Тұрақты комиссияларда
Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда оқу жылын аяқтау, оқушылардың жазғы демалысы мен олардың сауықтырылуын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Оған мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, комиссия мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.
Жиынды әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықов жүргізіп отырды. Облыста оқу жылының аяқталуы штаттық режимде өтуде. 11 сыныптарға арналған «Соңғы қоңырау» шарасы мамыр айының 23-24 күндері өткізілмек. Ал, 23 мамыр күні қалған сыныптарда «Білімім–Отаныма!» атты сынып сағаттарын өткізу жоспарлануда.
Комиссия отырысында алдымен, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Назыкенованың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биылғы жылы облыс бойынша орта білім беретін 536 мектеппен барлығы 5924 түлек қоштасып, өз болашағына қадам баспақшы. Сонымен қатар, 9 сыныпты аяқтайтын 13890 оқушыға орта білім алғанын растайтын куәлік тапсырылатын болады. Бүгінде барлық мектептерде түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуі мен 9 сыныптардың мемлекеттік емтихан тапсыруына арналған дайындық шаралары жүргізіліп жатыр.
–Түлектерге куәлік тапсыру шарасы қажетті барлық талаптарды сақтай отырып, 20 маусымға жоспарланып отыр. Бірыңғай ұлттық тест тапсыру 16 мамыр мен 5 маусым аралығын қамтиды. Биылғы жылы облыс бойынша 9 сыныпты аяқтағалы отырған 1084 оқушыға үздік аттестат берілсе, 347 түлек мектепті «Алтын белгімен» аяқтайды, тағы қосымша 11 сыныптың 402 оқушысы білім ошағын үздік атестатпен тәмамдамақ, – деді Жанар Назыкенова өз баяндамасында.
Сонымен қатар, облыстың 29 колледжінде барлығы 19 мыңға жуық студент биылғы оқу жылын аяқтайды. Олардың 6500-ге жуығы кәсіби техникалық білім алып жатса, 450 студент үздік дипломға қол жеткізеді. Студенттерге аттестат беру шарасы 10-27 маусым аралығын қамтиды.
Бүгінде колледж бітірген түлектерді жұмыспен қамту үшін өңірдегі мансап орталықтарымен белсенді жұмыстар жүргізілуде.
–Жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатудың және алдын ала келісімдердің арқасында биылғы колледж бітіруші түлектердің 85 пайызын жұмысқа орналастыру мүмкіндігі туып отыр. Бұл өңірдегі еңбек нарығының сұранысына игі ықпал ете отырып, жұмыс берушілермен байланысты нығайта түсуге септігін тигізіп отыр, – деді баяндамашы оқу бітіруші студенттердің жұмысқа орналасуы туралы жан-жақты айта келіп. Содан соң комиссия отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар қаралды. Білім беру ұйымдарындағы терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңір мектептерінің 88 пайызы бейнебақылау камераларымен қамтылғаны айтылды. Сонымен қатар, кіре берістерге турникеттер орнату, полиция кезекшілігін ұйымдастыру, дабыл тетігін қою сияқты қауіпсіздік шаралары өңір бойынша 93 пайызды құрайды екен.
Отырыста оқушылардың жазғы каникулы кезінде мектептерді жаңа оқу жылына дайындау мәселелері де сөз болды. Білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 2025 жылы облыстың 32 білім беру ошағын күрделі жөндеуден өткізуге барлығы 7,1 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Бұл қаражатқа 25 мектеп пен 2 балабақша, 1 колледж, және балаларға арналған арнайы 2 интернат күрделі жөндеуден өткізіледі. Бүгінде осы білім беру мекемелерін жөндеуден өткізетін конкурстық жұмыстар аяқталып, мердігерлер анықталыпты. Облыс бойынша білім ошақтарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 1,9 миллиард теңге қаражат тапшылығы туындап отыр.
Сонымен қатар ендігі кезекте комиссия мүшелері балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мен сауықтыруға арналған алдағы жоспарлы шараларды пысықтады. Бұл жұмыстарды сапалы атқаруға дайындық ақпан айынан басталған болатын. Биылғы жылы өңірдің 134-ке жуық балаларды жазғы лагерьмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 125,5 миллион теңге бөлінген. Барлығы 1254 жетім балаға мемлекеттік лагерьлерге тегін жолдама беріледі. Сондай-ақ, аз қамтылған және жағдайы төмен отбасылардың 1200-ге жуық балалар уақытша шатыр астындағы және киіз үйлердегі ұйымдастырылатын лагерьлерге жолдама алады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың биылғы ерекшелігі сол, бұл ауқымды жұмысты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мен құқық қорғау органдары бірлесіп жоспар құру арқылы жүзеге асырмақ ниетте. Сонымен қатар, облыстық әкімдік жанынан мемлекеттік органдар мен ғылыми-өндірістік бірлестік өкілдерінен құралған аймақтық штаб құрылмақ.
Отырыс кезінде мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы мүшелерінің қойған сұрақтары мен ұсыныс пікірлеріне келсек, басқарма басшысының орынбасары тарапынан балалардың жазғы демалысын барлығы 16 лагерь өз мойнына алатыны айтылды. Олардың 9-ы мемлекеттік болса, 7-еуі жекеменшік болып саналады. Сонымен қатар, өзге өңірлерден біздің облысымызға 3200-ге жуық балалар келіп дем алады. Жолдама ақысы әр балаға мемлекеттік лагерьлерде 40-120 мың теңгеге дейін, ал, жекеменшік лагерьлерде 100-140 мың теңгенің аралығында. Бұл аталған лагерьлерде барлығы 4542 педагог жұмыс істейді, жалпы алғанда, балалардың демалысын ұйымдастыру кезінде педагог тапшылығы болмайды деп күтілуде.
Комиссия мүшелеріне балалардың жазғы демалысын қамтамасыз ететін лагерьлердің бүгінгі жай-күйі туралы да ақпарат берілді. Өңірдегі үш лагерьге күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жанар Назыкенова мәслихат депутаттары назарын 2020 жылдан бастап жұмысы тоқтап қалған Есіл ауданындағы «Қарлығаш» балалар сауықтыру орталығын қайта ашу мәселесіне аударды. Бір маусымда 100 балаға дейін қабылдай алатын демалыс орнының жобалық-сметалық құжаттамасын мемлекеттік сараптамадан өткізуге 5,3 миллион теңге қажет. Себебі лагерь су тасқыны кезінде айтарлықтай зардап шеккен. Сонымен қатар, Ақкөл ауданына қарасты «Рассвет» және «Юность» демалыс-сауықтыру орталықтарын жөндеуден өткізуге 19,2 миллион теңге қаражат керек болып отыр.
Жазғы каникул уақытында 14-16 жасар жасөспірімдерді жұмыспен қамту да білім басқармасының құзырындағы шаруа болып отыр. Алдағы демалыс маусымында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 400-ге жуық жасөспірімді жекеменшік серіктестіктер мен компанияларға жұмысқа тұрғызу жоспарлануда. Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, денсаулығын жақсарту, білім сапасын арттыру және жұмыспен қамту мәселелері алдағы уақытта да ұдайы тұрақты комиссияның бақылауында болмақшы.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.