Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар облыстағы тұрғын үй мен әлеуметтік сала нысандары құрылысының қазіргі жай-күйін талқылады.
Созбалаңға салынған құрылыс нысандарының аяқталу мерзімі, оның барысын қадағалаушы органда мамандардың жетіспеушілігі де сөз болды. Аталмыш саладағы проблемалар шаш-етектен.
Облыстық мәслихаттың депутаты Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен комиссияның отырысына облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов қатысты. Кейбір аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары мен аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары жиынға онлайн байланыс арқылы шығып, өңірлердегі құрылысы аяқталмай жатқан нысандардағы жағдайларды сынға алып, салалық басқарманың басшысына бірқатар сұрақтарын жолдады.
Бүгінгі таңда облыс аудандары мен қалаларында құрылысы созбалаңға салынған проблемалық нысандар жетіп артылады. Осыған байланысты облыстық мәслихаттың депутаттары, комиссияның мүшелері аудандарға арнайы өздері барып, тексеріс жүргізген әлеуметтік нысандардың қазіргі жай-күйіне көңілдері толмайтындығын айтып, техникалық бақылау, сараптама жүргізетін мамандар құрылыс басынан табыла бермейтінін сынады. Сондай-ақ, отырыста депутаттар мен жауапты ведомство өкілдері құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды. Мердігер ұйымдар салынып жатқан нысандардың сапасына жауап беруі тиістігі және бұрынғыдай тапсыру кестесін өзгертуге болмайтыны да баса айтылды.
–Ақмола облысында салынып жатқан құрылыстар екі бағытта жүргізілуде, бірі – тұрғын үй саласы болса, енді бірі – әлеуметтік сала нысандары. Биыл республикалық, облыстық бюджеттерден және Ұлттық қордан тұрғын үй құрылысын дамытуға 9,4 миллиард теңге қарастырылмақшы. Осылайша көппәтерлі 33 тұрғын үй құрылысы жалғасады. Барлығы 665 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 6 мыңнан астам ақмолалық баспанамен қамтылады. Олардың ішінде арендалық және несиеге берілетін әлеуметтік аз қамтылғандарға арналған пәтерлердің жалпы ауданы 68 мың шаршы метр. Жыл басынан бері өңірде 112 мың шаршы метр аумақты қамтитын тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлердің басым бөлігі ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында тапсырылады. Бұл тапсырылатын тұрғын үйлердің 80 пайызы Көкшетау қаласы мен Бурабай, Целиноград аудандарының үлесінде, –дей келе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышов, нысандардың құрылысын қаржыландыру бойынша туындап жатқан мәселелерді атап өтті.
Биыл әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен 3,7 миллиард теңге қарастырылып, оған әкімдіктер каммерциялық компаниялардан дайын тұрғын үйлерді сатып алады. Бұл әдіс бойынша Көкшетау қаласы 124, Бурабай ауданы 100, Егіндікөл мен Сандықтау аудандары 16 пәтерден сатып алады деп күтілуде. Бұлай қабылданып жатқан шаралар бір мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және облыс өңірлерінде тұрғын үйге халықтың кезектілігін қысқартуға мүмкіндік береді. Десе де, салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына бөлінген қаржы жетіспейді, әлі де 5,2 миллиард теңге қаржы қарастыру қажет. Сондықтан, облыстық бюджеттен қаржы қарастыру бойынша бюджеттік өтініштер тиісті органға жолданыпты.
Сонымен бірге, облыста бүгінгі таңда әлеуметтік салада 53 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың 16-сы мәдениет, 14-і денсаулық сақтау, 11-і спорт, 10-ы білім, 1-еуі әлеуметтік қамтамасыз ету, 1-і әкімшілік нысандар. Осылардың ішінде 41-і биыл тапсырылуы керек, бірақ, мұнда да 3,3 миллиард теңге қаржы тапшы.
– Барлық мердігер ұйымдар бойынша талап-арыз және сот жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұрындары кесте мерзімі негізсіз ұзартылатын. Қазір ондайға жол берілмейді. Жұмыс кестелері нақты негізделген жағдайларда ғана ұзартылады. Қазір барлық мерзім қатаң реттелген. Мердігерлер жобаларды уақытылы аяқтауға мүдделі, өйткені кешіктірілген жағдайда айыппұл салынады. Жалпы, бюджеттен тыс қаражат тарту жобаларды іске асыруға оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, заңнамаға енгізілген өзгерістер, соның ішінде мемлекеттік сатып алулар туралы заң да қосымша қолдау болып отыр, –деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Халық қалаулылары мердігерлердің сапасыз орындаған жұмыстары, сақалды құрылыстар, салынып жатқан нысандардың жеткіліксіз қаржыландырылуы, техникалық және авторлық қадағалаудың жоқтығына қатысты мәселелерді де көтерді.
–Өкінішке орай, біз құрылыс саласында нысандардың тапсырылуын әдейі кешіктіру секілді жағымсыз үрдістің орын алып жатқанын жиі байқап жүрміз. Қоғамдық бақылау барысында депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері бірнеше рет техникалық және авторлық қадағалаудың жүйелі түрде жүргізілмейтінін анықтады. Жұмыстың сапасына және жұмыс кестесінің жиі бұзылатынына қатысты мәселелер өте көп. Осыған орай біз «Amanat» партиясы мен қоғамдық кеңес арқылы партиялық бақылау бекеттерін ұйымдастыра аламыз, – деді Степногорск қалалық мәслихатының хатшысы Олжас Жағыпаров.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы жоспардан тыс тексерулер тек нақты дәлелдер мен растайтын материалдар болған жағдайда ғана жүргізілетінін түсіндірді. Аталған басқарманың басшысы Бахыдбек Оспанов:
–Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 4-тармағына сәйкес жүргізіледі. Яғни, бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін нақты фактілер мен мән-жайлар болса ғана тексереді, –деді.
Былтыр мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс 140 тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде заңсыздықтарды жоюға қатысты 113 ұйғарым берілген. Айта кетейік, жыл сайын орта есеппен 9 проценттей ғана құрылыс нысандарына мониторинг жүргізілетін көрінеді. Салынып жатқан 1500-ден астам нысанның 100-ден астамы ғана тексерілген. Мамандардың айтуынша, аталмыш басқарманың штатында құрылыс нысандарына тексеріс жүргізетін 8 ғана инспектор бар екен. Бұл аймақтағы құрылыс нысандарына бақылауды толық әрі уақытылы қамту үшін жеткіліксіз.
Сонымен бірге, халық қалаулылары Қосшы қаласындағы үлескерлер қаражаты есебінен салынып жатқан 4 тұрғын үй кешенінің мәселесін шешу жолдарын қарастырып, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасатын болатынын айтты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.