Жуырда редакциямызға тағы да Зәуреш апай келіп кетті. Ата-анасын қадірлеуді мен осы Зәуреш Қабдоллақызынан үйренуіміз керек дер едім. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста зұлым жауға қарсы ерліктің ерен үлгісін көрсеткен әкені бір ұмытпайды. Осыдан он жыл бұрын алғаш келгені де есімде. Онда жанында Бикамал, Бақыт сіңлілері, Әмен жиені бар еді. Содан бері өзінің ері, екі бауыры да о дүниелік болған. Әйтеуір, Әмен ағамыз аман. «Бәрінен айырылып, жалғыз қалдым» деп көзінен жас ыршып-ыршып кеткенде өзімді қоярға жер таба алмай, қиналғаным да рас. Сонда да басына түскен осы ауыртпалықты жеңе жүріп, әлі де әке атының елеусіз қалмауына, мына Ұлы Жеңістің 80 жылдығында тағы бір жаңғыруына тұла бойынан күш-жігер, сонау Бұланды ауданынан уақыт та, мүмкіндік те таба білген.
Қазақтың осы бір бәріне де шыдамды, бәріне де төзімді көрінген, парасат-пайымы сай әйел затына қарап, ата-анасы да тап осындай болған шығар, әйтпесе, мына кісіден осыншама ізгілік шуағы есер ме еді деп те ойлап қоямын. Сөйтемін де көмектескім келеді, «әке» деп шырылдап жүрген жан жүрегіне өзім болып, бір ізет дәнін сепкім келеді.
«Қыз бала әкеге жақын» деген рас екен-ау. Әмен ағамызбен редакцияға алғаш келгенінде де сөзді үш қыздың үлкені осы Зәуреш апай бастап, әкеге деген жан тебіренісі, ыстық сүйіспеншілігі, өмірден ерте кеткеніне үлкен өкінішін, қанды қырғын соғыста батыр атағын алмаса да, бір өзі жеті бірдей орден алғанын, мұндайды әзір бұл төңіректен естімегендерін толқи отырып бір мұңая, бір нұрлана жеткізіп еді.
Әрине, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың мұң-зарынан жылт еткен жергілікті бір тың жаңалыққа біз де қарап қалмадық. Сол өзімізді арқа тұтып келген аға-апаларымыздың ізімен «Комбат» деген мақала жазып, Қабдолла Көшербаевтың қан майдандағы теңдессіз ерліктерін газет оқырмандарына паш еттік. Әңгіме арасында «батыр атағын алмаса да, әкем сол соғыстың бір батыры еді» деп қалған Зәуреш апайымыздың осы бір сөзі сол сұрапыл қиян-кескі ұрыстарда Отан, ел үшін қасық қанын аямаса да, үлкен жұлдыздан, басқасынан да қағылған ондаған ержүрек аталарымыздың қилы тағдырын дәл жеткізіп тұрғандай еді. Соның бірі әрине, біздің пайымдауымызша, кіндік қаны 1916 жылы Ақмола облысы Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал) ауданының Казгородок (Үлгі) ауылында тамған Қабдолла Көшербаев.
Көршілес Қотыркөл ауылында есеп қызметкерлерінің мектебін бітірген Қабдолла ағамыз әскер қатарына соғыстан бұрын шақырылып, 1939 жылы Жапон милиталистеріне қарсы Халкин-Гол шайқасынан өтеді. Ал, 1941 жылы зұлым жау ел шетіне тигенде қайтадан әскерге алынып, Алматының түбіндегі Талғарда алты ай өзгелерді соғыс ісіне үйретеді. Осыдан кейін өзі майданға аттанып, 112-інші Рыльский атқыштар дивизиясының 385-інші атқыштар полкында барлаушылар взводына жетекшілік етеді. Біз айтқан жеті орденнің алғашқысы – екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне кезекті ұрыста жау блиндажына бірінші болып басып кіріп, үш неміс солдаты мен бір пулеметін жойғаны үшін ие болған. Бұдан кейін қатарынан төрт Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған майдангерді басқа біреуіміз естісек естіген шығармыз, ал, өз басымыз естімеппіз де, көрмеппіз. Бірақ, ондай адам біздің Көкшетау, Ақмола облыстарының тарихында бар. Ол – қайтпас қайсар жерлесіміз Қабдолла Көшербаев. Мұндай бірінші орден ол кісінің пешенесіне 1943 жылдың 21 желтоқсанында Калинин облысының Молодотуд ауданы үшін болған ұрыстарда бұйырған. Бір өзі он неміс солдатын жайратқан лейтенант Қ.Көшербаевты полк командирі, подполковник Морецкийдің осы орденге ұсынғаны туралы марапаттау қағазының көшірмесі міне, алдымызда жатыр.
Екінші Қызыл Жұлдыз ордені де өр кеудесінен орын алғанда Қабдолла ағамыз 48-інші Армияның 73-інші Новозыбков атқыштар дивизиясы 392-інші атқыштар полкының сегізінші ротасының командирі еді. Полесск облысына жақын тұстағы тас жолды қорғауда өліспей беріспеген Қабдолла ағаның ротасы негізгі күш көмекке келіп жеткенше жаудың бес бірдей шабуылын тойтарып, өздеріне сеніп тапсырылған шепті ұстап тұра береді.
Өрекпіп келген неміс фашистері кейін шегінген сайын әрі майдан даласында екі рет ауыр жараланып, соңғысында түрлі себеппен өз бөліміне қосыла алмағаннан кейін бұдан былайғы ұрыстарға жерлесіміз Прибалтика майданындағы бірінші Екпінді Армияның 374-інші Любанск атқыштар дивизиясы 1942-інші атқыштар полкының құрамында қатысады. Мұнда да Латвияның Межвери, Дайвари, Анна елді мекендерін зұлым жаудан азат ете отырып, Рига қаласына өз ротасымен алғашқылардың бірі болып кіреді. Бұл жолы енді аға лейтенант Қабдолла Көшербаевтың омырауына үшінші Қызыл Жұлдыз орденін осы ұрыстардағы жеке ерлігі үшін полк командирі, подполковник Сулейманов қадайды.
Осыдан кейін де бір Қызыл Жұлдыз орденін кеудесіне тағып барып, көбіне жоғары командирлік құрамға ғана берілетін Александар Невский орденіне қолды бір-ақ жеткізген Қабдолла ағамыздың майдандағы осы бір ерліктерін нағыз ержүректік, батырлық демей көріңіз. 1944 жылдың 17 наурызында майдан шебіндегі 48-інші Армия бойынша шығарылған №303/Н бұйрықтың көшірмесінде осы жоғары дәрежелі орденмен тек екі кіші офицердің ғана марапатталғанын байқаймыз. Сол екеудің бірі аға лейтенант Қабдолла Көшербаев. Өйткені, мұның алдында 1944 жылдың 21 ақпанында болған қанды шайқаста уралап жау бекінісін басып алған Көшербаевтың ротасы немістің 150 офицері мен солдатының көзін жойып жібереді.
Осы арада ержүрек майдангердің ұрпағы Зәуреш апайымыздың да «әкем» деп жаны жай таппауының сырын түсіне түскендейміз. Біздің өзіміз де Қабдолла аға ордендерінің алтыншысына мана бастағаннан жаңа жетіп отырмыз. Алда әлі бұл кісінің жетінші ордені және соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі офицерлік қызметі бар.
Жетінші орден! Дегенмен, бұл орденнің жолы басқаларына қарағанда ауыр болған. Бұл тағы бір екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне Қ.Көшербаев 1945 жылдың 6 ақпанында Латвияның Кромеши қаласының маңында болған ұрыста ротасымен жаудың ДЗОТ-ын жойып, қаншама солдатын жер жастандырып, біздің әскерлердің шабуылына жол ашқаны үшін ұсынылады. Бірақ, өзі сол ұрыста үшінші рет ауыр жараланып, тылға госпитальға жөнелтілгендіктен, бұл орденінен көз жазып қалады. Сөйтіп, өкінішке орай, 24-інші атқыштар корпусы бойынша осы орденмен марапатталғаны туралы бұйрық бар болғанымен, не себеп болғаны белгісіз, әйтеуір, награда иесін таппайды. Сондықтан, осы мақалада беріліп отырған суретінде кителінде алты орденнің болуы заңды да. Ал, біз айтып отырған жетінші орден содан кейін араға көп жылдар салып барып қана, құжаттары осы бертін КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінен шығып, «Память народа» сайтында жарияланады.
Соғыс аяқталған соң 1956 жылға дейін әскер қатарында қалып, әуелі Түркістан әскери округінде, одан кейін Калининград (бұрынғы Кеннисберг) қаласында Германиядағы кеңес әскерлері құрамында сол рота, одан кейін майор шенімен батальон командирі болған Қабдолла ағамыз соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан күрделі ота жасалған соң бірінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде әскер қатарынан босап, туған жері Еңбекшілдер (Біржан сал) ауданында ДОСААФ комитетін басқарады. Алайда, одан бұрын 1948 жылы қарамағындағы жауынгерлерімен қатты жер сілкінісіне ұшыраған Түркімен ССР-інің астанасы Ашхабад қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, КСРО Қорғаныс миинистрлігінің «Красная Звезда» газетінде қазақтың осы бір ержүрек офицері туралы мақала да шығады. Сондықтан, Қабдолла Көшербаевтың Ұлы Отан соғысында өз ерлігімен ерекше көзге түскенін және жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі еңбегін ескерген болуы керек, сол кездегі ДОСААФ Орталық комитетінің төрағасы, армия генералы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Лелющенко сонау ту-ту Қазақстанның бір түкпірінде жүрген соғыс ардагері Қабдолла ағайға алғыс жариялап, естелікке аты-жөні жазылған ТТ пистолетін сыйға тартады.
1957 жылы бәрібір соғыста алған ауыр жарасы, атап айтқанда, дәрігерлер тайсақтап, алуға қолдары бармаған жүрегіне жақын тұстағы снаряд жарықшағынан небары 51 жасында көз жұмған Қабдолла Көшербаевтың артында жан жары Күлпән апай, үш қызы қалады. Осы балалар бірінен кейін бірі кәмелеттік жасқа толғанда, оларға КСРО Қорғаныс министрлігі тарапынан тағайындалған зейнет ақы тоқтап, күнкөріс ауыр соға бастаса керек. Зәуреш апайдың айтуынша, аналары біреулердің ақыл-кеңес беруімен осы жағдайларын айтып, сол кездегі Қорғаныс министрі Андрей Антонович Гречкоға хат жазыпты. Артынша бірден жауабы келіп, сол зейнетақы жеделдетіліп, Күлпән аналарының өзіне тағайындалады.
Балалары алғаш Қабдолла ағайдың ерлігімен бізге келгенде, сол кездегі Еңбекшілдер ауданында Қабдолла Көшербаевтың осыншама орденін, өздерінен сондай адамның шыққанын да жарытып ешкім білмейді екен. Зәуреш апай мен бауырлары қолдарына біз жазған мақаланы, өзге құжаттарды алып, аудан әкімі Теміржан Хамитовқа барғанда, обалы нешік, ол кісі жағдайды бірден түсініп, тез арада Қ.Көшербаевқа аудан орталығы Степняк қаласынан бір көшенің атын беру мәселесін қолға алады. Сөйтіп, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен бұрынғы Совет көшесіне батыр жерлестерінің есімі беріледі.
Бұл мәселе сәтімен тез шешілсе де, кейін қыздарының әкелері басшылық еткен бұрынғы ДОСААФ аудандық комитеті, қазіргі «Отан» қоғамдық бірлестігінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатсақ деген тілектері жүзеге аспады. Себебі, бұл қоғамдық ұйым екенін көлденең тартып, басшылары ондай қадамға бара қоймаған. Ел үшін аянбаған жерлестеріне болмашыны желеу етіп, осындай немқұрайлылық таныту адамгершілікке жата ма, осы жағын оқырманның өз безбеніне қалдырдық. Біздің ойымызша, қайта бұл тақта жастарды, яғни, болашақ Отан қорғаушыларды отансүйгіштікке, ерлікке шақырып тұрмас па?!
Қазір Зәуреш апай өзі армандаған сол ескерткіш тақтаны қалай, қайда қоярын білмей жүр. Степняк қаласының жер бедері ойлы-қырлы екені белгілі. Қазіргі Көшербаев көшесі де солай орналасқан. Енді тіпті болмаса, иесімен келісіп, көшенің басындағы бірінші үйдің қабырғасына орнатқысы келеді. Бірақ, бұған әлі үй иесі қалай қарайды? Міне, осы бір мәселеге аудан, қала басшыларының көмектескендері жөн деп ойлаймыз. Сол сияқты, Қабдолла ағайдың кіндік қаны тамған Үлгі ауылы, осындағы орта мектеп басшылары да даңқты жерлестерінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы өшпес ерлігін елеп-ескерулері керек-ақ. Қабдолла Көшербаевтың жүлдесі үшін спорт түрлерінен бір турнир өткізсе, сөйтіп, оны дәстүрге айналдырса, ал, білім ордасында қызы Зәуреш апайдың көмегімен бір бұрыш жабдықталса, бұл да өткеннің қадірін білгеніміз ғой. Сөз соңында біздің айтпағымыз, ел басына күн туғанда бір өзі жеті орденнен тұратын ерлік жасаған Қабдолла Көшербаевтың есімі ұмытылмай, жерлестерінің жадында жүрсе екен!
Қайырбай Төреғожа.