Акция
Жер бетіндегі сол бір сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Ол жылдар ұрпақ санасында өшпестей із қалдырды. Қан майданда мыңдаған адамдар қаза тауып, қаншама азамат жарақат алды, мүгедек күйге түсті.
Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшіліктің, ерліктің және қайсарлықтың мәңгілік символы. Жеңіс – Отанын қорғаған жауынгерлердің баға жетпес қаһармандығы, тылдағы еңбеккерлердің табандылығы мен батылдығының мәңгі өшпейтін белгісі. Сол бір зұлмат жылдары қазақ халқы ештеңеден тайсалмай, ұлттық рух пен ерліктің үлгісін көрсетті.
Осы айтулы датаға орай Көкшетау қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Жеңіс ұрпағы» атты майдангер хаттарының акциясы өтті. Шараның мақсаты Отан үшін жанын пида еткен майдангерлерге тағзым ету, сондай-ақ, жас ұрпақтың бойында Отанға деген патриоттық сезімді және тарихи сананы қалыптастыру болып табылады. Іс-шара «Мәңгілік алау» мемориалы жанында ұйымдастырылып, акцияға №4 орта мектептің оқушылары белсене қатысты.
Балалар ерлікпен қаза тапқан аталар рухына тағзым етіп, майдан даласынан оралмаған боздақтар мен елге аман келіп, бүгінгі өмірді қайта түлеткен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар, оқушыларға соғыс жылдарындағы майдан хаттары туралы мағлұмат берілді. Олар өз қолдарымен үшбұрышты хаттар жазып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Бұл өткенмен рухани байланыс орнатудың ерекше әрі әсерлі тәсілі болды. Шара соңында ескерткішке гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түскен. Оқушылар Жеңістің оңай келмегенін түсініп, бейбіт өмірдің құндылығын жүректеріне түйіп қайтты.
Алма НҮРКЕНОВА,
балалар кітапханасының меңгерушісі.
Көкшетау қаласы.