Жаны жаз апай, жан апай

Мен бұл кісіні бұрын білмеуші едім. Өзім тұрып жатқан Бірлік шағын ауданында жыл сайын, Наурыз мерекесі, болмаса басқа да мерекелік іс-шараларда әжелер тойының бел ортасында жүріп, шашу шашып, әдемі сыңғырлаған ашық даусымен ән айтатын осы бір жанға көзім түсетін.

Көзім түсетіні, топтың ішінде пысықтығымен, ширақтығымен, жұрттан бұрын назарға ілігіп тұратын.

Бір-екі рет шағын басқосуда да кездесіп қалып, оның отырған жерде де ашық, ақжарқын, жатырқауды  білмейтін жан екенін байқадым. Тіпті, жай отырмай, ән бастап, отырысты қыздыра алатын, ретті жерде әзіл-қалжыңын да айта білетін осы жанмен жақынырақ таныстығымыз да басталғалы біраз жыл болып қалды.

Осыдан екі жыл бұрын, көктемнің шуақты күндерінің бірінде Роза апайымыз маған хабарласып, «Гүлнәр, өзің білесің, саған да бөтен емес еді, менің жан жолдасым Файзолла өмірден өткеніне міне, төрт жыл болды, уақыт зымырап өтіп жатыр. Ол кісі ауыз толтырып айтарлықтай, қызмет істеген жерлерінде өте қадірлі, елге сыйлы, ұстаздық жолдағы көп жылғы ерен еңбегімен үлкен абырой мен беделге ие болған жан еді. Артында өзін құрметтеген әріптестері мен шәкірттері қалды, күні бүгінге дейін олар жақсы пікірмен еске алып отырады, сол жайлы кейінгі ұрпақ – балалары, немерелері де біле жүрсін деген ниетпен бір естелік кітап шығарғым келеді», – деген болатын.

Осы ниетпен Роза апайдың өзі жолдасының жүріп өткен жолы, өз бастарынан өткізген жылдарын тізбелеп, өткен күндерін еске алып жазған естеліктері мен жолдасы Файзолла Қапарұлы жайлы білетін жандардың баяндауларын көрсетті.

Естелік әңгімелермен таныса отырып, Файзолла ағамыз жайлы кім жазса да, ол кісінің елге, халыққа сіңірген еңбегі айтуға тұрарлықтай  екен. Ал, ол кісінің үлгі боларлық жақсы істері мен бойына біткен жақсы қасиеттерін халыққа, кейінгі ұрпаққа паш еткісі келген артындағы жоқтаушысы – елу жыл бірге отасқан Роза апайымызға риза болдым. Әркімнің артында жақсылығын айта жүрер, оны әркез жадында ұстап, жиі еске алып отыратын жанашыр жаны болса, ол бір – ғанибет!

Сол кездегі іргелі жоғары оқу орны – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық  институтын «орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығымен бітірген осы бір пысық, әдемі арудың болашақтағы бақытты өмірі Қызылтаң ауылындағы орта мектептен басталатынын Роза апайдың өзі білді ме екен?!

Мұндай жандар бірден көзге түсе кететіні заңды емес пе! Сүттей ұйыған қазақ ауылына институтты жаңа ғана бітіріп келген, «жас келсе – іске» дегендей,  келе сала ұжымның жұмысына білек сыбана кірісіп, оқушыларға да, әріптестеріне де ақкөңіл, ақжарқын, ашық мінезімен ұнай білген жас ұстаз  Роза Рақымжанқызы бірте-бірте мектеп басшысы Файзолла Қапарұлының да жүрегін жаулап алғанға ұқсайды.

Роза Рақымжанқызы Қапар атаның үйіне келін болып түскенде, анасы, Жақсыбай деген інісі және ұзатылмаған Күләш деген қарындасы болды. Шешелері он жылдай бірге тұрып, о дүниеге осы кісілердің қолынан жөнелтіледі. Жақсыбай да жап-жас күнінде ауырып, ерте қайтыс болады. Күләш та Алматыдағы ҚазПИ-ді ойдағыдай бітіріп, мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Қазір Бірлік шағын ауданында тұрады, зейнеткер. Оның 2 ұлы, 2 қызы бар. Барлығы  да оқыған, бір-бір мамандық иелері.

Роза апай Қызылтаң мектебіне 1967 жылы институт бітіріп келіп, қызметке орналасқанда ұжым болып жылы қарсы алады. Араларында Қали Әленұлы, Шаяхмет Молдахметұлы, Мәжкен Жақсыбайұлы, Зайра Қанафияқызы, Бәтима Мырзаханқызы, Майра Баялиқызы, тағы басқа да тәжірибелі ұстаздар жас мұғалімге қамқорлық көрсетіп, бауырларына тартты.

Ұжымдағы көп ұстаз Розаның әкесі Алдабергенов Рақымжанды жақсы білгендіктен де біреулері жапа-тармағай құшақтап, «қызым» десе, біреулері «жиенім» деп жылы қарсы алады. Роза бұл мектепке орналасқан жылы ұжымда 25 шақты мұғалім болса, оның ішінде 4 қыз жас мұғалім еді. Әрбір пән бойынша апталықтар, кештер өткізіліп, әсіресе, жас мұғалімдер уақытының көбін мектепте өткізетін.

Зымыраған уақыт көшімен Файзолла Қапаров Қызылтаң мектебінде 33 жыл директор, ал, Роза апай 40  жыл ұстаздық етеді. Осы уақыт аралығында Алла берген үш ұлы дүниеге келеді. Үлкен ұлы Еркін қазір Астанада тұрады. Мамандығы құрылысшы, құрылыс компаниясының басшысы. Зейін – жеке кәсіпкер, кіші ұлы Шалқар – дәрігер. Әрқайсысының отбасы бар, балалы-шағалы.

Роза апай қазір Бірлік шағын ауданында ортаншы ұлы Зейін мен келіні Гүлдәрайдың қолында тұрады.

Мен өзім Файзолла ағамызға кітап шығару жұмысымен барып жүргенде, бұл сүттей ұйыған шаңырақта тамаша бір сыйластықты көрдім. «Келін – қайын ененің топырағынан» дегендей, Роза қайын ене мен Гүлдәрай келіннің арасындағы бір ұқсастықты байқадым. Сондықтан да, бұл отбасында ұйымшылдық пен ауызбіршілік, өзара түсіністік мықтап орын алған.

Әрбір адам өзінің артынан жақсы естеліктер, жақсы із қалуын және ұрпағының білімді, абыройлы болғанын қалайды. Тәңірден салауатты ұрпақ қалса екен деп тілейді.

Бүгінгі біз аз-кем сөз еткен тәжірибелі ұстаз, көп жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған Роза Рақымжанқызы – бүгіндері әулетінің ұйытқысы бола білген бақытты ана!

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған апайымызға мықты денсаулық, күш-қуат берсін, жасай беріңіз демекпіз!

Гүлнәр ШАЙМЕРГЕНҚЫЗЫ,
ҚР Ақпарат саласы қызметінің үздігі.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар