалдар кеңесі «Адал Азамат», «Кемелдік пен креатив» жобаларын, ал, аналар кеңестері отбасылық құндылықтарды сақтау, ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты ана» және «Әже тәрбиесі – ұлылықтың дәні» жобаларын белсенді түрде іске асырғанын атап өткен жөн. Биыл аналар кеңесінің бастамасымен «Ақ тілек: 30 жұпқа бақыт сыйлау» жобасы қолға алынып, жас жұбайларға бата беру рәсімі ұйымдастырылды, – дей келе, ол Ақмола ассамблеясының құрамына кіретін басқа да ұйымдар мен бірлестіктердің, орталықтардың жұмыстары туралы баяндады және Наурызда өткен Кимешек шеруінің маңызына тоқталды.
Бүгінде облыста 41 ақсақалдар, 104 аналар кеңестері жұмыс істеп, жоғарыда аталған тәрбиелік бағыттағы жобалармен айналысуда. Бұл шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілді дамыту және волонтерлік қозғалысты ілгерілету бағыттарын қамтиды.
Сонымен бірге, кеңесте медиация мен қақтығыстардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл орайда, «елдесу және татуласу» жобасын жүзеге асыратын этномедиациялық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстағы ассамблея ұйымдары – «Ассамблея жастары» қозғалысы «Social jastar», «Этно-view» және «Тәрбие басы – еңбек» сияқты бастамаларды жүзеге асыруда.
Целиноград ауданының Родина ауылы мектебінің директоры Елена Нижник: «Біз тек азаматтарды ғана емес, өз елінің патриоттарын тәрбиелеудеміз», – деп жас ұрпаққа тәрбие беру барысында олардың бойына адамгершілік пен патриоттық рухты сіңіру тәжірибесімен бөлісті және осы бағытта атқарылып жатқан мәдени іс-шараларды жан-жақты баяндап өтті. Сол сияқты, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі Марат Өтегенов ұлтаралық келісімді нығайту барысындағы жобаларға сараптама жасау бағытындағы жұмыстары туралы, «Чин-сон» корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Лян өзі басқарып отырған ұйымның қызметі туралы айтып, ұлтаралық бірлікті сақтаудың маңыздылығы жайындағы өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімі Марат Мұратұлы қоғамдық келісім мен этносаралық достықты нығайтуға қосқан үлестері үшін этномәдени бірлестіктердің басшыларын, ғылыми қауымдастық өкілдерін, педагогтар мен еңбек ардагерлерін және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапаттады. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина, «Вайнах» шешен-инғұш этномәдени бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев және тағы басқалары бар.
–Біздің орталық 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Біз үшін басты міндеттердің бірі – қайырымдылық. Біз қоғамдық өмірге белсенді қатысып, ұлттық мерекелерде түрлі кездесулерді ұйымдастырамыз. Жастар қанаты ұлттық дәстүрлерді сақтап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында бірқатар жобаларды қолға алып, аға буынға көмек қолын созуда. Мен үшін бүгінгі марапат Ассамблеяның мерейтойлық айтулы оқиғасы ғана емес, біздің ұйымның ортақ іске қосқан үлесінің ескерілуі деп білемін, – деді өзбек этномәдени орталығының төрайымы Тожибуви Медетова.
Енді санаулы күндерден кейін Ақмола облысының делегациясы Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-інші сессиясына қатысады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.