Көкшетауда Ақмола облысы аграршыларының «2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын өткізуге дайындық шаралары және оны ұйымшылдықпен сапалы өткізіп шығу жөнінде алда тұрған міндеттер туралы» облыстық аграрлық кеңес болып өтті. Кеңес отырысын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашып, сөз сөйледі. Агрокеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, басқармалар мен ведомстволардың басшылары, аудан, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін компаниялардың өкілдері, ғалымдар, ауа райын болжайтын мамандар, БАҚ өкілдері қатысып, күн тәртібіндегі басты мәселелер талқыланған кеңес жұмысын облыс әкімі қорытындылап, аймақ аграршыларына биылғы ырыздық жорығында сәттілік тіледі.
Күн жылып, жердің тоңы жібіген шақтан бастап, ауыл шаруашылығы саласына жан бітіп, аграршылар жауапты кезеңге аяқ басады, яғни, көктемгі егістік жұмыстарына дайындық пысықталып, болашақ астық өнімінің негізі қаланады. Былтырғы жан-жақты үйлесімді жұмыстың арқасында өңір диқандары рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, ел ырысқа кенелді, сөйтіп, Ақмола облысы еліміздің басты астықты аймағы екенін дәлелдеп берді. Биыл да сол үдеден шығып, мол өнім алу, түрлі тәуекелдерге жан-жақты дайын болып, былтырғы көрсеткішті сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің алдында үлкен міндет тұр.
–Ел Президенті өткен жылғы ауыл шаруашылығы саласының оң нәтижелеріне қарамастан, көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беруді ұлғайтуды атап өтті. Ақмола облысының аумағында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының маңызды бөлігі екеніне тоқталып, біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керектігін, бұл – өте маңызды міндет екенін белгілеп берді. Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік 10 елдің қатарына қосылуға тиіс.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті өте жоғары. Аймақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен агрокешенді дамытуда маңызды рөл атқарады. Біздің облыста әрі қарай өсу үшін резерв қоры жеткілікті әрі зор мүмкіндіктер бар. Өткен жылы облыс диқандары рекордтық мөлшерде – 6,6 тонна бидай жинап, еліміздің басты астықты өлкесі, агросектордың негізгі жүрегі екенін дәлелдеп берді. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың да оң септігі тигені мәлім. Сонымен бірге, бұл біздің диқаншылардың маңдай терге толы қажырлы еңбегі. Биыл да еліміздің аргоөнеркәсіп кешенінде осы жоғары қарқынды сақтап қалу міндеті тұр, –дей келе, аймақ басшысы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың, атап айтқанда, «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиенің өңір диқандарына өткен жылдың қараша айынан бастап беріле бастағанына ерекше мән берді. Бұл мемлекеттік қолдау көктемгі егіс жұмыстарына алдын ала сапалы дайындалуға, қажетті тұқым мөлшерін, минералды тыңайтқыштарды алып, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындауға және басқа да тиісті шараларды атқаруға зор мүмкіндік туғызады деген сенімдеміз. Бүгінде облыстың 600 фермері 66 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесін алып үлгерген. Жалпы, облыс бойынша 94,7 миллиард теңгенің өтініші келіп түскен, қазіргі уақытта қосымша қаржы қарастырылып жатқан көрінеді.
Сонымен, отырыста биылғы көктемгі егін науқанының негізгі ерекшеліктері қарастырылып, сараптамалық ұсыныстар жасалды, заманауи агротехнологияларды қолдану тиімділігі айтылып, көктемгі егіс науқанының сапалы жүргізілуіне қажетті агрономиялық озық әдіс-тәсілдер ұсынылды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізіп, маңызды шешімдер қабылдауларына көмектеседі деген ойдамыз. Сонымен бірге, кеңес отырысында биылғы берілген қаржыны тиімді игеріп, тиісті нәтиже көрсетудің маңызына айрықша көңіл бөлінді. Алдағы уақытта жер-анадан алынатын ырыс-құтты сақтау, өткізу, сату жағы да назардан тыс қалмады. Өндіріс барысында қандай да бір кедергілер кезігіп, сұрақтар туындайтын болса, облыс әкімінің өзіне немесе облыс әкімінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бойынша орынбасарына, арнайы құрылған штабқа ашық айтып, мәселені дер кезінде шешу керектігі ескертілді.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Ол аграршыларды өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін барлық қолжетімді тетіктерді пайдалануға шақырды.
– Былтыр басталған жеңілдетілген несие беру көмегі биыл да жалғасын табады әрі көлемі ұлғайтылды. Климаттық жағдайларға байланысты әрі бұрынғы көрсеткіштерге көз салсақ, биыл былтырғы рекордқа қол жеткізбеулеріңіз де мүмкін, бірақ, өнімнің сапасына баса назар аудару қажет. Ал, енді мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға келсек, Президент тапсырмасына сәйкес, жеңілдетілген несиеге өтінімдер қабылдау өткен жылдың қарашасынан басталды. Бұған дейін «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаражат мамырда түсетін. Қазір жеңілдетілген несиелеудің жалпы сомасы 700 миллиард теңгеге жетіп отыр. Былтыр бұл сома 580 миллиард теңге болатын. Қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін қаражат алуға арналған арналар саны да көбейтілді. Енді қаражатты Аграрлық несие корпорациясы, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, өңірлік инвестициялық орталықтар мен микроқаржы ұйымдары арқылы алуға болады, – дей келе, вице-министр былтырғы бөлінген қаржыны игеру және аграршылардың жеңілдетілген несиені уақытылы қайтару мәселелері бойынша бірқатар мәселелерге тоқталып, қаржыландыру тетіктерін түсіндірді.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл аграршылар үшін техниканы жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру көлемі 200 миллиард теңгеге дейін артқан, ал, форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 30 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді.
Кеңесте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастырудың барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста көктемгі егін науқанын ұйымдастыру үшін қажетті барлық ресурстар жеткілікті әрі жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін агрономиялық кеңес құрылып, оның құрамында тәжірибелі агрономдар мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көшбасшылары, ғалымдар мен сарапшылар жұмыс істеуде. Қазіргі кезде соңғы агротехнологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл облыста 5,4 гектарға егін егілмекші,
–Биыл Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 200 миллиард теңге бөлінді, оның 63,3 миллиард теңгесі субсидиялар болса, 140 миллиард теңгеге жуығы жеңілдетілген несие мен форвардтық сатып алуға қарастырылды. Өнімділікті арттыру мақсатында топыраққа 336 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда, тыңайтқыш енгізілетін алқаптар көлемі 78 мың гектарға ұлғайтылды. Қазіргі таңда отандық өндірушілер 66,9 мың тонна тыңайтқыш алуға 266 келісім-шарт жасады. Тұқыммен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. Мұндайда ауыл шаруашылығы техникасын дайындау да маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда барлық техника дайын. Егіс жұмыстарына шамамен 37 мың техника жұмылдырылмақшы, –деді Мұрат Сағатұлы.
Кеңесте «А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Тимур Савин көктемгі егін науқаны жұмыстарына дайындық бойынша ғылыми ұсыныстарын жеткізсе, Жарқайың ауданының «Жер-1», Бұланды ауданының «Журавлевка-1» серіктестіктерінің бас агрономдары Светлана Орехова мен Николай Цеонель дәнді және майлы дақылдарды егу технологиялары туралы баяндады, ал, «Дихан Плюс» серіктестігінің директоры Денис Швайбович аграрлық жұмыстарды жоспарлап, болжам жасау және бақылау бойынша серіктестік жұмысына енгізген цифрлық технология жөнінде айтып берді. Кеңес соңында барлық аграршылар «Қазгидрометтің» Ақмола облысындағы филиалының директоры Бақыт Мақажанованың көктем мен күз маусымы аралығына болжанған ауа райы болжамын тыңдады. Бұдан әрі кеңеске жиналған қауым тарапынан туындаған сауалдарға жауаптар беріліп, олардың ұсыныстары назарға алынды.
Агрокеңес соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов көктемгі егіс науқанына қажетті техникалардың барлығы 100 пайыз дайын болуын, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен уақытылы қамтамасыз ету және тұқым жаңарту көрсеткішін арттыруды тапсырды.
***
Агрокеңес отырысына дейін облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов кеңес өткен «Көкшетау» мәдениет сарайының аумағында ұйымдастырылған отандық ауыл шаруашылығы техникасын құрастырып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғайтын заманауи құралдарды өндіретін жетекші компаниялардың ауыл шаруашылығы көрмесін аралап көрді.
Көрмеде инновациялық дрондар мен жоғары өнімді егіс кешендерінен бастап, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі мен төзімділігін арттыруға бағытталған заманауи агрохимикаттар мен тыңайтқыштар қойылып, таныстырылды. Көрмеге Астана, Алматы, Шымкент, Петропавл, Павлодар, Қостанай және Қарағанды қалаларынан 40-қа жуық компания қатысты. Сонымен қатар, Таяу және Қиыр шетелдерден әкелінген техника үлгілері де көрмеге қойылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.