Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» әңгімесінің желісі бойынша қойылған «Өтелмеген парыз» драмасының премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері – Мәдениет саласының үздігі Баатырбек Шамбетов, қоюшы суретшісі Ирина Лунга.
Қазақтың «Жаратқан басымдағы бағымды алсаң да, баламды алма» деген аталы сөзі бар. Себебі, адам баласы ұрпағымен мәңгі жасайды. Ал, ол ұрпақтың адамгершілік қасиеті мен кісілік келбеті, өресі мен тәрбиесі қаншалықты қалыптасып келе жатқанына тиісті мән беріп, толғана бермейтініміз рас. Театрда қойылған драмалық спектакльден біз өскелең ұрпаққа, өз ұл-қыздарымызға дұрыс тәрбие бере алып жүрміз бе деген бүгінгі күннің өте өзекті, ушығып тұрған тақырыбын көрдік, көңілге көп ой түйдік. Осы бір мазмұны терең, тағылымы мол қойылымды көрермен көпшілік тек бір уақыт тамашалап қана кетпей, өмірлік сабақ алса дейміз.
Спектакльдің шымылдығы ауыр да, қиын сәтпен – баласын соңғы сапарға аттандырып жатқан Қожабек пен оның кемпірінің ащы зарымен ашылады. Көрермен Қожабек ақсақалдың ұлының қабірі қазылып болғанда, «жоқ, бұл маған қазылған, босатыңдар…» деп қабірге тап бергенінде зар жылаған әкенің күйігін көріп, көзіне жас үйіріп, толқи түсті. Адамгершілік пен ұрпақ тәрбиесі тақырыбын арқау еткен спектакль одан әрі өрби түсіп, Қожабек ақсақалдың басынан өткерген оқиғалары театрға жиналған қауымды бір демде ұстап отырып, ойландырды, көп нәрсені ұқтырды, жүрекпен сезіндірді, тебірентіп, толқытты.
Азырақ қойылымның мазмұнына бойласақ, Қожабек қарияның үміт күтіп отырған жалғыз ұлы енді үйленем деп жүрген кезінде тосыннан келген белгісіз бір індеттен мезгілсіз арғы дүниеге аттанып кете барады. Бейқам жүріп, қапияда жалғыз тұяғынан айырылған Қожабектің сағы сынып, кемпірі екеуі зар еңіреп, жанарларын жаспен жуып, шарасыз күйге тап болады, Жаратқан иесіне не жазғанын түсінбей әлекке түседі. Қартайған шағында өзегін ащы өкініш өртеп, қу ағаштай қуарып, кеудесін күрсініс кернеген қарт баласының жолдастарының бірінен алыс шаһарда ұлынан бір ұрпақ қалғанын естиді. Қайғыдан қан жұтып отырған қария осы жаңалықтан кейін өлгені қайта тіріліп, өшкені қайта жанғандай, еңсесін тіктеп, ұрпағының жалғасы – ұлынан өрбіген баланы іздеп жолға шығады. Көңілге медеу болған жақсы жаңалық шындыққа ұласады. Бірақ, Қожабек қайтыс болған ұлынан бір емес, бірнеше әйел сәби сүйгенін біледі. Баласының жүріп өткен жолымен жүріп отырып, оның қаншалықты білімді, дарынды, сымбатты болса да, лайықсыз әрекеттерге бой алдырғанын, ар-ұят, адамгершілік қасиеттен жұрдайлығын жанымен сезініп, қан жұтады. Бейшара күйге түседі. Сөйтіп, ұлының баласы алдындағы өтелмеген парызын өзі арқаламақшы болады. Алайда, тағдыр оған да оңайлықпен жол аша қоймады, соңғы үміті ақталмады. Бұл Қожабек секілді бір шаңырақтың ғана емес, қоғамның өзеуреп тұрған ащы жарасы емес пе?!.
Қожабектің рөлін сомдаған «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Қайрат Мырзаболатов отбасының панасы, тірегі, бәйтерегі саналатын әкелердің өз кіндігінен тараған баласының қылығы үшін қаншалықты күйіп-пісіп, бейшара халге түсетін, іші күйікке толы адамның образын кәсіби шеберлігімен өзінің сол әртістік биік деңгейінде, ойнап берді. Қожабектің мұң-шерін, қайғы-қасіретін бір бойынан өткізгендей әсерлі сомдады. Қойылымдағы Қожабектің кемпірі мен керең кемпірді ойнаған «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Жанар Құсайынова мен мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешова да өздеріне сеніп тапсырылған аналардың бейнелерін шынайы бейнелеп берді. Әсіресе, баласынан айырылып, қан жұтқан ананың жан жоқтауы мен ішкі күйзелісі құйқаңды шымырлатса, артында ұрпақ қалды дегендегі бір үміт пайда болғандағы қуанышы, залда отырған ана атаулының балаға деген махаббаты мен сүйіспеншілігін оятып, тебіренте түсті. Ал, керең кемпірдің образы арқылы режиссер бүгінде жас отбасылардың аналарын қалаға шақырып алып, немерелерін баққызып қойған бейнесін де сәтті келтірген. Қуарған қу ағашша қалғаннан гөрі, у-шудың арасында ұрпағыңмен жайқалып отырған жақсы ғой деген ой түйіледі бұл жерде. Сол әбігер әженің әбіржіген әлемін Маржан Бөкешова дөп көрсете алды.
Сондай-ақ, Есеней қарттың (мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай), Ауданбек (Медет Хамзин) пен Жарасбайдың (Намыс Мақсатұлы) да бейнелері тартымды шыққан. Ұшқалақ, тірі жанға қиянаты жоқ Тышқанбайды сомдаған Әліби Мұратұлының қарым-қабілеті, өзіне берілген образды түйсініп, сезініп ойнауы, көрерменді қылықтарымен баурап алуы оның ізденгіштігі мен еңбегі деп білеміз. Осы Тышқанбайдың шығуымен көрерменнің бойына жан бітті, зал күлкіге қарық болды. Ал, Болаттың курстасы Асылбекті ойнаған Асланбек Шайсұлтанов пластикасымен, әртістік шеберлігімен, бар болмысымен театрсүйер қауымды баурап алды. Қойылымдағы Болаттың кездескен қыздары – Валя (Әсем Шайсұлтанова), Гүлсім (Үмітжан Ахмет), Сәуле (Мақпал Сүлейменова) образдары да қазіргі қоғамдағы тағдырлары тәлкекке түскен жандардың болмыс-бітімін тап басып көрсетіп берді. Үш актриса да өздерінің қарым-қабілеттерін барынша салып, рөлдерін жап-жақсы ойнап шықты. Болаттың бейнесін Нұрлыбек Тілеулес есімді жас актер сахналады.
Осы орайда, режиссер қойылымға өте бір үлкен жауапкершілікпен келген.
– Автор бұл шығармасы арқылы қоғамды мақтамен бауыздап отыр. Ақсақалдың ішкі жан-дүниесі, бастан кешкендері арқылы біздің қоғамымыздың жан жарасын, өзекті өртеп тұрған мәселені көрсетіп берген. «Адам ұрпағымен жүз жасайды», «ұрпақ жалғасы» деген сөздерді әдетте жиі естиміз. Бірақ, баланың адами болмыс-бітімінің қалыптасуына бойлай бермейміз. Қожабек ақсақал баласы қайтыс болғаннан кейін немересін іздеу барысында ұлы өмірлерін улап кеткен қыздарды көреді. Мен сол арқылы қоғамдағы ер азаматтардың қыздардың өміріне деген немқұрайлылығын, қыз-келіншектердің қамқорсыздығын, қорғалмағандығын көбірек ашқым келді, – деді қойылым режиссері Баатырбек Шамбетов әңгімеге тартқанымызда.
Біздер баланың бары бір бақыт, жетістікке жеткені жүз бақыт деп білеміз. Алайда, бүгінгі өмір сүріп жатқан қоғамда қаншама білімді ер азаматтардың біреудің үкілеп өсірген аяулы қыздарының жүрегін жаралап, арын аттап, тұнығын лайлап, пайдаланып, кейін бар жауапкершіліктен қашып, тастап кетіп жатқанын көріп жүрміз. Кейін сол арсыз тірліктің тәлкегіне түскен қыздарды сөгіп, жазғыратын да біздің қоғам, ондағы «серілердің» айналасы. Ал, сол «серілік құрған» жігіттердің жауапкершілігі қайда? Оларды кім тәрбиеледі? Оны ұмытып кетеміз. Себебі, «қызға қырық үйден тыйым» немесе «жігітке – мұрат, қызға – ұят» дейміз.
– Шынымен, бүгінде теларналардан, неше түрлі әлемжеліден «қоқыстан бала тауып алды, сәбиін дәретханаға тастап кетті» деген сияқты жағымсыз жағдайларды жиі естіп жатамыз, сол әрекетке кейде шарасыздықтан барған сол аналарды безбүйрек деп кінәлаймыз. Қоғамда осындай қиын жағдайлардың бәрін қыздар көтеруі керек сияқты. Оларды жауапқа тартамыз. Ал, сол қыздарды жүкті еткен еркектер қайда? Олар неге жауапқа тартылмайды, олардың тәлім-тәрбиесі неге сұралмайды? Ол жағы ескеріле бермейді. Ата-аналар өздерінің оқыған-тоқыған, белді қызметтерде жүрген ұлдарын керемет, жақсы тәрбиелегендей көреді. Бірақ, көп жағдайда талай қыздың обалына қалғанын ойламайды. Мысалы, біздің қоғамдағы Бишімбаевтың оқиғасын алайық. Бүгінде оның да ата-анасы осындай бейшара күйде отыр. Шетелден оқып келген білімді жастар мықты қызметтерде отыруы мүмкін, бірақ, кеудесінде титімдей адамгершілік болмаса, оның білімі түкке де татымайды. Осындай ащы жараның аузын жазушы Төлен Әбдік осы Қожабек ақсақал арқылы жете ашып беріп отыр. Бұл спектакль, сондықтан да, маған қызықты болды, – дейді қойылым режиссері.
Спектакль соңында: «Бұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің?! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін» деп Қожекең көріскен адамындай құлпытасты құшақтап қала береді…
Сөз соңында айтарымыз, «Өтелмеген парыз» өтпелі сәттің емес, өмірдің өзін сахнаға алып шыққан шығарма. Қоғамның айнасы болған қойылым тек өткенге ғана емес, бүгінгі күнге де, ертеңгі ұрпаққа да ой салатын туынды. Театр репертуарындағы өміршең қойылымдардың бірі болады деген ойдамыз.
Сахналық декорациялар да қарапайым ойластырылыпты. Сахна ортасында қуарған қу ағаш тұр. Қаусаған бұтақтарында гүлдің күлтешелері бүр жарғандай… Бұл күлтешелер ақсақалдың ұрпағы жалғасады деген үміті, бәлкім… Кім білсін…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

