Бұл күні Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейдегі түн» атты әсерлі бір шара болып өтті. Бұл акцияға Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі 2013 жылы қосылды, содан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Бұл ерекше кеште біраз көрермендер әр дәуір мен әр ұлттың киім үлгісін киіп келіп, өткенге, тың игеруге саяхат жасалды.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің 105 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Музей түні – 2025» акциясы тарих пен өнерді сүйетін қауым үшін ұмытылмас кешке айналды. Бұл түн музей қабырғасындағы әр жәдігер жан біткендей, өткеннің сырларын шертіп, қонақтарды уақыт саяхатына жетеледі.
Ерекше форматта өткен мәдени шарада Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, театрландырылған көріністер көрсетілді және музейге экскурсия жасалды. Келіп тамашалаушылар қатары өте көп болды.
Онда осы ғажайып кешке келген ақмолалықтар алдында алғаш бұл музейдің негізін қалаушы Иван Степанович Хохлов болып, Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Василий Гречанниковсөз алды. Оның осы қасиетті ел мен жердің шынайы патриотының образын әсерлі сомдағаны сондай, Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтары шын мәнісінде осыдан 105 жыл бұрынғы уақыт ағымына бойлап кеткендей болды. Дәл сол тұста осы өңірдегі өлкетанушылар алғашқы музей экспонаттарын тірнектеп жинауды қолға алған еді.
Бұл жолы әртүрлі көріністер мен жәдігерлер арқылы қазақ жеріндегі ұлт пен ұлттың достығы шынайы көрінісін тапты. Бұл берік дәстүрдің негізін қалаған әрине, тағдырдың жазуымен осы жерге күштеп қоныс аударылған талай ұлт өкілдерін жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқы екендігі түсінікті.
Бұл түні музейде әскери оркестрде үрлемелі аспаптарда ойнап, бір кезде Көкшетаудың қалалық бағында үрлемелі оркестрдің тұрақты өнер көрсеткенін еске салды. «Музейдегі түнге» толассыз келіп жатқан жергілікті ұлт өкілдері бұл түннен туған халқымыздың өткен тарихының өшпес іздерін іздегені де анық. Сол ойлары болып, көптеген үлкен мен кіші Абылай хан және оның батырлары бейнесіндегі өнерпаздармен дамылсыз суретке түсіп жатты.
Ал, өзіне оңтайлы бір жерде қолөнершілер жұмыс істеп жатса, тағы бір тұста «Жас археолог» үйірмесінің мүшелері ертеңгі күні өлкеміздің тарихи қоныстарында өтетін қазба жұмыстарында небір жаңалықтарды ашатын басты тұлға солар болатындығын аңғарта білді. Бұл түні музейдің іші-сырты көрермен мен тыңдарманға толы болып, олардың бәрі де мұндағы керемет көріністер мен бейнелерден зор рухани әсер алды. Өлкеміздің шежірелі өткеніне бойлап, тылсым сырларды аулады. Ара-арасында осыдан бір ғасырдан астам бұрын жұрт осы жолы да сүйсіне тамашалаған мына қарапайым, көне жәдігерлерді тірнектеп жинаған Иван Хохловтың бейнесі бүгінгі және келер ұрпаққа тағы бір сөз арнап тұрғандай көрінді. Ол – тарихтың әрбір сәті мен кезеңіне ұқыптылықпен қарау. Сонда өткеннен бүгінге қалғандай, бүгіннен ертеңге де осындай жәдігерлер мол қала түспек. Келушілер сүйсіне қабылдаған бұл «Музейдегі түн» сол кеште бізге осындай тәмсілін айтып тұрғандай еді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

