«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев кәсіпорын ардагері, тыл еңбеккері Александра Егоровна Шихалеваны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты қасиетті мерекемен құттықтады.
Көкшетау қаласының Застанционный кентінде тұратын қария осы биылғы ақпан айында 100 жасқа толды. Балаларының айтуынша, Александра Егоровна іс жүзінде 1925 жылы 13 ақпанда дүниеге келген. Бірақ, құжаттарында 1926 жылы туған деп жазылған, сондықтан, жүз жасқа ресми түрде келесі жылы толады.
–Мен жүз жасқа дейін өмір сүруге уәде бердім және уәдемді орындауға тырысудамын, – дейді Александра Егоровнаның өзі бір сөзінде.
Сібір жерінде дүниеге келген ол үйдегі бес баланың үлкені болғандықтан, інілері мен әпкелерін өсіріп-өндіруге және тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан. Сондықтан, кезінде жарытып білім де ала алмады, көбіне, кішкентай кезінен бастап ауыр жұмыс істеді. Соғыс жылдарында тіпті, картоптан казеин – желім шығару бригадасын басқарып, Ұлы Жеңіске елеулі үлесін қосты. Сонымен қатар, картопты кептірумен айналысып, сарбаздарға астық, киім-кешек жіберіп отырды.
Соғыстан кейінгі қиын жылдардан соң Арқаға 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге келді. Құрылыс саласында еңбек етіп, Көкшетаудағы Кеңестер үйін салғандардың қатарында болды. Облыс орталығындағы Абылай хан алаңында орын тепкен бұл еңселі ғимаратта кезінде біраз жыл Көкшетауда болған Экология министрлігі де отырды. Кейін Александра Егоровна зейнеткерлікке шыққанға дейін соңғы 15 жыл бойы «Энергосбыт» жүйесінде жұмыс істеді, сөйтіп, «Көкшетау Энерго» кеңсесі мен гараждарын салумен айналысты.
Компанияның бас директоры Досымхан Аралбаев пен кәсіпорын ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Редванецкий Александра Егоровнаны шын жүректен Жеңіс мерейтойымен құттықтап, соғыс жылдарындағы және бейбіт уақыттағы қажырлы еңбегі, «Көкшетау Энерго» ЖШС-ының дамуына қосқан үлесі үшін алғыстарын жеткізді. Ардагердің бір ғасырлық туған күнін атап өтуіне тілектестігін білдірген Досымхан Әлішұлы Александра Шихалеваға кәсіпорынның құттықтау хатын, ақшалай сыйлығы мен азық-түлік себетін табыс етті.
«Көкшетау Энерго» ЖШС баспасөз қызметі.
![]()

