Әкім – іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы құрылысы аяқталмай жатқан тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, мердігерлермен кездесті. Аймақ басшысы сондай-ақ, облыс орталығындағы теміржол вокзалын қайта жаңарту бойынша жұмыстарын пысықтап, қаланы таза сумен қамтамасыз етуді кешеуілдете түскен компания өкілдеріне қатаң талаптар қойды.
Сарыарқа шағын ауданында құрылысы 2020 жылы басталған 11 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай келеді. Барлығы 56 мың шаршы метрді құрайтын 804 пәтер иелері қоныс тойын асыға күтуде. Бірақ өкінішке орай, жыл сайын тапсырылу мерзімі кешеуілдеп, тұрғындардың көңілі су сепкендей басылуда. Осыған орай, облыс әкімі құрылыс басына арнайы барып, барлық жұмыстардың тезірек аяқталуын тапсырды.
– Құрылыс жұмыстарының бар мәселесін биыл шешу қажет. Тиісті қаражат бөлініп, қажетті шаралар қабылданып жатса да, мердігерлер өз жұмыстарын уақытылы орындамай отыр. Осы мәселе бойынша қызметтік тексеріс жүргізілетін болады. Мұны қала әкімі Әнуар Күмпекеев пен өзімнің бірінші орынбасарым Елдос Рамазановқа тапсырамын, –деді өңір басшысы мердігерлермен кездесу барысында.
Белгілі болғанындай, қазіргі таңда осы нысандар құрылысы әртүрлі деңгейде тұр, сол себепті үйлердің салынып жатқан кезеңдерінің әрқайсысы жеке-жеке қаралды. Мысалы, Сарыарқа шағын ауданында А және Б позициясындағы екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Бұл екі үйдің пайдалануға берілуі биылға жоспарланып отыр.
Мердігер ұйымның өкілдері бірінші позициядағы құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуі жұмыс күшінің жетпеуіне байланысты екенін түсіндірді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Әзірге үйлердің қаңқасы мен сыртқы қабырға монтажы ғана бар. Екінші позициядағы тұрғын үйде сыртқы инженерлік желілердің жоқтығы және құрылыс материалдарының кешігіп жеткізілуіне байланысты мәселелер туындаған. Бұл екі жоба аяқталса, қаланың жүздеген тұрғындарын нарықтағы бағадан арзан баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.
Қаладағы осы сияқты аяқталмай қалған құрылыс нысандарының жағдайы туралы Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, Сарыарқа шағын ауданында бірқатар күрделі нысандар бар. Бұл тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының тұралап қалуына мердігер ұйымдардың өзара үйлесімді жұмыс істемеуінен және жоба құжаттарының жеткіліксіздігінен туындаған қиындықтар себеп болған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының баяу жүргізілуі инженерлік коммуникациялардың болмауына және жұмыс қарқынының төмендігіне тікелей байланысты болып отыр. Барлық мәселені мұқият тыңдаған Марат Ахметжанов мердігер ұйымдардың өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескертті.
–Бұл жобалардың барлығы неге мерзімнен кешіктіріліп жатқанын анықтау керек. Аяқталмай қалған нысандар тек құрылысқа ғана емес, инфрақұрылымға, оның ішінде жолдарға да кері әсерін тигізеді. Қалада 800-ден астам пәтер аяқталмай жатыр. Осы себептен қала дамымай отыр. Біз адамдардың өз пәтерлерін жылдар бойы күтіп отыруына жол бермеуге тиіспіз, –деді бұл ретте облыс әкімі.
Аймақ басшысы мердігер ұйымдарға биыл сегіз құрылыс нысанын аяқтауды тапсырды. Бұл нысандардың бір бөлігіне қала әкімдігі, ал, екінші бөлігіне «Көкше» әлеуметтік даму корпорациясы жауапты болмақ.
Содан соң, Марат Ахметжанов Көкшетау теміржол вокзалы алаңына барып, жаңа вокзалдардың жөнделу жобасымен танысты. Биыл Ақмола облысында барлығы16 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстардың дені облыстың ірі қалалары мен ауылды елді мекендерін де қамтиды. 2025 жылдың соңына дейін Көкшетау, Щучинск, Макинск, Атбасар, Ақкөл, Есіл, Ерейментау, Державинск қалалары мен Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольск, Еркіншілік, Сарыоба және Өлеңті ауылдарындағы вокзалдар толығымен жаңартылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, жобаны «Жарқын Құрылыс» және «IntegraConstruction KZ», «АСТРА ЛТД» және «Ремквит» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асырады.
– Қоғам пікіріне де құлақ асу қажет. Қала тұрғындары өздеріне ұнайтын жобаны таңдауы керек. Вокзал заманауи болуымен қатар, өз архитектуралық тұтастығын сақтауы тиіс. Вокзал алаңы да бір стильде болуы қажет. Бұл – облыс әкімдігі, Көлік министрлігі және «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамының алғашқы бірлескен жобасы, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов мердігерлермен кездесуі кезінде.
Қазіргі уақытта барлық нысандардың техникалық тексерулері аяқталып, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Көкшетау вокзалының жаңа кейіптегі нұсқасын таңдау қала тұрғындарының дауыс нәтижесі арқылы анықталады. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы дауыс беру және жинау тәсілдері енгізіліп, тұрғындарды құлағдар ету жұмыстары басталып кетті.
Вокзал маңындағы алаңдарды абаттандыруға да арнайы көңіл бөлінетін болады. Ол алаңдар жаңартылған вокзалдармен бірегей архитектуралық стильде безендірілмек.
Бүгінде Көкшетау теміржол вокзалы күн сайын 1800-ден астам жолаушыны қабылдайды және төрт бағытта жұмыс істейді. Жолаушылар Петропавл, Пресногорьковск, Қызылту, Астана бағытына осы теміржол вокзалы арқылы қатынайды. Көкшетау теміржол вокзалының басшысы Роза Арыстанқызының айтуынша, вокзал қайта жаңғыртылғанша жолаушыларды перронға жеткізу үшін екі автобус ұйымдастырылмақ. Ал, вокзал жұмысы уақытша автовокзал ғимаратына көшіріледі.
Сонымен қатар, осы жолы облыс әкімі қаланы таза ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысып жатқан «Caspian Contractors Trust» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын да тексерді. Мұнда да белгіленген жұмысты уақытылы орындамау сөйтіп, нысанды белгіленген мерзімде тапсырмау мәселесі бар. Сондықтан, аймақ басшысы Көкшетау тұрғындарын таза ауыз сумен жақын арада қамтамасыз етуді тапсырды. Мұндағы су тазарту қондырғылары тәулігіне 30 мың текше метр суды тазартып, жеткізуге қауқарлы. Бүгінде зертхана ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қажетті жабдықтар жеткізілген. Жобаға биыл облыстық бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа нысанд іске қосылса, Көкшетау қаласының ауыз суға сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Сумен қамту Шағалалы су қоймасы есебінен жүзеге асырылады. Бұған дейін мердігер ұйым жұмысты мамыр айына дейін аяқтауды жоспарлаған. Алайда, мерзім маусым айына шегерілді. Осыған байланысты облыс әкімі қайта жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді қатаң талап етті.
Бүгінде Шағалалы суының бір текше метрі 2 теңге болса, резервтік Сергеев су қоймасындағы судың құны 312 теңгені құрайды. Егер жоба 1 маусымға дейін аяқталмаса, облыс әкімі мердігер ұйымды ай сайын шамамен 135 миллион теңге көлеміндегі шығын айырмасын өзі өтеуге міндеттеді.
– Қала тұрғындарын таза ауыз сумен жедел қамтамасыз ету басты міндетіміз. Егер нысанды 1 маусымға дейін аяқтамасаңыздар, барлық қосымша шығынды мердігер өтейді. 1 мамырдан бастап Сергеев желісі арқылы су беруді бастаңыздар, ал, маусым айында жоба толық аяқталуы тиіс, – деді бұл ретте, облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға құрылыс жұмыстарына тартылған жұмысшылар санын арттыруды және жұмыс барысының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.