Теңдессіз ерлік, қайсар рухты паш еткен қасиетті күн

Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері және облыс тұрғындары!

Сіздерді шын жүректен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын!

Бұл күн – тек өткеннің естелігі емес. Бұл – ата-бабаларымыздың ерлігі мен қайсар рухының, өшпес даңқы мен жанқиярлық күресінің символы. Бұл күн – әрқайсымыз үшін тәуелсіздік пен бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын қасиетті күн.

Қазақстан фашизмді жеңуге орасан үлес қосты. 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға аттанып, олардың әрбір үшіншісі оралмады. Халқымыз даңқ үшін емес, өмір үшін соғысты. Олардың арасында аты тарихқа алтын әріппен жазылған нағыз батырлар бар.

Жүрегімізде ерекше орын алатын есім – Бауыржан Момышұлы. Аты аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры. Оның табандылығы, әскери дарыны мен жауынгерлік рухы тұтас батальондарға күш-қуат сыйлады.

Көпшілік біле бермейтін жайт – соғыстан кейін ол тек жазушы, қоғам қайраткері ғана емес, прокуратура жүйесінде де қызмет атқарды. Бауыржан Момышұлы әділетті, қатал және парасатты жан болды. Ол соңына дейін ар-намыс, ел алдындағы борыш және жауапкершілік қағидаттарына адал болып қалды.

Оның тұлғасы – шын мәнінде заң мен әділеттілікті қорғайтын нағыз азаматтың жарқын үлгісі. Оның: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі – бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл сөздер бізге қоғам алдындағы қасиетті міндетімізді еске салады.

Біз әрбір батырмен мақтанамыз:

Әлия Молдағұлова – туған жерінің бостандығы үшін жанын қиған снайпер;

– Мәншүк Мәметова – соңғы оғына дейін жаумен шайқасқан пулемётші қыз;

– Талғат Бигелдинов – екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, әуеде 300-ден астам шайқасқа қатысқан ұшқыш;

– Рақымжан Қошқарбаев – Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш тіккен жауынгер;

– және де Жеңіске жетпей, өмірін қиған мыңдаған аты аталмаған қаһармандарымыз.

Тылда еңбек еткен аналарымыз бен аталарымызға айрықша алғыс. Аштық пен ауыртпалыққа қарамастан, олар күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, майданға қару, киім, азық-түлік жіберіп отырды. Олардың үлесі – майдандағы ерлікпен тең.

Бүгін, арада 80 жыл өтсе де, біз басымызды иіп, өмір сыйлаған ардагерлердің алдында тағзым етеміз. Біздің парызымыз – сол ерлікті ұмытпау, оны келер ұрпаққа жеткізу және қаһармандар ісін лайықты жалғастыру.

Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір, береке-бірлік және елімізге деген мақтаныш сезімін тілеймін. Ұлы Жеңістің рухы – мәңгілік, батырлардың ерлігі өшпес үлгі болғай!

Жеңіс күні құтты болсын! Батырларға мәңгілік даңқ! Мәңгілік ел – Мәңгілік жеңіс!

 Ізгі ниетпен, Руфат ҚҰТТЫҚОВ,
Ақмола облысының прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар