Беркімбай деген кім?

Сонау ықылым заманнан Арқаның ән бесігі болып саналатын сұлу Көкше өңірінде басы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар бастаған талай дүлдүл әншілер өткендігі белгілі. Солардың заңды жалғасы болып, әншілік, домбырашылық өнерге өзінше тыңнан жол салған Беркімбай Нұрымұлы да өзі өмір сүрген ортасы кеңінен білетін, біліп қана қоймай, бойындағы тасқынды өнердің қуатты ағынын тамсана, таңдана жоғары бағалайтын өз заманының асқан өнерпазы еді. Кезінде Үкілі Ыбырайдың соңына еріп, жауһар ән мұрасының біраз бөлігінің бүгінгі күнге шашаусыз жетуіне септігін тигізе алған, әншіні көзі көргендердің ішінен академик жазушы Сәбит Мұқановтың өзі аталы сөзін айтып, жылы пікірін білдіріп кеткен Беркімбай әнші қалай айтсақ та, бүгінгі көзі қарақты оқырман тағы бір жете біліп, көңіл зердесінде сақтайтын биік тұлға.

Осы ретте, Арқаның ән өнерінде өзіндік орны бар әнші аталарына Көкше еліне есімі белгілі іскер апаларымыздың бірі Ғалия Асықбаева бастаған ұрпақтары ұмытпай, осы бірер күннің аясында ас бергелі отырғаны әрі бұл атаулы оқиғаның бертін елімізде 21 мамырға белгіленген мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келетіндігінде де бір тарихи сабақтастық бар сияқты. Сонымен, ел ішінде жүріп-ақ ғажап әншілігімен көптің жанын баураған Беркімбай әнші кім еді? Осы сауалдың жауабын тиянақтамаққа біз бүгін өз оқырмандарымызға кезінде әнші өмірі мен өнерін жете зерделеп, қағазға түсіріп кеткен белгілі жерлес қаламгер Төлеген Қажыбайдың танымдық зерттеу мақаласын ұсынып отырмыз. Бүгінде біреу білсе, біреу біле қоймас, әншілігіне қоса, сазгерлік қыры да елең еткізетін жайы бар оқшау дарын туралы жазушы еңбегі көптің ықыласын туғызады деген сенімдеміз.

Заманхат

Әңгімеміздің әлқиссасын атақты Үкілі Ыбырайдан бастау керек болар. Өйткені, біз әңгіме еткелі отырған Нұрымның Беркімбайының өнердегі жолы Үкілі Ыбыраймен қойындасып жатады, жатқанда да жәй жанаспайды, ұлы әнші сазгердің жоғары бағалаған шәкірттерінің бірі ретінде өзіне өріс ашады.

Сөзіміз дәлелді болу үшін нақтылы деректерге сүйене отырып, аз-кем шегініс  жасауға тура келеді.

Үкілі Ыбырайдың жазықсыз жаламен сотталып кеткендігін көкшетаулықтар жақсы білуге тиісті. Дегенмен, оның 72 жасқа келгенде қалай, не себепті осындай ауыр халге душар болғандығы әлі күнге жұмбақ күйінде қалып келгендігі тағы да жасырын сыр емес. Сондықтан, бұл мәселеге де мұрындық соқтырмай өте алмаймыз.

Архивтік деректерге сүйенсек, Ыбырайды жауапқа тартып, зерт жүргізген адам атышулы Жұмабай Шаяхметов болған. Сондағы жабылған жала – «колхоз құрылысына қарсы үгіт жүргіздіге» сайған. Оның үстіне Топай Әшкеев деген біреудің «Ыбырай мені ұрып-соқты, содан мүгедек болып қалдым, бір самауыр, екі қой, төрт тайша, екі бөлек киізімді тартып алып кетті» деген пәлесі қосылған. Екеуін беттестіргенде Ыбырай мұндай қиянаттың жасалмағандығын айтады. Бұл уәжге қарсы Балғабаев, Қосшығұлов дегендер куәгер ретінде сөйлеген. Сөйтіп, Ыбекең өзін ақт арлық дәйектемелер таба алмай тұйыққа тірелген.

Сонымен, тергеуші Ж.Шаяхметов Ыбырайдан гөрі куәгердің сөздеріне сенімділік көрсетіп сол кездегі РСФСР қылмыс заңының 58 статьясының 10 және 13 тармағымен, 59 статьясының 7 тармағымен жауапқа тартады. 1930 жылдың 20 қарашасында Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) қаулысымен Ыбырай Сандыбайұлы ату жазасына кесілген, мал-мүлкі тәркіленген. Бірақ, артынан  бұл үкім бұзылып, он жылға бас еркінен айрылады. Жазасын өтеу үшін Қиыр Шығысқа жер аударылады.

Соңғы бір деректерде ақынның жалғыз ұлы Өстемір  қасына Уәли Әлиев деген азаматты (1989 жылы қайтыс болды) алып, Орал қаласында ауыр халде жатқанда басында болып, әке сүйегін сол жерде тапсырып қайтты деген де мәлімет бар.

Не десек те Ыбекеңнің жазықсыз жапа шегіп, топырағы Көкшетаудан тысқары жерде болғаны ақиқат.

Сот кесілді деген хабар өзінің жиі барып сауық-сайран құрып жүретін Алқағаш ауылында (Солтүстік Қазақстан облысы) отырған Бекмырзаұлы Жантілеуге де жеткен. Жантілеу Ыбыраймен құрдас, көңілдес, тілеулес досы болған адам. Хабарды естісімен ұлы Қошанды Айыртауға әдейі жіберіп алған. Қошан қамауда жатқан ақынмен сұранып жүріп зорға дидарласса керек. Қоштасарда ақын Қошанға бір сурет пен толғау өлеңін айтып берген. (Мен ертеректе бұл өлеңді Сырымбетте Қапар ақсақалдан жазып алып, «Көкшетау» газетіне жариялатып едім).

Сонда Ыбырай:

Атығай мен Қарауыл,

Бірің тіл, бірің көмейсің.

Жақындығың осындай,

Қайсың маған өгейсің, –

деп түйдектете толғап келіп, сөз түйінін:

Қысқарып  өріс тұрғанда,

Биікке қалай өрлейсің?

Асылды білмес наданды,

Айтып қалай жөндейсің?

Туысыңнан жаманды,

Үшкіріп қалай емдейсің?

Аманат болып артыма,

Айтып жүрсін халқыма,

Аузының ебі бар еді,

Беркімбайға бергейсің, – деп бітірер еді.

Ыбырай айтқан бұл қай Беркімбай деген сауалға енді келгендейміз.

Беркімбай Нұрым ұлы Атығай руының Кәдір аталатын тармағынан. Өсіп-өнген ата жұрты бұрынғы Бесқарағай, бүгінгі Чкалов ауданындағы Ильичевка астық қабылдау кәсіпорны ірге тепкен тұс. Ата-бабасының қорым зираты да сол арада жатыр.

Беркімбайдың әкесі Нұрым сол кездегі өлшеммен алсақ, орта шаруа болған кісі. Орта шаруа ұғымын айқындай түссек, бес жүздей қой, жиырма шақты түйесі, сексендей қара малы, бес жүздей жылқысы болған. Бұл, әрине, сол тұстағы Атығайдың мыңдаған жылқысы болған Тәшен, Нығметжан, Айдос сияқты байларымен салыстырғанда дөңгелек шаруалы шаңырақ дегенге әбден келіп жатыр.

Нұрымның жұбайы Сәлима сол тұстағы ірі өнер иелерінің бірі болғанға ұқсайды, ғажап домбырашы, сұлу әнші болған ананың өнердегі тәрбиесі Беркімбайдың етімен еніп, сүйек сүбесіне дарығандығы шындық.

Сол тұстағы салттан мейір қандыра сусындап, дәстүрдің озық тұстарын бойға дарыта  білген бозбала Беркімбай сал-серілікке құлаш ұрған. Оған себеп сонау Жамантау баурайынан самғай көтерілген Үкілі Ыбырайдың соңынан еруі, қасынан табылып, бірге жүруі болған. Үкілі Ыбырайдың өз тобынан оқшау шығып тұруы ғажап әуезді әншілігі, орақ тілді ділмар, дүлдүл ақындығымен қоса, киім киісі, жүріс-тұрысы, мінез, қылығына көп байланысты болған деседі білетіндер.

Үкілі Ыбрайды сипаттайтын адамдар оның киген киімі өз тобынан тым оқшау, дара болатындығын алдымен ауызға алады. Желпілдеген қызыл балақты үкі Ыбырайдың шаншылған төбесінен басталып, қос иық, балақтың жер соғарына дейін тізіле желбіреп, үлпілдеп ерекше сән беріп тұрушы еді деседі. Оның сал Ыбырай, сері Ыбырай атанбай, Үкілі Ыбырай атануы  да осы сипаттан суыртпақ табады. Осындай оғаш қылықты, қызықтау киімді Үкілінің  соңынан ерген Беркімбай да атына қарай киімін, киіміне қарай атын таңдап мінген, қыста бүркіт, жазда қаршыға, тұйғын баптап, саятшылық құрған. Серіліктің  бір сипаты саятшылық өнермен қатар қанаттаса жүргендіктен, Беркімбайдың да бұл өнерге ерекше елігіп, ықылас қоюы заңды.

Беркімбай да Ыбырай ұстазы тартқан тауқымет, тақсыреттен тысқары қала  алмаған. 1928 жылғы ұлы тәркілеуге леккен Нығметжан, Тәшендерден кейін үкімет сойылы орта шаруаларға сілтенгенде Нұрекең шаңырағы да шайқалған. Беркімбай бай баласы деген аты шулы атқа легіп қудаланған, Көкшетау түрмесіне де қамалған. Бұған Бекеңнің «халық жауы» Үкілі Ыбырайдың қасында болғандығы, жүрген жерінде соның әндерін айтатындығы айып болып, қоса таңылған.

Беркімбай Нұрымұлының өнеріне куәгерлер өз тұстасының аса шебер, ірі әншілігін тамсана, таңдана, таңырқай айтар еді. Аумалы-төкпелі заманның жол айырығында тұрған Ыбырай, Мәди, Иманжүсіп өнерлері сонау ұлы тұлғалар – Біржан, Ақан дәстүрлерінің сарқындысындай болса, Беркімбай Нұрымұлы, Молдажанның Омары (ол да Атығай ішіндегі Кәдір тармағынан) сияқты оқшау бітімді бірегей таланттар ұлы дәстүрдің үзілмей жаңа үрдіспен ұштасуына дәнекер бола білді. Ыбырайдың көптеген жауһар ән жиһаздарын осы Беркімбай бүгінгі көшке жеткізіп кете алды. Ыбырай ұстазының түрмеде жатып жолдаған соңғы сәлем аманатын, яғни, «аузының ебі бар еді, Беркімбайға бергейсің» деен өсиетін жерде қалдырмады, ұстаз мұрасын барынша насихаттады.

Оның ғажап әншілігіне куә болған академик жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» трилогиясының екінші кітабында былай деп жазған ғой: «Нұрымның Беркімбайы дейтін сол кезде отыздың толық ортасына кірген бір әнші бар. Дауысы шағындау ол, әннің ырғағын келтіруге шебер. Ол да халық әндерін көп біледі. Өзі ағып тұрған домбырашы». (420 бет).

Сол Беркімбайдың Үкілі Ыбыраймен бірге болған тұстарын бүгінгі «Амандық» совхозының қарттары Өтеген Шәймерденов пен Мәжит Сейітмағамбетовтер де тебірене әңгімелеп отырады.

–Ақсу дейтін жерде  Ыбырай сонау Көкшетаудың жел жағында  қалың Қарауылдан әдейілеп ат сабылтып келіп, Беркімбай үйінде күнді түнге ұрып   ән салатын, оған Бекең де жиі араласып отыратын. Сол кездегі балалық елесті еске түсірсем, Үкілі Ыбырай шағын денелі, сопақша жүзді, ақсары адам болып көрінетін. Асқақтап биікке самғап кетер қыран дауысы сол төңіректі түгел ұйытып, жан біткенді байлап-матап тастардай болатын, – дейді Өтеген  ақсақал. –Ал, Бекеңнің үні Ыбырайдай биік болмағанымен, мақпалдай майда, аса жайлы, жұмсақ еді. Бекең ән иірімдерін індете қаузалап кеткенде, Ыбырайдың өңі жүз құбыла құлпырып, ерекше бір ықыласпен сүйсініп отыратын.

Беркімбай мен Әзинадан жалғыз ұл Бүркітбай болды. Ол тым жас дүние салды да артында Ғалия, Әлия дейтін қыздары, Өсербай, Серікбай дейтін ұлдары қалды.

Осы тұста Беркімбайдың Үрлән дейтін қарындасынан туған ұрпаққа соқпай кету қиянат болар. Бұл кісі Қарағаш елінде Көшбай дейтін азаматқа тұрмысқа шыққан, одан Бүркітбай, Етекбай дейтін балалар қалды. Көшекең дүние салған соң Үрлән шешеміз Нұрғасым Әбдірахманов деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Ал, Нұрекең кезінде ел билеген, колхоз төрағасы болған қабырғалы азамат болды. Одан қалған Төлтай, Елтай дейтін балалары Қарағаш елінде тұрып жатыр. Нағашылары Беркімбайға тартса керек, бұл екеуі де әсем әншілер, әсіресе, Елтайдың кең тынысты мөлдір әуезі кімді болса да, өзіне бір жалт еткізіп қаратпай кетпейді. Өкініштісі сол, кезінде тереңдетіп  білім алмаған екеуі де ауыл қотанынан аспай қалған.

Сол Беркімбай 1953 жылы дүние салды. Біздің бала кезімізде түйелі шанамен ауылымыздағы Үрлән қарындасына, Нұрғасым үйіне жиі келетін. Сондағы естіген әндердің кейбір тұстары  күні бүгінге құлақ түбінде жатыр. Әсіресе Ыбырайдан қалған әуен еді деп атақты «Он саусақты» айтқанда жасы шау тартып қалса да Бекең бүлкілдей желіп отырып, төрден босағаға сырғақтай жетіп қалатын. Осы «Он саусақты» Біржанға таңып жүргендер көп-ақ. Алайда Бекеңнен ән үйренген айыртаулық Байжұман Ғабдуллин де көзі тірісінде Ыбырайдікі болу керек дегенді жиі айтатын. Бұл әннің мінезінде, екпіндей соққан иірімдерінде Ыбырайдың қолтаңбасын танымай қалу мүмкін емес. Оның үстіне Ыбекеңнің атақты «Толқынындағы» ерке мінез, еркін төкпелік «Он саусақтың» бойынан мол ұшырасарын ескерсек, бұл әннің де иесі менмұндалап алдыңнан шығары даусыз.

Не десек те, Беркімбай сияқты есімі ескерусіз қалып келген қабырғалы әншілерді қайра тірілтіп, ел назарын ауласақ деген ізгі мұраттың өз көңілімізді ертеден тербеп жүргендігін жасырып қала алмаймыз.

Осы тұста Бекеңмен тұстас, аталас Молдажанның Омары хақында бірер пікір айтпай кету қиянат болар. Бұл кісіні білетіндер де Омекеңнің ірі домбырашы болғандығын аңыздай жиі айтады.

Мен бұл тұста өз естіген-білгендерімді қоя тұрып, Сәбит Мұқановтың өзіне сөз берсем, әлдеқайда ұтымды шығар деген ой ұшығындамын.

«Омекең деген кісі бармақ біткен адамның домбырашысы боп шықты. Бұдан бұрын Мұхаметқали және со сияқты нелер жақсы домбырашыларды көре жүре, домбыраның шектерін бұлай қозғап, пернелерін бұлай басқан бармақтарды мен кездестірген емеспін. Бұның басуында домбыраның дауысы, менің құлағым бұрын естімеген әлдене бір нәзік дыбыстарды аңыратып кетеді. Бұған дейін мен білетін домбыраның бұрауы екеу-ақ болатын: бірі әнге, бірі күйге бұрау. Талай домбырашыларды көре жүре, сол екеуінен басқа бұрауды кездестірген емен. Ал, Омардың қолында домбыра шектерінің кейде асты, кейде үсті қатты бұралып, кейде екі шек, тең дыбыспен бұралып, кейде мен естімеген бір бұрастардың түрі көрініп, жалғыз бұраудың өзі ғана әлде неше құбылады! Әр бұрастың өзіне тәуелді тартысы бар. Омекең сияқты кәнігіленген саусақтар ол тартыстарға иліге алар емес!

Мен Омекеңе де, домбыраға да қайран қалдым. Омекеңе қайран қалуым – бұған дейін домбыраға мұндай тартқыш адамды көрмеуім болса, домбыраға қайран қалуым – егер, тартуын білсе, оның да қос шегі, сегіз пернесінен нелер ғажап дыбыстар шығарады екен!» («Өмір мектебі», ІІ кітап, 423-424 беттер).

Міне, Молдажанның Омарының домбырашылығын көзі көріп, өз құлағымен естіген Сәбең осылайша сурет түзеді.

Сонымен Беркімбай Нұрымұлының әншілігін, Омардың күйшілігін үзіп-жұлып болса да, айтып шығуға талпынысымыз да өз мәресіне таялғандай.

Өнерлері өзімен бірге кеткен шынайы жүйріктердің тағдыры аянышты да өкінішті-ау. Дей тұрсақ та Беркімбай сияқты өнерпаздың да әнін шама-шарқынша ұстап қалған бір азамат Нығметжан Кәрібаев екен. Ол қазір Ленинград ауданының орталығында тұрады. Жол түссе Нығаңмен де дидарласармыз. Ал, әзірге Беркімбайдан қалған ән сарқыт (нотасы музыка зерттеуші ғалым Гүлсім Бәйтенованың «Көкшетау әуендері» кітабында берілген) «Арман» өлеңін осы мақалаға қоса беруді жөн көрдік.

Ашылмай жатқан сырлар, айтылмай қалған ақтаңдақтар мол ғой. Соның бір парасы Беркімбай мен Омар өнеріне келіп саяды. Оқырман қауымнан осылар  жайлы тың деректер күтетіндігімізді ескерте отырып сөзімізді тәмамдасақ деймін.

Төлеген Қажыбаев,

жазушы.

Ескерту: Дулат Сапихановтың салған Беркімбай Нұрымұлының жарқын бейнесін қоса ұсынып отырмыз.

 

Арман

Арман көп дүниеде сан жетпейді,

Түбіне көп арманның жан жетпейді.

Армансыз адам болмас бұл дүниеде,

Өкініп ойлай берсең күн өтпейді.

Нұр кетсе жаудыраған көзің де арман,

Дем бітсе сайрап тұрған сөзің де арман.

Дем бітіп, ажал жетіп, өмір өтіп,

Тіршілік сақтап жүрген өзің де арман,

Дер күнде істеп қалған ерлік те арман,

Ерлікпен елден алған теңдік те арман.

Тартылып таразыға тең келе алмай,

Құрбыдан өзің қатар кемдік те арман.

Кезінде некей тазы қасына ертіп,

Ел кезіп сайрандаған серілік те арман.

Дүние өтер, кетер, бәрі бекер,

Көз көріп нанбағанға бәрі жалған.

Сайрандап аралаған елің де арман.

Құс салып дабыл қаққан көлің де арман,

Ат мініп, итіңді ертіп, аңға шығып,

Кеш болса қайтатұғын жолың да арман.

Жігіттер, ішің де арман, тысың да, арман,

Ұйқыда көрген жақсы түсің де арман.

Өмірден басқа арманды армандама.

Ойлайтын анығы осы шынында арман.

Бұл ажал насты да алды, жасты да алды,

Билеген айдай әлем басты да алды.

Әйтеуір өлім менен көрің басқа,

Жанашыр талай сабаз досты да алды.

Айырады арманды ажал туған жерден,

Кіндік кесіп, кіріңді жуған жерден.

Дем бітсе мәңгі келмес амандастық,

Дүниенің махаббатын қуған жерден.

Айырады арманды ажал бауырластан,

Бірге ойнап жүрген құрбы замандастан.

Ажалды ұқсақ көңілге қайғы түсер.

Көңіл сынық, уайым айырылмастан.

Арманнан енді қалай құтыламыз,

Арманға аяқ бассақ тұтыламыз.

Дүниені арман демей жалған десек,

Арманнан сонда ғана сытыламыз.

Не нерек олай болса арман бізге,

Армандылар естірттім мұны сізге.

Бұл арман түпсіз теңіз, баттың, кеттің,

Бір еріп, қалқып шығар, қармақ іздеп.

Келеді сөз басына әуелі әліп,

Бір түн отырып жаздым гой мұны талып.

Бойымда жалғыз жүрген арман еді.

Қалдың-ау Нығыметжан, ¹ мұны да алып.

1947 жыл.

1 Нығыметжан Кәрібаевты айтып отыр.

(«Көкшетау» газеті, 23 қыркүйек, 1993 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар