Батыр Мәліктің рухына тағзым

Ерлік – ұрпаққа ұран!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейіне барды. Биыл мәдени мекеме екі айтулы датаны атап өтуде. Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы әрі ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл және музейдің құрылғанына 30 жыл толып отыр.

Аймақ басшысы музей қорындағы сирек мұрағат материалдары, жеке заттар, фотоқұжаттар мен көрнекті тұлғаның қолжазбаларымен танысты. Мекеме директоры Кенжебай Мұқышев қазіргі жұмыс барысы, ғылыми жобалар және 7,4 мыңнан астам сақтау бірлігін қамтитын қордың дамуы туралы баяндады.

Марат Ахметжанов рухани және тарихи мұраны сақтау маңыздылығына тоқталып, Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасы – нағыз патриотизмнің, ерліктің және терең парасаттылықтың үлгісі екенін атап өтті.

–Бүгінде Мәлік Ғабдуллин музейі – жастардың, зерттеушілер мен ел тарихына қызығушылық танытатындардың жиі келетін орталығына айналып келеді. Мұндай мәдени ошақтарды қолдау – ұлттық құндылықтар мен мәдени бірегейлікті сақтау жолындағы ортақ міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Марат Ахметжанов музей қызметкерлеріне ағарту мен патриоттық тәрбие ісіндегі еңбектері үшін алғыс білдірді.

Қазіргі таңда музей ғылыми-зерттеу, көрме-экспозициялық және мәдени-ағартушылық жұмыстармен айналысады. Соңғы жылдары мекеме кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Жөндеу жұмыстары жүргізілді, материалдық-техникалық база жаңартылып, қор цифрландырылуда.

Сапар барысында Марат Ахметжанов Көкшетауда өткен «Мәңгілік тұлғалар» республикалық фестиваліне келген музей директорларымен де кездесті. Кездесу барысында ол музей ісін одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, мәдениет мекемелерін қолдау – ұлттық сана мен азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың негізі екенін тілге тиек етті.

Ақмола облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар