Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Жеңістің әрбір мерекесі біз үшін қастерлі деп айта аламыз. Себебі, менің, әкем, соғыс ардагері Бектемісов Тасым, анам тыл ардагері Беймендеқызы Наймаш және үш бірдей ағамыз Бектемісов Сұраған, Даненов Құрманбай, Даненов Нұрбай бүгінгі бейбітшілік жолында жан аямай күрескен жандар деп білеміз. Сол үшін де біз, ұрпақтары ол кісілерді осы күні зор жүрек тебіренісімен еске аламыз. Өйткені, соғыс қазақ жерінде өтпесе де, олар Отан қорғау жолында толарсақтан саз кешіп жүріп, жаумен шайқасты, тылда тізе бүкпей тер төкті.
Әкем Бектемісов Тасым 1909 жылы 13 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысы Көкшетау ауданы, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Қараөзек ауылында дүниеге келген. 1931 жылы 15 тамызда әлі соғыстан бейхабар шақта Көкшетау аудандық әскери комиссариатынан әскери борышын өтеуге алынып, 5 жыл әскери міндетін өтеп келді. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін әскери жұмылдыруға байланысты қайтадан әскерге шақырылып, майданға аттанды.
Содан соң әскери тәжірибесі бар солдат ретінде соғыстың қызып жатқан тұсында жауып тұрған от пен оқтың ортасынан бір-ақ шығып, Белоруссия жерінде 14-інші артиллерия полкінің 16-ыншы гвардиялық миномет бригадасында неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа кірген. Жоғарыда айтқанымдай, әкем Бектемісов Тасым сол майданға кіргеннен жан алысып, жан беріскен қым-қуыт арпалыста жүріп, Польша жеріне дейін барып, Познань қаласын жаудан азат ету жолындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Әкемнің Сталинның оң қолы болған, майданның бас қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков әскерлерінің құрамында соғысып, Берлинге дейін жетуінің өзі біздер үшін зор мақтаныш. Соның белгісіндей, оның кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ, Прага, Варшава, Познань қалаларын азат еткені үшін, Германия жеріне енген жеңімпаз армия құрамында Штутгарт және Берлин қалаларындағы кескілескен ұрыстарда ерлік көрсеткені үшін алған медальдары мен бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері жарқырайтын. 1945 жылы ол өзінің майдангер серіктерімен Жеңіс күнін тойлап, туған еліне оралды.
Менің өмірге келуім соғыстың аяқталғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келді, яғни, 1955 жылдың наурызының сегізінде дүние есігін аштым. Ата-анамның көрген жалғыз ұлы мен едім. Сол үшін де майдан даласындағы қиян-кескі ұрыс пен қиыншылықты көрген әкем менің де қиындыққа төзімді болып өскенімді қалады. Әкем өмірде өте мейірімді, еңбекқор, бастаған ісінің уақытымен аяқталғанын өзінен де, өзгеден де талап ететін адам болған. Біздің балалық шағымызда әкемнен соғыс туралы сұрағанымызда: «Ой айналайын, балаларым, атың өшкір соғыстың айта қалатындай жақсылықтары жоқ», – деп қайыратын. Бала болған соң, сұрапыл соғыстың байыбына бара алмай, ара-арасында әкемізден соғыс туралы айтуын өтінетінбіз. Дегенмен ес біліп, есейген кезде әкемізге соғыс туралы айтудың қаншалықты ауыр екенін сезіндік. Осы тұста естелік ретінде айта кетейін дегенім, шамамен 1962-1963 жылдардың кезі болатын. Әкем мен отбасында жалғыз ұл болғандықтан, Орленок велосипедін сатып алып берген. Осы велосипедті барлық ауыл балалары, үлкені-кішісі болып, алаңсыз күн ұзаққа таласып тебетінбіз. Сондай бір кезекті жазғы ойыннан шаршап келіп, велосипедті әкем көрсеткен жерге қоймай, жазғы сиыр тұратын қораның ішіне сүйеп қойып кетіппін. Келесі күні мал өрісінен кейін мені әкем ұйқыдан тұрғызып, қораға апарып, дөңгелегінің мал басып, қисайып қалғанын көрсетіп, «ұқыпсыз неме» деп, қолындағы мал айдаған қамшысымен тартып жіберді. Мен шыр етіп, жылап, сол жерде тұрған шешеме тығылдым, бірақ, анам маған араша түсетіндей ниет таныта қоймады. Казір ойласам, сол кездегі менің ұқыпсыздығым үшін жазаланғаным, менің барлық өміріме жетерлік сабақ болды.
«Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, әкем соғыстан аман-есен оралған соң, 1947 жылы анам Наймаш Беймендеқызымен қосылып, шаңырақ көтерді. Отбасымызда төрт бала болдық. Үлкеніміз Мүнира дәрігер, Сәбира сауда маманы, содан соң мен «Қазпошта» жүйесінде бөлім басшысы қызметінде істедім, ең кішіміз Ләззат қарындасым мұғалімдік қызметін жалғастыруда. Анамыз Наймаш Беймендеқызы да соғыстың тезірек Жеңіспен аяқталуына өз жәрдемін тигізіп, тыл жұмысында болды. Сол атқарған еңбектері үшін бірнеше марапаттарға да ие болған еді.
Біздің әулетіміздің тағы бір мүшесі, ағамыз Сұраған Бектемісұлы туралы да зор мақтанышпен айтар едім. Ол кісі 1939 жылы әскерге алынып, неміс басқыншыларымен соғыста Қиыр Шығыста болды. Соғыс уақытында Моңғолиямен шекарадағы арнайы 8285 құпия Бас барлау басқармасы бригадасында әскер қатарында жүргізуші болып, Жапонияның милитаристерімен шайқасқа қатысып, елімізді жаудан қорғады. 1945 жылы «Жапонияны жеңген үшін» және «Германияны жеңген үшін» медальдарымен марапатталды. 1946 жылы әскер қатарынан босатылды. Соғыстан кейін еңбек жолын НКВД органынан бастап, кейін Куйбышев орман шаруашылығында орманшы болып, 1981 жылы зейнет демалысына шықты.
Біздің келесі мақтаныштарымыз – ағаларымыз Дәненұлы Құрманбай және Дәненұлы Нұрбайды да ерекше атап өткім келеді. Құрманбай ағамыз 1941-ші жылы қанды майдан басталғанға дейін Қиыр Шығыста әскери қызметте болған. Сонда кіші командирлер даярлайтын полк мектебінде оқыған. Кейіннен бөлімше командирі болған. 1942 жылы Саратов танк училищесінде оқып, кіші лейтенант атағын алып шыққан. Бірінші Беллорусия майданында талай-талай сұрапыл шайқастарға және жаудан Польша жерін азат етуге қатысқан.
Ұлы Отан соғысында алған марапаттауларының өзі де ардагер ағамыздың жүріп өткен ерлік жолдарын айғақтай түсетіндей. Варшава қаласы жаудан азат етілгенде «Ерлігі үшін» медальмен, Одер өзенін алудағы шайқас үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Берлинді азат етудегі батылдығы үшін екінші «Қызыл Жұлдыз» орденімен және басқа бірқатар медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталған соң да 1947 жылдың сәуір айына дейін әскери қызметін атқарған. 1947 жылы Көкшетау ауданының Краснояр селосында, кейін «Бұлақ» совхозында (МТС) партия қызметінде болды. 1966 жылдан бастап «Краснояр» совхозында қашан зейнет демалысына шыққанша парторг болып істеді.
Ағамыз Дәненұлы Нұрбай да 1926 жылы Қараөзек ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін 1943 жылы 17 жасқа толар-толмас шағында майданға алынған. Соғыста Криворож «Қызыл Жұлдыз» орденді атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқа қатысты. 1945 жылы соғыс аяқталып, елге оралды. Бейбіт өмірде Алматы қаласына барып, есепші мамандығы бойынша оқу бітіріп, қазіргі Зеренді ауданы Қызылсая ауылында тұтынушылар одағы кооперациясында есепші, одан соң қойма меңгерушісі қызметін атқарды. Соғыстан кейінгі жылдарда ағамызға аса жеңіл болған жоқ. Себебі, отбасын құрғаннан соң, көп ұзамай жеңгеміз Рәзия өмірден озды. Артында қалған алты баланы басқа отбасын құрмай, бір өзі тәрбиелеп жеткізді. Мұның өзін бейбіт замандағы тағы бір ерлігі деп түсінуге болады.
Осындай мақтануға тұратын ата-анамыз, ағаларымыз мәңгілік біздің және елдің жадында жасай берсін деймін.
Қабиделғазез ТАСЫМҰЛЫ,
зейнеткер.
![]()

