Шегіртке ошақтары анықталып,  өңдеу жұмыстары жүргізілуде

Ауыл шаруасы

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен Жарқайың ауданында шегірткеге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың көшпелі отырысы болып өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Қожабеков, республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ақмола филиалының жетекшісі Нұрбек Садықов, сондай-ақ, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегірткеден қорғау бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыстың 11 ауданында итальяндық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу 226,5 мың гектар алаңда, олардың ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 89,0 мың гектар және облыстық бюджет қаражаты есебінен 137,5 мың гектар алаңда жүргізілетін болады.

Шара барысында ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдеуге арналған арнайы бүріккіш техникалар, шегіртке ошақтарын бақылауға арналған автокөліктер, аумақтарды шолуға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) көрсетілді. Барлық техника жұмыс барысындағы режимде таныстырылып, мамандар назарына ұсынылды.

– Химиялық өңдеулердің ең үлкен көлемі Жарқайың ауданына тиесілі. Шегіртке ауыл шаруашылығы дақылдарына айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұған дейін мамандар оның ошақтарын анықтаған болатын. Бүгін бұл аумақтар жедел штаб мүшелеріне көрсетілді. Қазіргі таңда зиянкестер дернәсіл сатысында, сондықтан, жақын күндері бұл жерлерде химиялық өңдеулер жүргізілетін болады, – деді фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығының облыстық филиалының жетекшісі Нұрбек Садықов.

Биыл Жарқайың ауданында алғаш рет РМК-ның «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнының ұшқышсыз авиациялық жүйелері қолданылуда. Бұл дрондар ауыл шаруашылығы алқаптарында 5 000 гектарға дейінгі аумақты өңдеуге жұмылдырылған. Бір дронның өнімділігі – тәулігіне 50 гектарға дейін.

Бүгінгі таңда республикалық бюджет есебінен аудан аумағында 3 800 гектар жер өңделді. Жер бедерінің күрделілігіне байланысты кейбір өңдеу жұмыстары дельтаплан көмегімен жүргізілді. Осылай Пригородное ауылының аумағында 2 310 гектар, Уәлиханов ауылдық округінде 1 490 гектар  егістік алқап өңделді.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан шегірткеге қарсы іс-шараларды уақытылы әрі жауапкершілікпен жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

– Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – егіншілік зиянкестерінің таралуына жол бермеу. Ол үшін барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы, заманауи технологияларды пайдалану және жағдайды тұрақты бақылау қажет. Біз егінді қорғап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, – деді ол.

Жиын қорытындысында химиялық өңдеу кезеңінде барлық қызметтердің үйлестірілген, сапалы және уақытылы жұмысын қамтамасыз ету міндет етіп қойылды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар