Жеңіс батырлары – тарихи жоба

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – әкелеріміз бен аталарымыздың қаны мен жанкешті ерлігінің арқасында келген Жеңіс. Бұл Жеңістің қандай ауыр бағамен келгенін біз жақсы білеміз.

Соғыс жылдарында жасалған ерлікті біз әрқашан жоғары бағалаймыз және фашизмді жеңген сарбаздарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Соғыстың жеңіспен аяқталуы бізге бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп, мына дүниенің қызығын көруімізге, бала-шағамыз бен немерелерімізге қуануымызға мүмкіндік берді. Содан бері ондаған жылдар өтті, жаңа ұрпақ өсіп-жетілді, олар үшін бұл соғыс алыста қалған тарих секілді. Ұлы Жеңісті әкелген ерлердің ерлігі тарих қойнауына тереңдеп еніп бара жатыр. Алайда, ар-ожданымыз бен Жеңіс батырлары алдындағы борышымыз бізге бұл қаһармандық пен қасіретке толы кезеңді ешбір ұмытуға жол бергізбеуі тиіс.

Биыл Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс батырлары» тарихи жобасы аясында материалдар жинағы дайындалды. Бұған дейін осыған ұқсас материалдар топтамасы мен фото көрмелер 2015 және 2020 жылдары Ұлы Жеңістің 70 және 75 жылдығына орай өткізілген болатын. Айта кету керек, бұл жоба аяқталмайды, ол жалғасатын, мәңгілік жоба.

Музей қызметкерлері соғысқа қатысушылар туралы мәліметтерді жинау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді, бұл жұмыс арқылы қор коллекциясы жаңа материалдармен толықтырылып отырады. Бұрын майдангерлер өздері музейге құжаттар, марапаттар, жауынгерлік трофейлер мен соғыс жылдарының басқа да жәдігерлерін тапсырып келген. Ал, қазір осы игілікті істі ұрпақтары жалғастыруда.

Көп жылдық еңбектің арқасында бүгінгі таңда жинаққа Жеңіс батырларының 119-ы туралы мәліметтер, облыстық музей қорындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне тән тарихи фотосуреттер, ардагерлермен кездесулер нәтижесінде жиналған көне суреттер енген. Сонымен қатар, ордендер мен медальдар, құжаттар, кітаптар – мұның барлығы батырлардың ұрпақтары тарапынан музейге тарту ретінде берілген. Әрқайсысы – тірі тарих, олардың әрбір естелігі – өткеннің қымбат бөлшегі. Олар аштықты, суықты, үрей мен қайғыны бастан өткерді, бірақ сынбады, Отанның бостандығы үшін соңына дейін шайқасты.

Жоба аясында тарихи-өлкетану музейінің әскери коллекциясындағы майдан хаттары зерттеліп, музей қорындағы құжаттар қарастырылып, лекциялар оқылып, ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы залының «Көкшетау мен Ақмола облысы соғыс жылдарында» экспозициясы бойынша тақырыптық экскурсиялар өткізілді. Сол жерде музейге келушілердің қатысуымен Жеңіс сарбаздарына арнап үшбұрышты алғыс хаттар жазу акциясы ұйымдастырылды.

«Жеңіс батырлары» музейлік жобасының мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіске жеткен адамдар жайлы естеліктерді сақтау. Бұл жоба – болашақтың жарқын болуы үшін майданда жанын қиған қаһармандарға деген алғысымыз. Біздің міндетіміз – соғыс ардагерлерінің естеліктерін мәңгі сақтау, балаларымыз, немере-шөберелерімізге дейін Ұлы Жеңіс қаһармандарын есте сақтап, олардан табандылық пен Отанға деген сүйіспеншілікті үйрену. Жер бетіндегі бейбітшілікті қорғаған жауынгерлерге әрқашан мың мәрте қарыздармыз.

Осы жобаға материалдар жинауға қатысқан және мәлімет ұсынған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Соғысқа қатысушылар туралы мәліметтерді жинау жұмыстары одан әрі жалғасып жатқандығын естеріңізге саламыз.

Мұрат ХАМИТОВ,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану
 музейінің тарих бөлімінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар