Көктемгі егіс-2025
Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны өріс алып, дала төсі дүбірге тола бастады. Бүгінгі күнге дейін облыс өңірлерінде шамамен 750 мың гектар жерге тұқым себілді.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін алқап көлемі 52 мың гектарға артып, 5,5 миллион гектарды құрайтын болады. Бұл – аймақта аграрлық саланың тұрақты дамып келе жатқандығының көрінісі.
Биыл майлы дақылдар алқабы айтарлықтай кеңейіп, 430 мың гектарға жеткізілгелі отыр. Қазіргі уақытта 750 мың гектардан астам алқапқа жаздық бидай себілді. Егіс науқанына 37 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Жарқайың ауданының диқандары 663,5 мың гектар жерге тұқым себуді жоспарлап отырса, қазіргі таңда соның 123 мың гектары себілді. Бұл аудан облыста егістік алқаптарының көлемі бойынша ең алдыңғы орында тұр.
–Биыл ауданымызда көктемгі егіске барлық дайындық жұмыстары уақытында аяқталды. Қазір аудан аграршылары егіс жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үстінде. Бүкіл агротехникалық шараларды қысқа мерзімде, сапалы орындап, күзде әр гектардан мол өнім аламыз деген үміттеміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Дулат Сыздықов.
![]()

