Санитарлық қызметтің өнеге тұтар тарланы

Биыл Ақмола облысының бұрынғы мемлекеттік санитарлық бас дәрігері қызметін атқарған абыройлы азамат, медицина ғылымдарының докторы, Украинаның (Одесса) көлік медицинасы ғылыми-зерттеу институтының құрметті профессоры, Гиппократ антына адал, ел азаматтарының денсаулығын сақтауға лайықты кәсіби үлес қосқан Кенжебек Шайсұлтанұлы 75 жасқа толғалы отыр әрі оның белсенді еңбек қызметіне де 50 жыл.

Мен Кенжебек Шайсұлтановпен ол 1975 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіріп жатқанда таныстым. Ол кезде мен түлектерді жұмысқа орналастыру жөніндегі бөлу комиссиясының құрамында едім. Ол шалғайдағы Қызылту ауданының Қарашілік (Жетіүй) ауылында туған, қарапайым отбасында тәрбие алған азамат. Санитарлық дәрігер дипломын алғаннан кейін жолдамамен бұрынғы Көкшетау облысының Ленин аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасына (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданы) санитарлық-эпидемиологиялық  бөлімнің меңгерушісі болып қызметке жіберілді. Онда ауданның бас санитарлық дәрігері К.Баянованың жетекшілігімен аз уақыттың ішінде ауылдық ауданның жағдайындағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымының барлық негіздерін және халықтың тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету ісінде алғашқы медициналық-санитарлық  көмек, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін меңгеріп алды.

1977 жылы мен оның кандидатурасын Қызылту аудандық (қазіргі Уәлиханов ауданы) СЭС-інің бас дәрігері болуға ұсындым, онымды Көкшетау облыстық СЭС-інің бас дәрігері И.А.Погорелый қолдады. Осы жылдар аралығында ол облыс орталығынан шалғайда жатқан сол аудандық СЭС-тің материалдық-техникалық базасын түбегейлі тамырымен жаңартты десем болады. Сонда жергілікті бюджеттен қаржы бөлгізіп, шаруашылық әдісімен 7 автокөлікке гараж, қазандық және қызметтік ведомстволық тұрғын үй салғызды, сондай-ақ, аудандық СЭС-тің балансына берілген ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді. Сол жаңартылған ескі ғимаратқа аудандық СЭС-ті көшіріп, 5 дәрігерді барлық жағдайы қарастырылған жайлы пәтерлермен қамтамасыз етті. Саэпидстанцияға қызметке орналасып жатқан жас мамандарға да СПТУ-131 жатақханасының оқшауланған секциясынан орын алып беріп, жағдайларын жасады. Қысқа уақыт ішінде барлық тозығы жеткен көлік құралдарын жаңа автокөліктерге ауыстырды. Және бір атап өтерлігі, бұл аудандық СЭС-те облыстағы дезинфекция жасайтындарды тасымалдауға арналған жалғыз автобаклаборатория болды. Мұның барлығы оның іскерлігі мен табандылығының арқасында іске асты деп білемін.

Осы жылдар ішінде ол ауданның партиялық-кеңестік органдарының қолдауымен облыста алғаш рет ауыл тұрғындары арасында елді мекендерді санитарлық тазарту, абаттандырып, көгалдандыру және жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша жыл сайынғы семинар-кеңес ұйымдастыруды енгізді. Оның бастамасымен әр шаруашылықта ауылдарды кір-қоқыстан санитарлық тазартуға арналған бригадалар ұйымдастырылды. Оның бастамасымен СЭС және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметі мамандары әрбір үйдің ауласына барып тазалық бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол басқарған СЭС су құбырларының және басқа да сумен жабдықтау көздерінің,  қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық-техникалық жай-күйін тексеріп, оның қорытындысы бойынша совхоздар бөлінісінде тұрғын үйлердің орталық жылытумен, сумен жабдықтауға қосылуына салыстырмалы талдау жүргізді. Осы материалдар негізінде аудандық атқару комитетінің төрағасына баяндама дайындалды.

Ауданның елді мекендері ішіндегі тазалық сақталмаған аймақтар фото-стендтерге шығарылды. Өткізілген семинар-кеңестердің қорытындысы бойынша «Үздік үй» жеңімпаздарымен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, бірлігі жарасқан СЭС қызметкерлерінің белсенді қызметінің арқасында жыл сайын сәуір-қыркүйек айлары аралығында ауданда халықтың жоғары санитарлық мәдениеті үшін қоғамдық жарыстар ұйымдастырылды, соның нәтижесінде азаматтардың денсаулығын сақтауда және халық арасында қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Облыстық СЭС-тің бас дәрігері болған В.П.Туринцев 1984 жылы оның қызмет тәжірибесін әріптестеріне үлгі етіп, Көкшетау облысының қалалары мен аудандарының барлық 17 бас мемлекеттік санитарлық дәрігерін «Толбухин» совхозының базасында өткен семинар-кеңеске қатысуға жіберді.

Ол аудандық СЭС-тің бас дәрігері қызметін атқарып жүргенде, ұжым 3 жыл қатарынан облыста бірінші орын алып, УАЗ-469 маркалы автокөлікпен марапатталды. Сонымен бірге, ол 1985 жылы Литваның астанасы Вильнюс қаласында өткен Бүкілодақтық санитарлық дәрігерлер, эпидемиологтар, микробиологтар және инфекционистер съезіне облыстан жалғыз делегат болып барды. Сол кездегі билік басындағылар оның мінсіз қызметін жоғары бағалап, 1986 жылы кандидатурасын «Халықтар Достығы» орденімен марапаттауға ұсынды және 1987 жылы елді мекендерді санитарлық тазартудың және аймақтағы жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алудың жаңа әдісін енгізгені үшін суретін облыстық Құрмет тақтасына орналастырды.

Кенжебек Шайсұлтановты 1986 жылдың қарашасынан бастап Көкшетау облыстық СЭС-інің эпидемиологиялық бөлімінің бастығы етіп ауыстырды, одан кейін араға бірнеше жылдар сала отырып, қызмет лауазымы сатылап өсе берді, облыстық дезинфекция станциясы бас дәрігерінің орынбасары, Көкшетау облыстық СЭС бас дәрігерінің орынбасары, облыстық СЭС-тің бас дәрігерінің бірінші орынбасары лауазымдарына көтеріліп, облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің дамуы мен алға басуына елеулі еңбегін сіңірді. Осы жерде айта кеткім келіп отырғаны, облыстық СЭС-тің бас дәрігері мен өзім болып тұрған кезде, біз екеуіміз 1993 жылы республика бойынша алғаш рет мемлекеттік стандартта тауарлар мен қызметтерді аккредиттеуге арналған сынақ зертханасын және сертификаттар беру жөніндегі органды аккредиттедік. 1994 жылы облыстық және аудандық басшылардың қатысуымен инфекциялық ауруларды санитарлық тазарту және алдын алу бойынша 4 ауданаралық өңірлік семинар-кеңесін ұйымдастырдық.

Біздің әріптесіміз 20 жыл бойы Көкшетау және Ақмола облыстарының СЭС-тарында әртүрлі басшылық лауазымдарын атқара жүріп, олардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға белсенді үлес қосты. Соның ішінде 2011 жылы бұған дейін басталған облыстық департаменттегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтады. Көкшетау және Степногорск қалаларының, сондай-ақ, Бурабай ауданының басқармаларында бөлінген қаражатты үнемдеу есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Онлайн кеңестерді жедел өткізу үшін селекторлық байланыс аппараттарын, ұйымдастыру техникаларын, автокөлік сатып алу жөнінде қосымша шаралар қабылдады.

Көкшетау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары лауазымын атқарып жүрген жылдары ол бір мезгілде жаңадан құрылған Көкшетау облыстық «Медстандарт» дәрілік заттарды сертификаттау ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметін қатар алып жүрді. 2001 жылы ҚР Денсаулық сақтау агенттігі төрағасының бұйрығымен көлікте мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. Осы кезеңде мен комитет төрағасы болатынмын, қысқа уақыт ішінде біз басқарма мәртебесін департамент деңгейіне көтердік, Қазақстан Республикасының «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» заң жобасының негізін қаладық.

2002 жылдан бастап ол темір жол көлігіндегі Ақмола өңірлік мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы лауазымына ауыстырылды. Мұнда да ол өзінің басқарушылық және кәсіби білімділігінің арқасында осы қызметті негізгі басқарма ретінде, кейін бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметін енгізе отырып, көліктегі МСЭҚ-дың орталық департаменті ретінде қайта тіркетті. Оның жұмысына адалдығы мен принципшілдігіне бір мысал келтірсем, бірде «радиациялық металл сынықтары» белгісімен Қазақстан – Қытай шекарасында орналасқан Достық – Алашанькоу халықаралық өткелінен металл сынықтары бар теміржол құрамдарын қайтарып жібергенін атап өтер едім. Бұдан кейін департамент Алашанькоу станциясына (ҚХР) жүктерді комиссиялық қабылдауға қатысу үшін Қазақстаннан бір маманды іссапарға жіберу туралы жедел шаралар қабылдады. Нәтижесінде жүктерді қайтару азайып, жеткізушілерге белгілі бір экономикалық залал келтіру тоқтатылды. Сол сияқты Қазақстан Темір жолының ҚХР шығарған «химиялық қауіпті» 157 жолаушы вагонын сатып алудан бас тарту мәселесіне де ат салысты. Бұл іс Жоғары сотқа дейін барып, мәселе СЭС-тің мүддесіне орай шешілді. Бұл Кенжебек Шайсұлтанұлы басқарған көліктегі МСЭҚ Орталық департаменті мен басқармаға қатысушылардың барлығының қолданыстағы санитарлық ережелер нормаларын сақтау талаптарын іске асырудағы кәсіби шеберліктері мен табандылықтарының арқасында деп білемін. Мұндай мысалдар тізе берсек, өте көп. Оның ғылыми-тәжірибелік қызметі бабында жазған еңбектері де бар. Ол 2003 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болса, араға жылдар салып, медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Бұл ретте, қорғаған диссертацияларының барлық практикалық ұсыныстары Денсаулық сақтау органдары мен көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің практикалық қызметіне енгізілгенін атап өткен жөн.

Мерейтой иесі 2013 жылы Ақмола облыстық департаменті басшысы қызметінен лайықты демалысқа шыққаннан кейін күні бүгінге дейін санитарлық-эпидемиологиялық аудит саласында кәсіпкерлікпен айналысуда және «халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын кәсіби қамтамасыз ету саласындағы ұлттық өзін-өзі реттейтін ұйым» атты жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің президенті болып табылады. Оның кандидатурасы биыл Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті атынан ҚР ДСМ Комитеті жанындағы консультативтік кеңестің құрамына енгізілді.

Оның белсенді өмірлік ұстанымы және еңбек жолы бірқатар мемлекеттік және қоғамдық наградалармен, ведомстволық төсбелгілермен атап өтілді. Мәселен, ол «Халықтар Достығы», Қазақстанның Ұлттық медициналық қауымдастығының «Гиппократ» ордендерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау қызыметкерлері кәсіподағының үздігі», «Қазақстанның құрметті теміржолшысы», «Ақмола облысының Денсаулық сақтау жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, марапатталған және Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Құрметті азаматы атағына ие болған.

Қорытындылай келе, мен оның тәлімгері ретінде ол біздің еліміздің ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктің мыңдаған СЭС дәрігерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеген бірегей жан екендігін атап көрсетемін және оның жемісті көп қырлы белсенді еңбек жолы қазіргі заманғы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басшылары үшін үлгі деп санаймын.

Барша әріптестерім – медицина жұртшылығы атынан құрметті Кенжебек Шайсұлтанұлын алдағы мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын және оған сапалы ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілеймін!

Анатолий БЕЛОНОГ,
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, медицина ғылымдарының докторы,
профессор, бұрынғы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі –
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар