Көктемнің бір күні жылға азық

Шұғыл сұхбат

Еліміздің негізгі астықты аймақтарының бірі – Ақмола облысында да кезекті егіс науқаны басталып кетті. Диқан қауымы қажетті бар соқа-сайманын сақадай-сай етіп, көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріскен. Өткен жылы рекордтық көлемде астық жинап, қамбасы алтын дәнге толған аймағымыз биылғы жылы да мол ырыстан үмітті. Алтыннан қымбат уақытты ұтымды пайдалансақ, қара жер де молынан пайдаға кенелтетіні сөзсіз. Бұл орайда, шаруалардың егіс науқанына қажетті тұқым, құрал-сайман мен жанаржағармаймен қаншалықты қамтылғанын, дайындық жұмыстарының қалай жүргенін, жеңілдетілген несиенің қаншалықты уақытында берілгенін және науқанның өзі қалай күш алып жатқанын білу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовты әңгіме тартқан едік.

–Нұрбек Бақтыбайұлы, өңірде көктемгі егіс науқаны басталғаны белгілі, диқан қауымыдала жұмыстарын қалай жүргізуде?

Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүргізіліп, егістік алқаптарына дән себу басталып кетті. Қазірдің өзінде барлығы 980 мың гектар алқапқа тұқым себілді. Биыл өңір диқандары жалпы көлемі 5,4 миллион гектар жерге жаздық дақылдар егуді жоспарлап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл өңір шаруалары 52 мың гектар жерге көбірекдән себуді ойластыруда.Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыруға мүмкіндік бермек. Майлы дақылдар көлемі 430 мың гектарға дейін ұлғайтылса, бұлкөкөніс, картоп және мал азығы дақылдарының жылдағыдан артығырақ себілетінінкөрсетеді. Мамыр айының алғашқы жартысында басталған егістік науқанын 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта аймақтағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары егіс даласында қызу іске кіріскен.

–Бұған дейін шаруашылықтар жерді егістікке дайындау жұмыстарымен,яғни, топырақты қопсыту, жыртумен айналысқаны рас. Көктемгі егісті уақытында, агротехникалық талаптарға сай өткізу қаншалықты маңызды?

Айтуыңыз өте орынды. Мамыр айы егіннің қаншалықты бітік шығуы шешілетін аса жауапты кезең. Әрбір сәт диқан қауымы үшін аса маңызды. Қазіргі таңда негізгі міндеттердің бірі  топырақтағы қыс бойы жиналған ылғалды сақтай отырып, тезірек дән егу жұмыстарын қолға алу. Қазірдің өзінде диқандар 128,9 мың гектар жерге ылғал сақтау жұмыстарын жүргізе отырып, дән себуді қарқынмен атқара түсуде. Топырақтың бойындағы ылғалды сақтап, астықтың өсуіне дер кезінде ықпал етуі үшін тұқымды уақытында сеуіп үлгеру қажет. Өйткені,жыртылған жердегі ылғал күн мен желдің әсерінен тез жоғалады. Сондықтан, қуаңшылықтың алдын алу үшін әрі егістік аймағында ылғалды сақтау  өте өзекті мәселе. Жауын-шашын мөлшерін болжай алмаймыз, ал, жаз ыстық болады деп күтілуде. Топырақ қабатына жиналған ылғал өсімдіктерге қолайлы жағдай туғызады. Ол дәннің алғашқы өсуіне көмектеседі. Сондықтан, диқандар сапалы әрі уақтылы ылғал жабудың маңызын жақсы біледі.

–Облыс әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жұмыс сапары кезінде кәсіптік-техникалық колледж оқытушыларын үздік тұқымды анықтау үшін қоғамдық кеңеске тартуды тапсырғаны есімізде. Бұл жалпы жұмыс барысында ескерілді ме?

Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде агро кеңес құрылып, оның құрамына ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтынкәсіптік-техникалық колледж оқытушылары, сондай-ақ, осы саланың тәжірбиелі мамандары енгізілді. Арнайы ұйымдастырылған кеңес отырысында үздік тұқым таңдау мәселесі жан-жақты талқыланды. Өңірде 540,2 мың тонна тұқым дайындалып, мамандардың пікірінше, олардың барлығы кондициялық деп танылған. Оның ішінде бірінші және екінші класты тұқымның үлесі 78,2 пайызды құрап отыр. Осы бірінші және екінші класты тұқымдарды “үздіктер” деуге болады. Олар тазалығы, өнгіштігі мен өсу қуаты бойынша жоғары стандарттарға сай келеді. Бірінші класс  барлық көрсеткіштер бойынша мінсіз тұқым. Олардың өнгіштігі 95 пайыздан жоғары, зиянды қоспалар мен аурулар жоқтың қасы деуге болады. Бұл ең сапалы егістік материалы дегенді білдіреді. Ал, екінші класты тұқымды аздаған өзгерісі бар деп есептейміз, бірақ агротехникалық талаптарға толық сәйкес тұқым болып саналады. Мұндай тұқымдар біркелкі әрі мықты өскін береді.

–Топырақты тыңайту, зиянкестермен күрес жұмыстарын жүргізу де көктемгі егістік алқаптағы аса маңызды жұмыстардың бірі екені даусыз. Бұл агротехникалық  жұмыстар өңірде қаншалықты жүзеге асырылды?

–Биыл егіс алқаптарына 336 мың тоннаға дейін тыңайтқыш енгізу жоспарланған болатын. Оның алғашқы партиясы 90,5 мың тоннаға алдын ала келісім-шарттар жасалып, осы көлемнің үштен бірі күні бұрын диқандарға жеткізілді. Өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін облыстық бюджеттен 9,4 миллиард теңге субсидиябөлінді.

–Келесі сауалымыз осы жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы болатындығын да сезіп отырмын. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты да біржола айта кетіңіз.

Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 200 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның  63,3 миллиарды  субсидияға, шамамен, 140 миллиарды жеңілдетілген несие мен форвардтық сатып алуға бағытталған. «Кең Дала» және «Кең Дала-2» бағдарламалары желтоқсан айынан бастап жұмыс істеп тұр. Бүгінде өңірдің арграршылары 71,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.Бұл орайда, техникалық жабдықтау да маңызды рөл атқарады. Егіс жұмыстарына 31 мыңнан астам техника тартылған, оның12,6 мыңы трактор, 16,9 мыңы сеялка және 1,5 мыңы заманауи егіс кешені. Жыл басынан бері 5,6 миллиард теңгеге 162 техника сатып алынды.Көктемгі дала жұмыстары үшін өңірге 76,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Өткен жылдан қалған қалдықты есептегенде жалпы көлем  82,9 мың тоннаны құрап отыр. Шаруа қожалықтары үшін бір литр дизельдің түпкілікті бағасы  254 теңге. Бүгінде 50 мың тоннаға жуық отынға келісім-шарт жасалып, негізгі бөлігі төленіп, шаруаларға жеткізілді.Көктемнің әр күні жылға азық, сондықтан қазір диқандарда бос уақыт жоқ. Егіс науқаны қаншалықты үйлесімді өтсе, сонда нәтижесі де соған байланысты болмақ.

–Әңгімеңізге рахмет. Тағы да іске сәт дейміз!

Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар