Еңбек ардагерлері марапатталды

Жуырда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек өтілі 25 жылдан асқан бір топ қызметкерлері «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

Ардагерлерге бұл марапаттарды арнайы жиында кәсіпорынның бас   директоры Досымхан Аралбаев тапсырды. Аталған медальдар, дипломдар мен ақшалай сертификаттар серіктестіктің күнделікті жұмыстарына елеулі үлестерін қосып жүрген және ұзақ уақыт бойы осы салада еңбек ететін барлығы 12 адамға, соның ішінде атап айтқанда,  Еңбекшілдер электр желілері кәсіпорнының бас инженері Бәкір Ерденов, Ақжар электр желілері кәсіпорны Ленинград өңірлік энерго учаскесінің бастығы Мұрат Баймолдинге табыс етілді.

Сол сияқты, Степногорск қаласындағы электр желілері кәсіпорнының диспетчерлері Виталий Драгон, Константин Малофий мен Евгений Желнов та осындай құрметке ие болды.

Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Щучье электр желілері кәсіпорындарынан – жетекші инженер Александр Цалко, электромонтер Павел Шныцарь, электр энергиясын есептеу аспаптарын бақылау тобының электромонтері Юрий Войтенко да осындай сый-сияпат көріп, еңбектерінің еленгеніне бір жасап қалды.

Сонымен бірге, көпшілік алдында мұндай марапат Көкшетау қалалық электр желілері қосалқы станциясының бастығы Владимир Салимжанов, осы кәсіпорын диспетчерлері Жанат Сәрсенбаев пен Равиль Шарафулин,  электромонтер Виктор Шапкинге де бұйырып, көп жылғы еңбектері елене түсті.

Серіктестік директоры Досымхан Әлішұлы аталған марапаттарды тапсыра келе, ардагерлерге ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріп, денсаулықтарының мықты, отбасыларының аман-есен болуларына және жастарға үлгі болып, осы қалпында еңбек озаттары атанып жүре берулеріне тілектестігін жеткізді.

Жаңа техника көмекке келді

«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде биылдай автопарктің айтарлықтай жаңаруын бір сөзбен осылай сипаттауға болады.

Кәсіпорын Ақмола облысы, атап айтқанда, оның Көкшетау өңірі мен Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарын электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді. Сондықтан, мұнда осыншама аумақты аралап, істің жайын бақылауда ұстауда және орын алған электр қуаты  апаттарын дер кезінде қалпына келтіруде жаңа техниканың орны бір бөлек.

Осының бәрі ескеріле отырып, бұл жолы аудандық электр желілері бөлімшелеріне үш FAW және бір Shacman атты манипулятор-кран, сондай-ақ, «Соболь» маркалы төрт жүк және жолаушы автокөлігі табыс етілді.  Сонымен ішінде бір  манипулятор мен шағын автобус Степногорск электр желілері кәсіпорнына жөнелтілсе, қалғаны Тайыншадағы осындай кәсіпорынға  бөлінді.

Өңірлік бөлімшелердің басшыларына арнайы автокөліктердің  кілттерін тапсыра отырып, серіктестіктің бас директоры Досымхан Аралбаев компания қарамағындағы кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын  жаңартуды, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуды үнемі назарда ұстайтындарын атап өтті.

Соның айғағындай, биылғы жылы 24 «Соболь»  автокөлігін сатып алуға қаражат бөлінсе, оның төртеуі серіктестік қызметкерлерінің қолына тиіп отыр, ал, қалған 20-сы таяу арада келетін болады. Мұның бәрі компанияның өзінің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруының арқасында мүмкін болып отыр.

Сондай-ақ, кәсіпорын басшысы жаңа кран-манипуляторлар мен шағын автобустар бірінші кезекте Тайынша бөлімшесіне жайдан-жай берілмегенін атап өтті, өйткені, ол аумағы бойынша серіктестіктегі ең үлкен учаске болып табылады.

Сәуір айынан бастап «Көкшетау Энерго» серіктестігінің барлық бөлімшелерінде көктемгі-жазғы жөндеу жұмыстарының маусымы басталды. Соған орай, жаңадан тапсырылған арнайы көліктер қалалық және ауылдық қосалқы станциялардың жұмысын едәуір жеңілдетеді.

«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз қызметі.

4 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар