Үкілі үміт
Түркістан қаласында 4-10 сәуір аралығында баскетболдан 2008-2009 жылы туған қыздар арасында көктемгі Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Жарыста еліміздің әр өңірінен келген үздік командалар бақ сынады.
Аталған чемпионатқа Ақмола облысы құрама командасының сапында Көкшетау қаласындағы NIS-тің 8-сынып оқушысы Анастасия Братко да қатысты.
Бір аптаға созылған жарыс барысында біздің команда мүшелері жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, өз шеберліктері, ұйымшылдықтары мен жеңіске деген жігерлерінің нәтижесінде бірінші орынды иеленіп, Қазақстан Республикасының чемпиондары атанды.
–Бұл біз, жас спортшылар үшін өте жауапты апта болды. Өйткені, біз көп жаттықтық, бір-бірімізді қолдай отырып, осындай үлкен жеңіске жете алдық. Бұл мен үшін тек спорттық жетістік қана емес, өмірлік тиісті тәжірибе болды, – деп ой бөліседі өзінің осындай деңгейдегі спорттық бәсекесі туралы Анастасия Братко.
Келешекте өзіміз баскетбол сияқты тартымды спорт түрінің бір үкілі үміті деп білетін жасөспірім спортшыға алда да табыс тілеп, биіктерден көріне бер демекпіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.