Көкшетау қаласында «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Қалаға арналған ағаш» экологиялық акциясы өтті. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев те игілікті істің басы-қасында болып, ағаш отырғызуға белсене қатысты. Іс-шараны «Home Credit Bank» АҚ Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының және Көкшетау қалалық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
«Революция күрескерлері» деп аталатын саябақта акция қатысушылары алмұрт пен қарағай ағаштарының 100 көшетін отырғызды. Болашақта аталмыш көшеттердің тамыры тереңге жайылып, облыс орталығын жасыл желекке бөлей түседі деп сенеміз әрі осындай игі шаралар жас ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, дамытуға айтарлықтай үлес қосады. Саябақта отырғызылған жаңа екпелер аумағына «HCB Business Жасыл аллеясы» символдық атауы берілді.
– Бүгін біздің стратегиялық серіктестеріміз – «Home Credit Bank» акционерлік қоғамының өкілдері, бизнес субъектілері қаламызды көркейтіп, жасыл желекке бөлеуге бағытталған маңызды шараға қатысып, өздерінің тек жұмыс барысында ғана емес, осындай сындарлы қарым-қатынас орнатуға да дайын екендіктерін көрсетіп отыр. Жасыл желекті қалыптастыру облыс орталығының, жалпы экологиялық мәдениеттің дамуындағы негізгі фактор болып табылады. «Таза Қазақстан» жобасының маңыздылығын түсінген кәсіпкерлер барлық жерде осындай экологиялық құндылықтарды ілгерілетуді жалғастыратынына сенімдімін, – деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Осы орайда бір атап өтерлігі, биыл жоғарыда аталған банктің құрылғанына 20 жыл. Осы мерейлі жылдың аясында «Home Credit Bank» акционерлік қоғамының Ақмола филиалы іс-шараның демеушісі болды.
– Болашақта саябақ жасыл желекке оранып, жайқала түссе, бұл біз үшін үлкен мерей болмақ. Банктің Ақмола филиалы ретінде біз сүйікті шаһарымыздың болашағына қосқан үлесімізді мақтан тұтамыз. Сондай-ақ, біз өз клиенттерімізге пайдалы әрі ыңғайлы банк болу үшін бар күшімізді салудамыз, – дейді «Home Credit Bank»-тің Көкшетаудағы филиалының директоры Софья Карапиди.
Акцияға Көкшетау қаласы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы 3скер әйелдер кеңесінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының өкілдері, сондай-ақ, белгілі бизнес субъектілері қатысты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

