Әкім – іс үстінде!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығын аралау барысында қаланың тіршілік көзін қамтамасыз ететін маңызды нысандарына барды. Қазір Көкшетауда тәулігіне 30 мың текше метр суды тазарта алатын су тазарту құрылғыларын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа тазарту нысандары пайдалануға берілгеннен кейін қала ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатта Шағалалы су қоймасы пайдаланылады. Құрылыс жұмыстарына 55 маман жұмылдырылып, 10 техника жұмыс істеуде.
«Caspian Contraction Trust» ЖШС жобасының жетекшісі Қуаныш Өтегеновтың айтуынша, бүгінде нысанда техникалық жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Жабдықтар орнатылып, ішкі және сыртқы коллекторлардың тарату құбырлары монтаждалып, кабель желілері тартылу үстінде.
Сонымен қатар, құм сүзгілерін төсеу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қазіргі таңда оның төрт қабаты төселді. Дүйсенбіден бастап бесінші қабат – антрацит төселеді. Бұдан соң, 10–15 маусым аралығында құбырлар мен резервуарларды шаю жұмыстары жүргізіліп, кейін іске қосу және реттеу кезеңі басталады.
Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, су сапасы айтарлықтай жақсарады. Әсіресе, судың мөлдірлігі артады. Бұл жобаға енгізілген түзетулердің арқасында мүмкін болып отыр. Бастапқыда сүзгілеу екі қабат кварц құмы және бір қабат антрациттің есесінен үш қабатты болады деп жоспарланған. Қазір сүзгілеу бес қабаттан яғни, төрт қабат кварц құмы және бір қабат антрациттен тұрады.
Бұдан бөлек, жоба аясында «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК-мен бірлесіп бірқатар жетілдірулер енгізілді. Диаметрі 400 миллиметр болатын құбырлардың орнына 630 миллиметр құбырлар пайдаланылды. Бұл өз кезегінде өткізу қабілетін едәуір арттырды. Сондай-ақ, болат коллектордың орнына ПНД құбырлар қолданылды. Сым қимасы 120–150 шаршы миллиметр болатын кабельдердің орнына қуаты жоғарырақ, 185 шаршы миллиметр кабельдер тартылды. Бұл электр жүйесінің сенімділігін арттырып, қызып кету қаупін азайтады.
Осылайша, жоба қазіргі техникалық талаптарға сай етіліп, едәуір жетілдірілді және белгіленген мерзімге сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Нысанда болған кезінде облыс әкімі жұмысты жеделдетіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.