Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен Степногорск қалалық әкімдігі мен «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы арасында қалада 1000 орындық жалпы білім беретін мектеп пен көпфункционалды спорт кешенін салу жөнінде меморандум жасалды.
Құжатқа қол қою рәсімінде өңір басшысы жобалардың өзектілігіне тоқталып, серіктестерге алғысын білдірді.
– Бұл өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту аса маңызды. Жаңа спорт сарайы тек дене шынықтырумен айналысатын орын ғана емес, сонымен бірге, аймақтық және республикалық деңгейдегі жарыстар өтетін алаңға айналады. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, сапалы білім мен спортқа қолжетімділік интеллектуалды әрі дені сау ұрпақты тәрбиелеудің негізі. Сондықтан да, бұл екі нысанның әлеуметтік маңызы зор, – деп атап өтті облыс әкімі меморандумға қол қойылу барысында.
Өз кезегінде «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Баламир Маханов компанияның барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы атқаруға дайын екенін жеткізді:
–Бұл біздің өңірдегі ең ірі әрі ауқымды жобаларымыздың бірі. Бизнес өкілі ретінде әлеуметтік жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз және халықтың игілігіне бағытталған бастамаларға әрқашан атсалысуға әзірміз. Бұл жобаларға біз өз тәжірибемізді, ресурстарымызды және үздік жобалық шешімдерімізді пайдаланатын боламыз, – деді ол.
Айта кетейік, екі нысанның жалпы құны 22 миллиард теңге. Компания өкілдерінің айтуынша,спорт сарайының жобасы толық дайын, жер телімі де бөлінген. Осыған байланысты алдағы күндері құрылыс жұмыстары басталып, ол келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Спорт кешенінде әмбебап зал, жүзу бассейні, жаттығу және арнайы спорт залдары, сондай-ақ, жарыстар өткізуге арналған барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
2027 жылғы 1 қыркүйекте Степногорск қаласының оқушылары жаңа мектеп табалдырығын да аттайтын болады. Мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, IT-орталықпен, спорт залымен, мультимедиялық аймақтармен жабдықталады.
![]()

