Әкім бол, халқыңа жақын бол!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласында азаматтарды қабылдады. Кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, үлестік құрылыс, абаттандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.
Атап айтқанда, Қосшы қаласының тұрғыны Ирина Осипова өңір басшысына «Даймонд парк» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мәселесі бойынша жүгінді. Қала әкімі Азамат Қапышевтің айтуынша, қазіргі таңда ұзаққа созылған құрылыстың түйткілдерін шешу бағытында белсенді шаралар қабылданып жатыр. Жұмысты аяқтау үшін тәжірибелі құрылыс компаниясы тартылып, нысанның құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Осыған ұқсас мәселемен «Құрылтай» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де өтініш білдірді. Марат Ахметжанов қала әкімдігіне және тиісті органдарға жағдайды жан-жақты талдауды тапсырды.
Қосшы қаласының құрамына кіретін Тайтөбе ауылының тұрғындары абаттандыру және жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді. Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, Қосшыдағы жолдарды жөндеуге 6,2 миллиард теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары жақын арада басталады деп жоспарлануда.
Қабылдау барысында жалпы саны 100-ге жуық мәселе көтерілді. Марат Ахметжанов әр сұрақты мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсініктемелер беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Көтерілген барлық мәселелердің орындалу барысын өңір басшысы өз бақылауына алатын болды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
5 Total Views , 1 Views Today