Иә, атамыз Ғұбайдолла (құжат бойынша Құби) Әбдірахманұлын еске алғанда, осы бір өз өлеңінің ойға оралатыны бар. Өйткені, ол бүкіл саналы өмірін Отан үшін, ел үшін адал қызмет етуге арнаған жан. Атамыз оқығаны мен тоқығанын қағаз бетіне түсіріп, көңіл-күйлерін өлең-жырларына арқау етіпті.
«Шал емеспін, мен әлі де ширақпын, Тал бойыма талмас қуат жинаппын. Жүріп келем созылғанша сіңірім, Өйтпегенде керегі не сирақтың? Шал емеспін білегінен әр тайған, Шал емеспін жүрегінен нәр тайған. Шал емеспін, кандидатпын шалдыққа, Мен, сірә да, жағым түспей қартайман!» деп жазған оптимизмге толы өлең жолдары ардагер атамыздың тіпті, қартайған шағының өзінде тағдыр салған тауқыметтің қандайына болсын, қасқайып қарсы тұрарлық қауқарының, берік өмірлік ұстанымының бар екенін айғақтап тұрған жоқ па? Ал енді қызы Гүлбаршынға арнап жазған өлеңінде «Ойлама, балам, алыста, Жападан-жалғыз қалам деп. Амалын тапсаң әруақта, Арқаңды сүйер панаң көп. Алдыңа сенің егер де, Қиындық келсе қандай бір. Серігің болсын қасыңда, Дос пенен қасты таңдай біл» , деп әкелік ақыл-кеңесін білдіреді.
«Астында қалың қабақтың, Астарлы талай сыр жатыр. Жоқшылық, соғыс, абақты, бәрін де көрдім мен пақыр» деп өзі өлең жолдарына қосқанындай, атамыз отызыншы жылдардағы ашаршылықты көріп, әупірімдеп аман қалған. Қаршадайынан оқуымен қатар, үй шаруасына қолқабыс жасап, отын-шөп дайындаумен айналысқан, мал жайлап үлгеріп отырған. Оқу жылы аяқталған соң келесі оқу жылы басталғанға дейін таңның атысынан күннің батысына дейін колхоздың қара жұмысына да жегілген екен. Жеті жылдық мектепті бітіріп колхозда есепші, кейіннен бастауыш сыныптарға сабақ берген. 1943 жылы әскер қатарына алынып, Алматыдағы әскери училищеге жіберілген. Алты айдан кейін оқулары аяқталмай жатып, училище курсанттары Иваново облысы Тейково қаласына жеткізіліп түсірілген. Осында парашютпен секірудің қыр-сырын үйренген. Көздегені мүлт кетпейтін мерген болғандықтан, 1943 жылдың аяғынан 1945 жылдың 2 сәуіріне дейін снайпер болып, Венгрия, Чехословакия, Австрияны, оның ішінде Венаны азат етуге қатысқан. Ауыр жарақат алғаннан кейін Жеңіс күнін Венадан отыз шақырым жердегі госпитальда қарсы алған. Үш бірдей мемлекеттің жерінен жаяу жүріп өткен, қаншама қалалар мен елді мекендерді азат етуге қосқан үлесі үшін ол бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Венаны алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
– 1946 жылы мамырдың 4-і күні аман-сау әке-шешеме оралдым, оларда баладан мен жалғызбын, тегі, аман-есен келуім кәрі әке-шешемнің көз жасы қабыл болып, құдайдың сақтағаны шығар деп ойлаймын, – деп еске алған екен атамыз.
Соғыстан кейін Ақмоланың мұғалімдер даярлайтын училищесін бітіріп, 1955 жылы ҚазМУ-дың тарих факультететіне сырттай оқуға түседі, оны 1961 жылы тәмамдайды. 1946 жылдың мамыр айынан 1962 жылдың наурызына дейін Подгорный және Ярославка елді мекендерінде мектеп директоры, одан кейін он жылдай Жақсы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1972 жылы 10 наурызда Жақсы ауданынан Қима ауданы бөлініп шыққанда, оқу бөлімінің меңгерушісі, саяси оқу кабинетінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кәсіптік училищеде директордың орынбасары болып жұмыс істейді. Қиманың №2 орта мектебінде тарих, география пәндерінен сабақ бере жүріп, 1985 жылы зейнеткерлікке шығады. Міне, атамыздың зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмірбаяны, қысқасынан қайырғанда, осындай. Ал, оның астарында қаншама қажырлы еңбек, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жомарттықпен төгілген тер, өмірлік өшпес өнеге жатыр десеңізші. «Ғұбайдолла Әбдірахманұлының алдынан түлеп ұшқан жастарды жүздеп емес мыңдап санауға болады. Олар мұғалім, дәрігер, агроном, зоотехник, құрылысшы, инженер, бухгалтер және тағы басқа да мамандықтарды игеріп, еліміздің әр саласында еңбек етуде. Ол кісі әсіресе, жастарға отансүйгіштік тәрбие беруде алдыңғы лекте болатын. 1990-1994 жылдары Қ.Әбдірахманов зейнеткерлігіне қарамастан, мұражайлардан тынбай іздестіре, үй-үйлерден сұрастыра жүріп, Ұлы Отан соғысында майданда хабарсыз кеткендердің аудан бойынша тізімін жасап, 1995 жылы қомақты кітап етіп шығаруына өлшеусіз үлес қосты. Із-түссіз жоқ болып кеткен боздақтардың аттарын жаңғыртып, олардың туыстарының ақ батасын алды. Бейбіт өмірдегі ерен еңбегі үшін бес медальмен марапатталды. Қима ауданы орталығындағы №2 мектепке Ғұбайдолла Әбдірахмановтың аты берілді» деп еске алған екен осы ауданда аупарткомның бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, Жақсы ауданының құрметті азаматы Ғ. Жоламанов.
– 45 жыл ұстаздық өмірімде небір абзал, ардақты, өмірімнің, еңбегімнің маңызды да мәнді болуына әсер еткен аға-апалар көп болды десем, жаңылмаймын, – деп жазады Майра Жетпісбайқызы Үсенбаева да осыдан он жылдай бұрын атамызға арнайы құрастырылып шығарылған кітапта, –сондай ағамыздың бірі Құби Әбдірахманұлы еді… Әр сабағы отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке, талапты, өнерлі болуға құлшындыратын. Жасы ұлғайса да оқушылармен, ұстаздармен дөңгелек үстел, конференция, сайыстар өткізіп тұратын. Өзім еңбек етіп жүрген мектебім Ғұбайдолла Әбдірахманұлы атында екенін мақтан етемін. Мектебімізде ардақты ұстазға, майдангерге арналған шағын мұражай бар. Келушілерге Құби Әбдірахманұлы туралы айтар естеліктерім көп. Құби аға айтқанындай, «Диқан еңбегінің жемісін, егінін күзде жинаса, біз – ұстаздар көктемде жинаймыз». Кемелді ұстаздың осы сөзі әр кезде есімнен шықпайды және өз құндылығын жоймайды.»
Иә, асқар таудай тұлғалы, өмірі өнегеге толы, алған бетінен, ұстанған бағытынан қайтпаған қайсар да қажырлы атамыз туралы айтылар естеліктер аз емес.
«Менде әкемнің 90-жылдардағы жазған қолжазбалары сақтаулы, қолжазбада сол кездегі еліміздің басындағы қиын-қыстау кезеңдерге байланысты өзіндік ой-пікірлерімен бөліскен екен. «Рухсыздық, жұмыссыздық, немқұрайлылық, жауапсыздық, қылмыс, ұрлық – осының бәрі етек алып бара жатыр. Саясатта, экономикада толық нәтижелі жұмыстар жоқ. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ең төменгі шегіне жетті.» Ал, «Құдай құдай дедік те, Озбырларға құл болдық. Әділет дегенді аңсап ек, Лас жауып, кір болдық. Қойды қасқыр баққан соң, Қан болмасқа немене. Сайланбай әкім болған соң, зор болмасқа немене!» деген өлең жолдары еліміздің жүріп өткен жолындағы қателіктерді тап басып, айна-қатесіз беріп тұрған секілді.
Әкеміз зейнетке шыққаннан кейін де ауданның архив бөлімін басқарып, оның сыртында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып өңіріміздің естелік кітабын шығаруға атсалысты. 1993 жылдары әкеміз Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбекпен жақсы қарым-қатынаста болып, Тарақты ата-бабасының шежіресін жинастыруға көп көмек жасады. Орта және жоғары білімді орыс тілінде алса да, орыс азаматтары көп шоғырланған ауылдарда ғұмыр кешсе де, әкеміз ана тілінде тамаша сөйлейтін және балаларына, немерелеріне арнап өлең де жазатын. Әкеміздің тіл байлығы мол болатын. Жиналыстарға дайындаған баяндамалары екі тілде де орфографиялық қатесіз жазылатын.» Бұл – қызы Гүлнәрдың әкемізге арналған кітапқа жазып қалдырған естелігінен үзінді.
Осы орайда айта кету керек, Ғұбайдолла атамыз бен Шәмшия әжеміз сегіз баланы өмірге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, алақанға салып, аялап өсірген екен. Балаларының тәлімді тәрбие, жоғары білім алуына, өмірден өз орындарын тауып, жақсы адам, білікті маман болып қалыптасуына барынша жағдай жасаған. Осындай өнегелі отбасының қамқорлығынан қанаттанып, түлеп ұшқан балалары жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауып, абыройлы қызмет атқарған. Тек Тұраргелді ғана ертерек шетінеп кеткен. Тұңғыш қызы Қарлығаш облыстық сотта судья болды, Күләнда мен Сара дәрігер, Гүлбаршын мектеп басшысы, Гүлнәр бас есепші, Майра мұғалім, ұлы Қайыргелді Есіл және Жарқайың аудандарының прокуроры болған.
«…Алысқа қанат қағып кетсек тағы, Біз сіздің өміріңіздің жалғасымыз…» деп ұлы Қайыргелді еске алғанындай, бұл күнде атамыздың өмірін абыроймен жалғастырып келе жатқан балаларының өздері де зейнет демалысында.
«Кей уақыттарда әкеміз мінезінің қаталдығын, талап қоя отырып, қайсарлығын көрсетсе де, көңілінде, жүрегінде бір жұмсақтық пен нәзіктік тұрушы еді. Қолы бос уақыттарда көп оқитын, өлең жазатын. Осындай өлеңдерінің бірін тұңғыш немересі Мөлдірге арнады. Қызымның есімін де көп ойланып, ізденіп барып өзі қойған еді. Ал ЗАГС-ке барып, Мөлдірдің тегін Құби деп жаздырғанымды білгенде, балаша қуанған болатын.» деп еске алды менің әкем Қайыргелді.
«Атыңнан Мөлдір деген айналайын, Көзіңнен мөлдіреген аймалайын. Кең танау, жалпақ мұрын құлыншағым, Бетіңнен сансыз иіскеп жұбанайын» деп атамыздың өлеңіне қосқан сол немересі мен боламын.
Бір кезде Қима аудандық газетінің редакторы болған, Көкше өңірінің бетке ұстар, белгілі қаламгерлерінің бірі Есмұхамбет Айтмағанбетов «70-ке толған Құби-ағамызға арнау» деген өлеңінде былай деп атамыздың лайықты бағасын берген: «Құби аға, 70-тің төріндесіз, Көтеріңкі құс қанат көңілдесіз. Құдай берген қуаттың арқасында, 70-те де жас болып көрінесіз. Көрдің өмірдің жеңілін, ауырын да, Қарлы боран, сұрапыл дауылын да. Ақ көңілдің аты арып, тоны тозбас, Бағаң артық өскен ел, ауылыңда. Оқ пен оттың астынан аман өттің, Абыроймен бұл күнге аман жеттің. Санасына жас ұрпақ білім егіп, Шәкіртіңнің талайын ғалым еттің. Қай істе де қайратты, кемел болдың, Сөзге шапшаң, қимылға жедел болдың. Қиын күнде қайысып қабақ шытпас, Нар тәуекел мінезді сенен көрдім. Ұл өсірдің ұядан түлеп ұшқан, Қыз өсірдің ер жетіп бақыт құшқан. Үлгілі ұрпақ, соңыңнан әулет ерсе, Бәрі сенің тәрбиең, сенің нұсқаң. Ұл мен қыздың қызығын көру бақыт, Басқа қонған бақ құсы, алтын тақыт. Ұзақ ғұмыр, таусылмас қуат беріп, Жүз жасыңды тойлайтын болсын уақыт. Ұл, қызың, ұрпағың той бастады, Үйренерлік үлгілі жол бастады. Қарт әкенің асырып абыройын, Қалың Қима халқына ой тастады. Бұл дәстүр балалардан қалған жол деп, Той тойлап, бір қуанып қалған жөн деп. Жүрейік карт әкенің тойын жасау, Құбидың балалары салған жол деп…»
Түйіндеп айтқанда, атамыз қай жасында да өзіне деген қадір-құрметтен кенде болмаған. Бұған «Ғұбайдолла Әбдірахманұлына 80 жыл» деген атаумен шығарылған шағын кітапша, атамыз тоқсанға толғанда Жақсы аудандық «Жақсы жаршысы – Жаксынский вестник» газетінің бір бетін арнағаны, кейінгі ұрпақтарының «Менің өмірім – менің тағдырым» деген көлемді кітапты жарыққа шығаруы, ал «Қазақ елінің зиялы азаматтары» деп аталатын кітаптың ХІХ томының 57-59-беттерінде атамыз Ғұбайдолла Әбдірахманұлы туралы жазылуы осының айқын айғағы деп білемін.
Тірі болса, биылғы 12 сәуірде атамыз жүз жасқа толар еді. Кейінгі ұрпақтары «той тойлап, бір қуанып қалған жөн деп» мәре-сәре болып жатпас па едік. Алайда амал не, мәңгі жасайтын ешкім жоқ қой. Ал, біздің ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жатқанымыз ең алдымен, кешегі қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен арпалысып, Жеңіске жеткен атамыз сияқты соғыс ардагерлерінің арқасы емес пе. Олай болса, сөзімді атамыздың жиені Жанаргүл жазған «Сөнбейді ата шырағың» деген өлеңінің соңғы шумағымен аяқтамақпын: «Ардақтаймыз ата даңқын, сақтаймыз, Жақсы сөзбен мықтылығын растаймыз, Ақ жүректі, әділетті бейнесін, Мақтанышпен есімізде сақтаймыз.» Иә, Ұлы Отан соғысындағы ата-бабалар ерлігі кейінгі толқын жастар жүрегінде мәңгі сақталып қала берсін. Енді қайтып соғыс өрті тұтанбай, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, іргесі берік болсын дегім келеді.
Мөлдір ҚҰБИ,
немересі, Астана қаласы әкімдігінің бас маманы.
![]()

