Көкшетау қаласында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш басында «Сарбаз күні» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Ақмола облысынан әскерге аттанғалы тұрған 35 жас үшін ерекше мәнге ие болды.
Олар №44813 әскери бөліміндегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына мерзімді әскери қызметке жөнелтілді.
Шара ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою және бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Биылғы акция бірнеше маңызды тарихи даталармен, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, жазушы және ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл, сонымен қатар, Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Сағадат Нұрмағамбетовтың туғандарына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келді.
Іс-шараны ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жастарға жүктеліп отырған жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін біз сарбаздарымызды әскери қызметке шығарып салудамыз. Қарулы Күштер қатарында болу – үлкен абырой. Сіздер біздің қасиетті өңіріміздің бай салт-дәстүрлеріне сай болуға тиіссіздер. Өздеріңіздей жастардың арқасында еліміздің тұрғындары бейбіт өмір сүріп, балаларын тәрбиелеп, еңбек етіп жатыр. Сіздерге қайсарлық пен әскери қызметте табыс тілеймін, – деді ол.
Сарбаздар әскери-техникалық мектеп курсанттарымен, 5510 әскери бөлімінің жауынгерлерімен және патриоттық клуб мүшелерімен бірге сап түзеді. Оларға қажетті құрал-жабдықтар салынған әскери сөмкелер салтанатты түрде табыс етілді.
Салтанатты жиында сондай-ақ, «Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық ұйымының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, запастағы полковник Жанат Ережепов, ұлын әскер қатарына шығарып салып тұрған ана Алтынай Ақшалова және болашақ сарбаз Байбарыс Хасен сөз сөйледі.
Салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары да қатысты. Шара аясында жастарға патриоттық тәрбие беруге елеулі үлестерін қосқан бір топ ақмолалықтар Алғыс хаттармен марапатталды. Ертеңгі жас сарбаздар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде 35 түп ағаш отырғызды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

