Көктемгі егіс – 2025
Биылғы жылы Бәйтерек ауылындағы «Агро Крестьянский двор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ішкі нарыққа дәмді әрі сапалы екінші нан – картоп өсіріп, танымал брендтің чиптерін қайта өңдеуді жоспарлап отыр.
Бүгінде елордалықтар ақ картопты ұнатса, еліміздің оңтүстігіндегі тұрғындар қызл түсті картопты, ал, ақмолалықтар әртүрлі сорттыларын жақсы көреді екен. Мұндай қызықты фактілерді бізге аталмыш серіктестік басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары, агроном-менеджер Александр Матвиенко айтып берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жер қоры шағын, небары 1700 гектар. Қазір егіс алқаптарында тұқым себу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Агроном бос уақытында ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жұмысы туралы мәселені әлеуметтік желілерде өзінің агроблогында сауатты жүргізіп отырады.
– Биыл біз барлық алқаптарда егінді әртараптандырдық. Нәтижесінде 300 гектарға рапс, 165 гектарға жасымық, 160 гектарға зығыр, 175 гектарға арпа, 350 гектар жерге бірінші рет күнбағыс отырғыздық. Сондай-ақ, 164 гектар егістік жерге картоп отырғызылса, оның 80 гектары голландиялық «Леди Клэр» сорты. Ол картоп өнімдерін өңдеуге өте жарамды. Одан бөлек, 70 гектар алқапты картоптың қызыл, сары түсті асханалық өнімдері алып жатыр. Оны күз және қыс айларында ішкі нарыққа сатуды жоспарлап отырмыз, – дейді Александр Матвиенко.
Шаруашылық картоптың бұл өнімді сорттарын Ресей мен Еуропадан сатып алады. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметкерлері ауа райының әрбір қолайлы күнін тиімді пайдалануда. Бұл күндері егіс алқаптарында төрт трактор жұмыс істейді. Олардың бірі минералды тыңайтқыштар сепсе, бірі топырақ өңдейді, екіншісі тіркемелі картоп отырғызғышпен тұқым себеді.
– Егін егу, оны өсіру мен төкпей-шашпай жинап алу – маңызды міндет. Ал, ең бастысы, картопты келесі жылға дейін сақтау. Күзгі өнім ысырапқа жол берілмеуі үшін сыйымдылығы 6,5 мың тонна болатын екі көкөніс сақтау қоймасына мұқият сұрыпталған күйінде сақтауға жіберіледі, – деп нақтылайды өз сөзін Александр Матвиенко.
Серіктестік автоматты желдету жүйесіне үлкен көңіл бөледі. Өткен жылы 38 тоннаға жуық асханалық картоп сақталса, биыл мұнда картоп чипсы да сақталатын болады.
Кәсіпорында жақын маңдағы ауылдардан 43 жұмысшы жұмыс істейді, сұрыптауға жергілікті ауыл тұрғындарынан қосымша күштер тартылуда. Кадр мәселесінің жетіспеушілігі деген жоқ, қызметкерлердің орташа жасы 30 жас, барлығы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Орташа жалақы 150-ден 200 мың теңгеге дейін, ал, көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде айтарлықтай жоғары болады.
«Агро Крестянский двор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Биыл олар «Кең дала — 2» бағдарламасы бойынша дизельдік отын мен құрал-жабдықтардың қосалқы бөлшектері шығындарын жабу үшін қаржыландыруды күтуде.
Көктемгі егіске дейін шаруашылық Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өз өнімдерін сатып, барлық қоймаларды босатқан. Картопты өздері экспорттамайды, өйткені, келісіп сауда компаниялары сатып алады. Енді олар келісім-шарт бойынша Новосібір қаласындағы «PepsiCo» зауытына жөнелту үшін жаңа мол өнімді күтуде. Ал, келесі жылы еліміздің оңтүстігінде салынып жатқан картоп чипсыларын шығаратын зауытты жергілікті картоппен қамтамасыз етуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
Зеренді ауданы.
![]()

