Ежелден адамзат баласы еңбекке үлкен мән берді. Ата-бабаларымыздың еңбекқорлық, үнемшілдік пен тәртіп, тазалық жолындағы талпыныстары ұрпағын жастайынан еңбекке деген сүйіспеншілікке баулыды.
Қазіргі уақытта өз еркімен мамандық таңдаған адамдардың осы ретте, қаншалықты бақытты екенін сезінуге болады. Застанционный үлгілі кітапханасы «Еңбек – елдің мұраты» жобасы аясында Көкшетау қаласы әкімдігінің жанындағы «Көкшетау жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су жылыту қазандықтарының аға машинисі Самат Мүлкібайұлы Хамитовпен және Көкшетау жоғары медициналық колледжінің электромонтері Ғалыжан Қалымтайұлы Шаймерденовпен кездесу өтті.
Іс-шара ақындардың еңбек тақырыбына арналған өлеңдерімен басталды. Оны №14 орта мектебінің оқушылары Айша Алпысбай, Әдемі Жасұлан оқып берді. Самат Мүлкібайұлы су жылыту қазандықтарының аға машинисі, осы саладағы тәжірибелі қызметкерлердің бірі. Оның жылу энергетикасы саласындағы кәсіби еңбек жолы 16 жылды құрайды. Көптеген жылдар бойы ол өз жұмысында біліктіліктің, адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, қаланы қысқы жылумен қамтамасыз етудің бел ортасында жүр. Оның қолынан су жылыту қазандықтарының тұрақты және тиімді жұмысына қатысты барлық процестер өтеді.
Көкшетау қаласы жоғары медициналық колледжінің электромонтері Ғалыжан Қалымтайұлы 40 жылға таяу осы салада жұмыс істеп келе жатыр. Ол зейнеткерлік жасқа жетсе де, өз ісінің кәсіби маманы, еңбек жолы жастарға үлгі болатын еңбек ардагері. №12 орта мектептің оқушылары қос қонағымызға әннен шашу шашты. Сонымен қатар, келген қонақтарға колледж студенттері өмір жолдары туралы өздерінің сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Іс-шара соңында кітапхана ұжымы қонақтарға өз алғыстарын білдірді. Елдің еңсе көтеріп, табысқа жетуі үшін, халықтың білімді, білікті, еңбекқор болғаны да өте-мөте маңызды. Білім, өнер де осы адал еңбекпен келеді. Адал еңбегімен өз кәсібінің биігіне шыққан адамды айналасы да құрметтейді. Еңбек адамды шынықтырып, мінез-құлқын қалыптастырады. Адам ерінбей еңбек ету арқылы қуанышқа, шаттыққа бөленеді. Жұмсалған еңбектің бостан-босқа кетпейтініне сабырмен сенуіміз керек, ал, сенімсіздікпен жасалған іс ешқашанда алға баспайды. Сондықтан да, көп жағдайда жетістікке жетудің сыры – қажырлы еңбекте, сабырлылық сақтап, сол еңбегіміздің босқа кетпейтініне сенуде жатыр. «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген қанатты сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Еңбексүйгіш, өзгенің маңдай терін бағалай білген адам ғана бақыттың дәмін сезінеді.
Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» ел дамуына еселі еңбектерімен өз үлестерін қосып келе жатқан осы ағалардың есімдерін ардақ тұтқан жастар, бұл игілікті шарадан өздеріне белгілі бір пайдалы мағлұмат алды, бойларына титтей болсын үлгі-өнеге дарытты деп есептейміз. Ендеше, қоғамымызда жұмысшы мамандықтарының қадірі арта берсін.
Қарлығайын НҰРҚАДЫРҚЫЗЫ,
Көкшетау қалалық Застанционный үлгілі кітапханасының меңгерушісі.